Теңдікке жол: Қазақстан энергетикасындағы гендерлік кедергілерді еңсеру

2024 ж. 25 January

Күн электр станциясының жобасын іске асыруға субсидия алған ЖШС директоры Әсем Жылқыбаева

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Махмуд Мирзаев

Қазіргі кезде Қазақстанның энергетикалық секторында ерлер өкілдігі жоғары. Әйелдер басты лауазымдарда, әсіресе басшылық деңгейде және техникалық мамандықтарда бірең-сараң. Соңғы статистикаға сәйкес, әйелдердің жартысынан көбі (53%) электр энергетикасы саласында біліктілігі төмен лауазымдарда жұмыс істейді.Басқарушылық позициялар мен техникалық лауазымдардағы әйелдердің үлесі сәйкесінше 16 және 19 пайызды құрайды. Бұл теңсіздік осы саладағы гендерлік саясатқа неғұрлым теңдестірілген көзқарастың қажеттілігін көрсетеді. 
БҰҰ Даму Бағдарламасының «Қазақстандағы жаңартылатын энергетика секторындағы гендерлік теңгерім: мәртебе, проблемалар мен шешімдер» есебі осы алшақтықты баса көрсетеді және жағдайды өзгерту үшін іс-қимылдарға шақырады. БҰҰДБ сарапшылары Қазақстанның энергетикалық секторындағы гендерлік теңгерімнің ағымдағы жай-күйіне зерттеу жүргізді, әйелдердің осы салаға төмен қызығушылығына әсер ететін негізгі факторларды қарастырды және сектордағы гендерлік теңгерімді жақсарту үшін бірқатар ұсынымдар берді. 

Зерттеулер, жаһандық контекст және әйелдердің рөлі 

2019 жылы «Kazenergy» және Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) жүргізген Қазақстанның энергетика секторындағы әйелдердің рөлін кешенді зерттеу деректері гендерлік теңгерімсіздікті көрсетті. Зерттеу нәтижелері бойынша әйелдер саланың барлық кіші секторларында, соның ішінде мұнай мен газ, электр энергетикасы, көмір өндіру және жаңартылатын энергия көздерінде айтарлықтай аз ұсынылған. 2016 – 2019 жылдар аралығында әйелдер энергетика секторының барлық жұмыс күшінің орташа есеппен 25 пайызын құрады.

Секторлар бойынша әйелдердің үлесі

Дереккөз: Kazenergy (2019)

2022 жылғы Жаңартылатын энергия көздері жөніндегі халықаралық агенттіктің (IRENA) есебінің деректері жаһандық тұрғыдан күн энергетикасында әйелдер жұмыс күшінің 40 пайызын құрайтынын көрсетеді, бұл мұнай-газ секторына қарағанда (22%) едәуір жоғары; сонымен қатар, жел энергетикасында әйелдердің үлесі небәрі 21 пайызды құрайды. Сондай-ақ, есепте әйелдер күн энергиясының өндіріс сегментінде ерекше белсенді (47%), бірақ күн фотоэлектрлік жүйелерін орнатуға аз қатысатындығын (12%) айқындады.  Бұл деректер әйелдердің таза энергияға қатысуының жоғары әлеуетін көрсетеді.

Мұнай мен газ, жалпы жаңартылатын қуат көздері, жел, күн энергиясы салалары бойынша әйелдер үлесі

Дереккөз: IRENA (2019)

Білім мен саладағы гендерлік теңгерімсіздік

2022 жылы Қазақстанда кәсіптік оқыту саласындағы гендерлік бөлініс контекстінде студенттердің 10 пайыздан азы энергетикамен байланысты білім беру бағдарламаларында тіркелді. Бұл әйелдер аудиториясының энергетикалық пәндерге, соның ішінде жаңартылатын энергия көздеріне (ЖЭК) және STEM-ге деген шектеулі қызығушылығын көрсетеді. Сонымен қатар, әйелдер 2022 жылы әйелдердің үлесі 75 пайызды құрайтын медицина және фармацевтика мамандықтарына, сондай-ақ білімге (71%), өнер мен мәдениетке (69%), қызмет көрсету саласына, экономика мен басқаруға (65,5%), метеорологияға (64%) және құқыққа (41,4%) көбінесе басымдық береді.

