Sunlit valley with evergreen trees, a red tent, a blue lake, and snow-capped mountains.

Климат туралы: білім мен шешімдер

Климаттың өзгеруі — заманауи әлемдегі ең өзекті сын-қатерлердің бірі. Сонымен қатар, бұл әділетті, таза әрі орнықты болашақ құруға мүмкіндік.

Бұл парақшада климаттық дағдарысқа қарсы Қазақстанда БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) аясында жүзеге асырылып жатқан негізгі бастамалар, талдамалық материалдар мен нақты іс-шаралар топтастырылған.

Ұлттық стратегиялар мен халықаралық міндеттемелерден бастап жергілікті қоғамдастықтар деңгейіндегі бейімделу әрекеттері мен «жасыл» қаржыландыру саласындағы инновацияларға дейін — Қазақстанның климаттық іс-қимылды орнықты даму күн тәртібіне қалай біріктіріп жатқаны туралы толығырақ біліңіз. Елдің төмен көміртекті және климатқа төзімді болашаққа бағыт алған жолын көрсететін нақты оқиғалармен, деректермен және ресурстармен танысыңыз.

Сіз — мемлекеттік орган өкілі, серіктес, зерттеуші, журналист немесе жай ғана белсенді азамат болсаңыз да — қош келдіңіз. Жерімізді бірге қорғайық! #АдамдарҮшінҒаламшарҮшін

Климат туралы білім жолындағы сапарымызды бірге бастайық!

Three riders on horseback stand in a lush green forest with tall trees.

    Ауа райы белгілі бір уақыттағы және белгілі бір жердегі атмосфералық жағдайды білдіреді, мысалы: температура, ылғалдылық, жауын-шашын, бұлттылық, жел, көріну. Ауа райы жағдайлары өздігінен пайда болмайды, олар толқындық әсерге ие. Бір аймақтағы ауа райы міндетті түрде жүздеген немесе мыңдаған шақырымдағы ауа райына әсер етеді.

    Климат – нақты бір аймақтағы ұзақ уақыт ішіндегі, әдетте 30 немесе одан да көп жыл ішіндегі ауа райы жағдайының орташа мәні. Климат климаттық жүйенің жалпы жағдайын көрсетеді.

    Өнеркәсіптік дәуірдегі, әсіресе өткен жүзжылдықтағы адамның іс-әрекеті атмосфераға зиянды парниктік газдар шығарылуы салдарынан ғаламшарымыздың климатын айтарлықтай өзгертіп жатыр.

    Парниктік газдар – планетамыздың атмосферасында күннің жылуын қармап, оны жылы күйде ұстап тұртын газдар. Индустриалды дәуірдің басынан бері адамның іс-әрекеті жаһандық жылыну мен климаттың өзгеруіне әкелетін парниктік газдардың қауіпті деңгейде шығарылуына әкеп соқты.

    Адамның іс-әрекеті нәтижесінде бөлінетін негізгі парниктік газдар қатарына көмірқышқыл газы, метан және азот оксиді, сонымен қатар тоңазыту және мұздату үшін қолданылатын құрамында фтор бар газдар жатады. Көмірқышқыл газы адамның іс-әрекетінен, әсіресе қазба отындарын жағудан, ормандарды кесуден және жер пайдалану әдістерін өзгертуден туындайтын негізгі парниктік газ болып табылады. Біздің қазба отынға тәуелділігіміз соңғы 200 жылда атмосферадағы көмірқышқыл газының 50 пайызға артуына әкелді. Метан — жаһандық жылынудың 25 пайызына жауапты тағы бір маңызды парниктік газ. Метан көмірді, газды және мұнайды өндіру және тасымалдау кезінде, сондай-ақ қоқыс үйінділерінде, ауыл шаруашылығын жүргізу нәтижесінде бөлінеді.

    Климаттың апат тудыратын өзгерістерінің алдын алу үшін әлем елдерінің үкіметтері парниктік газдардың шығарындылары көлемін айтарлықтай қысқарту үшін және жаһандық жылынуды 1,5°С құрайтын қауіпті көрсеткіштен төмен ұстау үшін бірлесіп әрекет етуі керек.

    Жаһандық жылыну – атмосферада парниктік газдар концентрациясының артуы нәтижесінде Жер бетіндегі орташа температураның көтерілуі. Әлгі газдар күн сәулесін көбірек сіңіреді және көбірек жылу ұстап тұрады, осылайша ғаламшар бетін қыздырады. Қазба отынды жағу, ормандарды отау және мал шаруашылығы сияқты адамның іс-әрекеттері парниктік газдар шығарылуына және жаһандық жылынуға ықпал етеді.

    Климаттың өзгеруі атмосфераның, мұхиттың және құрлықтың қызуына әкелетін Жер климатының ұзақ мерзімді өзгерістерін білдіреді. Климаттың өзгеруі тіршілік пен биоалуандылықты сақтап тұратын экожүйелердің тепе-теңдігіне және адамның денсаулығына әсер етеді. Ол сондай-ақ күшті және/немесе жиі дауыл тұру, су тасқыны, аптап ыстық және құрғақшылық сияқты алапат ауа райы құбылыстарының туындауына себепші болады, сонымен қатар мұхиттардың жылынуы, мұздықтардың еруі және мұз қалқандардың жойылуы салдарынан теңіз деңгейінің көтерілуіне және жағалау эрозиясына әкеледі.

