Климат пен энергетика қалай байланысты?
2026 ж. 26 January
Халықаралық таза энергия күні - климат пен энергетиканың өзара байланысы туралы ойланудың тағы бір себебі. Көбінесе климатқа энергетика әсер ететіндей көрінеді, керісінше емес. Біз бұл саланы табиғаттың құбылмалы мінезінен қорғалған, қуатты сала ретінде қабылдап үйренгенбіз. Бірақ, шын мәнінде, ол барған сайын осал бола түсуде. Қатты желдер, дауылдар, аяз, аптаған ыстық, нөсер жауындар мен құрғақшылық — мұның барлығы электр станцияларына зиян келтіріп, электр беру желілерін үзіп, қосалқы станциялар мен су электр станцияларын істен шығаруы мүмкін.
Қыстың қақ ортасында үйіңізде жылыту жүйесінің кенеттен өшіп қалғанын елестетіп көріңізші. Немесе жазда аптаған ыстық электр желілеріне шамадан тыс жүктеме түсіріп, үйлерді, ауруханалар мен мектептерді жарықсыз қалдырса ше. Мұндай жағдайлар қазірдің өзінде шындыққа айналып, бүкіл әлем бойынша апаттарға, электрмен жабдықтаудың үзілуіне және миллиардтаған экономикалық шығындарға жиі әкелуде.
Басқа елдердегі мысалдарды қарастырып көрейік:
2021 жылы Техаста орын алған аномальды аяз энергетикалық жүйені істен шығарды. Жабдық қатып қалып, 4 миллион үй шаруашылығы электр қуатынсыз қалды.
Франция мен Германияда аптаған ыстық АЭС пен ЖЭС-ті салқындататын өзендердің қызып кетуіне алып келді. Бұл энергия өндірісін 30% төмендетіп, оның өзіндік құнын арттырды.
Қытайда Хайнань провинциясында күшті нөсер жаңбыр қосалқы станцияларын сумен басып, метро мен зауыттардың жұмысын тоқтатты.
Альпі мен Гималайда мұздықтардың еруі гидроэлектростанциялардың жұмысына әсерін тигізуде. Бастапқыда, су деңгейі артып, инфрақұрылымның бұзылуына әкеп соғуы мүмкін, бірақ кейін керісінше, азайып, электр энергиясының үзілу қаупін тудырады.
Бұл болашақ үшін маңызды сынақ, ал бейімделу шаралары болмаса, залал тек арта береді. Жақсы жаңалық – бізде дайындалуға мүмкіндік бар.
ЭЫДҰ-ның "Климаттық тұрақты болашаққа арналған инфрақұрылым" баяндамасына сәйкес, мақсатты және уақытылы инвестициялар өмір мен күнкөрісті қорғауға, қызмет көрсету сенімділігін арттыруға, техникалық қызмет көрсету шығындарын азайтуға, активтердің қызмет ету мерзімін ұзартуға және қосымша пайда әкелуге көмектеседі. Климатқа төзімді инфрақұрылымға салынған әр доллар шамамен төрт доллар пайда әкеледі.
Қазақстанда жүздеген мың шақырым электр беру желілері дала, таулар, су тасқыны қаупі бар аудандар арқылы өтеді. БҰҰДБ бағалауы бойынша, біздің еліміз қазірдің өзінде аптаған ыстық пен қатты аяздардың, қатты нөсер мен су тасқынының, желдің күшеюінің, өзен ағынының өзгеруінің және мұздықтардың еруінің артуымен бетпе-бет келіп отыр.
Еліміздің Ұлттық бейімделу жоспарын дайындау шеңберінде Қазақстанда БҰҰДБ жүргізген экономикалық модельдеу нәтижелері 2050 жылға қарай шығындардың шамамен 400 млрд теңгені, ал 2100 жылға қарай 66,9 трлн теңгені құрауы мүмкін екенін көрсетуде. Мұндай сандар энергетиканың климаттық бейімделудің маңызды бөлігі болып табылатынына күмән тудырмайды. БҰҰДБ сарапшылары климаттың өзгеруінің энергетикалық инфрақұрылымға, атап айтқанда, электр желілеріне әсерін талдап, бейімделу жағдайды айтарлықтай өзгерте алады деген қорытындыға келді.
Электр желілерін жаңғырту, жел мен ыстыққа төзімді материалдарды пайдалану, осал аймақтарда жерасты кабельдерін төсеу, "ақылды желілер" және апаттарды бақылау жүйелері сияқты климатқа төзімді шараларды енгізу — нақты экономикалық пайда әкеледі. 2100 жылға қарай 2,9 трлн теңге инвестициялау кезінде ықтимал үнемдеу апаттар мен үзілістердің алдын алу есебінен 2,1 трлн теңгені құрайды. Пайда шығындарды толығымен өтемесе де, бұл инвестициялардың стратегиялық мәні орасан зор: олар энергиямен жабдықтаудың сенімділігін арттырады, апаттардың жиілігін азайтады, өнеркәсіп, көлік және әлеуметтік сала үшін ауқымды жанама шығындардың алдын алады.
Электр желілерін бейімдеу – бұл елдің энергетикалық және экономикалық қауіпсіздігіне салынатын ұзақ мерзімді инвестиция, бұл ретте, бейімделу шаралары бүкіл сектор үшін маңызды міндет болып табылады. Қазақстан үшін бейімделу шараларының ішінде мыналарды:
ауа райы жүктемелеріне төзімді материалдарды пайдалана отырып, электр беру желілерін жаңғыртуды;
осал аймақтарда жерасты және оқшауланған кабельдерді төсеуді;
"ақылды желілерді" және ауа райы мен апаттарды мониторингтеу жүйелерін дамытуды;
қосалқы станцияларды су басудан және қызып кетуден қорғауды;
энергия көздерін әртараптандыру және жаңартылатын генерацияны дамытуды атап өткен жөн.
Таза энергия — бұл шығарындыларды азайту туралы ғана емес, сонымен қатар климаттық тәуекелдерге төзімділік туралы. Халықаралық таза энергия күнінде тұрақтылықты есте сақтаған өте маңызды — бұл адамдарға, олардың қауіпсіздігіне, жайлылығына және еліміздің болашағына қамқорлық жасау болып табылады.