Мамандықтар топтары бойынша техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың салалар бойынша үлесі (2021/2022 оқу жылының бастапқы кезінде)

Дереккөз: Ұлттық статистика бюросы (2021)

Қазақстанда көмір өндіруді, мұнай өндіруді және энергетиканы қоса алғанда, энергетика секторларында жұмыс күшін гендерлік бөлуге қатысты елеулі гендерлік теңгерімсіздік байқалады. 2010 – 2020 жылдар аралығында энергетика секторындағы басшылар арасында да, жұмыс күшінің жалпы санында да әйелдердің қатысуы төмендеді. Сонымен қатар, бұл салалардағы әйелдер негізінен төмен білікті және бейінді емес лауазымдарда. Көмір өндіру, мұнай өндіру және энергетика салаларында әйелдер жұмыс күшінің үлесі ерлерге қарағанда жоғары екендігін, бірақ бұл негізінен біліктілігі жоқ позицияларға қатысты екендігін де айта кету керек.

Қазақстандағы энергетика саласындағы әйелдер жұмыс күшінің лауазым бойынша үлесі (2010-2020)

Дереккөз: Қазақстан Республикасының Экономика министрлігі (2020); Atakhanova and Howie (2022)

Кедергілерді еңсеру және гендерлік теңдікті арттыру 

Қазақстан гендерлік теңдік қағидаттарына бейілділігін көрсетеді, бұл әйелдер мен ерлер үшін тең еңбек жағдайларын жасаудағы елеулі өзгерістермен расталады. Мәселен, 2021 жылы еңбек саласындағы кемсітушілікті жою жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру шеңберінде еліміздің Еңбек кодексінен әйелдерге тыйым салынған кәсіптердің тізімі алып тасталды. Бұл шешім бұрын тек ерлер үшін және әйелдерге қатысты жарамсыз деп саналатын 219 кәсіп пен жұмыс түріне қол жеткізуге мүмкіндік берді, бұл жұмысқа орналасудағы гендерлік кедергілерді жоюдың маңызды қадамы болды. 

БҰҰДБ есебіне сәйкес Қазақстандағы әйелдердің жасыл экономикада немесе энергетикада өзін танытуына кедергі келтіретін негізгі кедергілер ақпарат пен нарықтарға қолжетімділіктің шектелуі, қаржылық және заңдық сауаттылықтың әлсіздігі, қоғамда қалыптасқан таптаурындар мен алалаушылықтар болып табылады.

Алайда, Жаңартылатын энергия көздері жөніндегі халықаралық агенттіктің (IRENA) деректері бойынша пәнаралық аспектінің арқасында жаңартылатын энергия саласы әйелдерді қызықтырады және өндіріс тізбегінің әртүрлі сегменттерінде кең мүмкіндіктер ашады. Осы мүмкіндіктерді жүзеге асыру үшін қажетті дағдылардың көпшілігін жергілікті түрде дамытуға болады, ал әйелдер жеткізуді еркін басқара алады және жаңартылатын энергияға негізделген автономды жүйелерді жеткізуді қаматамасыз ете алады.

Қазақстанда шағын және орта бизнес өкілдерін, оның ішінде кәсіпкер әйелдерді қаржылай қолдау және олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту үшін тетіктер мен құралдар енгізілді. Мысалы, Қазақстандағы БҰҰДБ және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры жасыл жобаларды дамытуға жәрдемдесуге және ынталандыруға бағытталған келісімге қол қойды. Енді жаңартылатын энергетика саласындағы жобаларды іске асыратын кәсіпкерлер өз идеяларын іске асыру үшін қаржылық қолдау ала алады. 

Ұсынымдар 

Қазақстанның энергетика саласындағы гендерлік теңдікті қамтамасыз ету үшін әйелдердің белсенді қатысуы үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған күш-жігерді үйлестіру қажет. Есеп шеңберінде БҰҰДБ сарапшылары жүргізген кешенді зерттеудің нәтижелері білім беруге, заңнамаға және ЖЭК саласындағы гендерлік теңгерімді жақсартуға қатысты бірқатар ұсынымдарды әзірлеуге алып келді. 

Негізгі ұсыныстарға ЖЭК секторындағы, оның ішінде үй шаруашылықтары деңгейіндегі жұмыспен қамту мәселелерін талдау үшін деректер жинау және зерттеулер жүргізу; ЖЭК саласындағы техникалық мамандықтар бойынша оқитын әйелдерге арнайы стипендиялар беру; әйелдерді қолдау үшін білім беру мекемелері мен сала өкілдері арасында серіктестіктер құру; сондай-ақ гендерлік аспектілерді ескере отырып, мемлекеттік саясатты күшейту кіреді. 

«Қазақстандағы жаңартылатын энергетика секторындағы гендерлік теңгерім: мәртебе, проблемалар мен шешімдер» есебінің толық нұсқасы осы жерде қолжетімді.