    Климаттық дағдарыс ғаламшардағы климаттың өзгеруінен, соның ішінде төтенше ауа райы құбылыстары мен қауіп-қатерлер, мұхиттардың қышқылдануы және теңіз деңгейінің көтерілуі, биоалуандылықтың жоғалуы, азық-түлік пен су қауіпсіздігінің жоқтығы, денсаулыққа төнетін қауіп-қатерлер, ауыр экономикалық оқиғалар, халықтың қоныс аударуы, тіпті зорлық-зомбылықшыл қақтығыстар сияқты жайттардан туындаған немесе туындауы мүмкін күрделі мәселелерді білдіреді.

    1800-ші жылдардан бастап адамның іс-әрекеті Жердегі орташа температураны шамамен 1,2 ° C-қа көтерілуіне себепші болды – бұл ретте жылынудың үштен екісінен астамы 1975 жылдан бері басталған. Бұл қазірдің өзінде әлемнің көптеген жерлерінде адамзат пен табиғи экожүйелерге айтарлықтай зиян келтіріп жатыр. 3 миллиардтан астам адам климаттық дағдарысқа аса ұрымтал жерлерде тұрады, ал табысы төмен елдер шектен тыс зардап шегіп жатыр.

    Ғалымдар температураның 1,5 °C-тан жоғары көтерілуі көптеген өзгерістердің бетін қайтару мүмкін болмайтын бірқатар қауіпті бетбұрысты оқиғаларға әкеледі және адамзат өркениетіне елеулі қатер төндіреді деп санайды. Сондықтан үкіметтер парниктік газдар шығарындыларын түбегейлі қысқарту және алдағы онжылдықтарда таза нөлдік шығарындылар деңгейіне жетуге бағыт алу, климаттық өзгерістердің қашып құтылмас салдарына бейімделуге инвестиция салу, сонымен қатар планета тәуелді табиғи экожүйелер мен биомдарды қорғау және қалпына келтіру үшін дәл қазір әрекет етуі тиіс.

    Бейімделу – төтенше ауа райы құбылыстары мен қауіп-қатерлер, теңіз деңгейінің көтерілуі, биоалуандылықтың жоғалуы немесе азық-түлік пен су қауіпсіздігінің жоқтығы сияқты климат өзгерістерінің ағымдағы немесе күтілетін салдарына ұрымталдықты азайтуға көмектесетін іс-әрекеттер.

    Парниктік газдар шығарындыларын айтарлықтай және жылдам қысқартуға қол жеткізетін өте жағымды сценарийдің өзінде жүйеде тұралап қалған энергияның салдарынан климаттың өзгеруі ондаған жыл бойы біздің әлемге әсер етуін жалғастыра береді. Соның салдарын шектеу және адамдар мен табиғатты қорғау үшін кеңінен бейімделу қажет деген сөз.

    Көптеген бейімдеу шаралары жергілікті деңгейде жүргізілуі керек, сондықтан ауылдар мен қалалар үлкен рөл атқарады. Мұндай шараларға құрғақшылыққа төзімдірек ауыл шаруашылығы дақылдарының түрлерін отырғызу, регенеративті ауыл шаруашылығымен айналысу, суды сақтау мен пайдалануды жақсарту, орман өрттерінің қаупін азайту үшін жер ресурстарын басқару, су тасқыны және ауа температурасының шектен тыс жоғарылауы сияқты төтенше ауа райы жағдайларынан күштірек қорғану кіреді.

    Алайда бейімделу ұлттық және халықаралық деңгейде де жүргізілуі керек. Бейімделуді басқару үшін қажетті саясатты әзірлеумен қатар үкіметтер теңіз деңгейінің көтерілуінен зардап шеккен жағалаудағы аудандардағы инфрақұрылымды нығайту немесе көшіру, төтенше ауа райы жағдайларына төтеп бере алатын инфрақұрылым салу, ерте хабарлау жүйелерін жетілдіру, апаттар туралы ақпаратқа қол жеткізу, климатпен байланысты қауіптерден сақтандыру механизмдерін әзірлеу, жабайы табиғат пен табиғи экожүйелерді қорғаудың жаңа құралдарын жасау сияқты ауқымды шараларды қарастыруы керек.

    Салдарды жеңілдету – парниктік газдардың шығарындыларын азайту немесе болдырмау үшін немесе сол газдарды атмосферадан кетіретін көміртек сіңіргіштерді жетілдіру үшін үкіметтер, кәсіпорындар және адамдар жасайтын кез келген іс-әрекет.

    Парниктік газдар шығарындыларын азайтуға немесе алдын алуға жел және күн энергиясы сияқты жаңғырмалы энергия көздеріне көшу, энергияны тиімдірек пайдалану, төмен көміртекті немесе көміртексіз көлік құралдарын енгізу, тұрақты ауыл шаруашылығы мен жерді пайдалануға септесу, сондай-ақ өндіріс пен тұтыну модельдерін, тамақтану рационын өзгерту арқылы қол жеткізуге болады. Көміртек сіңіргіштерді ормандарды, сулы-батпақты және батпақтанған жерлерді қалпына келтіру, топырақтың саулығын сақтау, құрлықтағы және теңіздегі экожүйелерді қорғау арқылы жетілдіруге болады.

    Салдарды жеңілдету шараларының сәтті болуы үшін елдердің заңнама, саясат және инвестиция арқылы қолайлы жағдай жасауы маңызды.

    Мұны білесіз бе: Париж келісімінің басты мақсаты болып табылатын жаһандық жылынуды 1,5°C-қа дейін шектеу үшін әлем 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 45 пайызға қысқарту және осы ғасырдың ортасына қарай парниктік газдар шығарындыларын нөлге жеткізу үшін климаттың өзгеруінің салдарын жеңілдету шараларын қолдануы керек. 

     

    Блогтар

     

    Мақалалар

     

    Бейнематериалдар

     

    Зерттеулер

     

    1,5С подкасты

    Жарияланымдар