Таза ауа шешімдерден басталады

2026 ж. 7 September
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Алексей Мальченко

Біз тыныс алатын ауа адам денсаулығына, қоршаған ортаның жағдайына және өмір сапасына тікелей әсерін тигізеді. 7 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясы жариялаған Халықаралық таза ауа күні атап өтіледі, бұл — ауаны таза ұстауға ықпал ететін шешімдерге тағы бір рет назар аударуға жақсы себеп болып табылады.

Климаттың өзгеруі, биоалуантүрліліктің азаюы және қоршаған ортаның ластануы салдарынан туындаған жаһандық дағдарыс кезінде ауаның ластануы ең өзекті мәселелердің бірі болып қала береді. Халықаралық зерттеулер ауаның ластануы өкпенің созылмалы ауруларының, инсульттің, жүректің ишемиялық ауруы мен өкпе обырының даму қаупін арттыратынын дәлелдеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, ауаның ластануы жыл сайын әлем бойынша шамамен 7 миллион адамның өліміне себеп болады.

Қазақстан үшін бұл мәселе айрықша өзекті. Ауаның ластануы, әсіресе ірі қалаларда, негізгі экологиялық мәселелердің бірі болып қала береді. Ауаның ластану деңгейі бойынша IQAir жаһандық рейтингіне сай, 2025 жылы Қазақстан 143 елдің ішінде 27–29-орындарды иеленді. Елдегі PM2.5 бөлшектерінің орташа концентрациясы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған ауа сапасының көрсеткішінен шамамен бес есе жоғары.

Үй шаруашылықтарында көмір жағу — Қазақстандағы ауаның ластану деңгейінің жоғары болуына себеп болып отырған негізгі факторлардың бірі. Қазақстандағы үй шаруашылықтарының жартысына жуығы әлі де автономды жылыту жүйелерін пайдаланады. Ауылдық жерлерде жағдай бұдан да күрделі: үй шаруашылықтарының 80 пайызы үйлерін автономды жылыту жүйелері арқылы жылытады, ал небәрі 19 пайызы орталықтандырылған жылу желілеріне қосылған.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Марал Рахымжанова

Сарапшылардың пікірінше, парниктік газдардың шығарындыларын азайту басқа да зиянды шығарындылардың қысқаруына автоматты түрде ықпалын тигізеді. Егер еліміздегі үй шаруашылықтарының 5–10 пайызына күн панельдері орнатылса, бұл қуаты 500–1000 МВт болатын ірі жылу электр станциясын салумен тең әсерін береді.

Сондықтан ауаның сапасын жақсартумен қатар, парниктік газдар шығарындыларын азайтатын шешімдерді іздеу Қазақстанның экологиялық саясатының негізгі бағыттарының біріне айналып отыр.

БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) Қазақстан Үкіметіне климаттық міндеттемелерін орындауда белсенді қолдау көрсетіп, жеке және халықаралық инвестицияларды тартуға мүмкіндік беретін механизмдерді ұсынады. БҰҰДБ ұзақ мерзімді экологиялық өзгерістерге қол жеткізу үшін мемлекеттік органдарды, бизнесті, ғылыми қауымдастықты және халықаралық серіктестерді біріктіре отырып, кешенді шешімдерді енгізуге көмек көрсетеді.

Осындай мысалдардың бірі — Алматыдағы ауа сапасын жақсарту жолындағы бірлескен жұмыс болып табылады. Нәтижесінде, қалалық инфрақұрылымды түбегейлі өзгертуге бағытталған, оның ішінде көлік жүйесі, энергиямен жабдықтау және қалдықтарды кәдеге жарату салаларын қамтитын ұсынымдар әзірленді. Азаматтық қоғам мен жергілікті белсенділердің күш-жігерінің арқасында қалада ауаның ластануын тұрақты бақылау және ашық әрі қолжетімді деректер базасын қалыптастыру қажеттілігі туралы түсінік артып келеді.

Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануға көшу тек ірі кәсіпорындар үшін ғана емес, ауыл шаруашылығы саласы үшін де өзекті міндетке айналып отыр. Бүгінгі таңда Қазақстанның бірнеше өңірінде фермерлер мен кәсіпкерлер биомасса қазандықтары мен күн электр станцияларын пайдаланып, энергия шығындарын азайтып, шығарындылар көлемін төмендетіп отыр.

Осындай шешімдердің тиімділігін БҰҰДБ жүзеге асырған пилоттық жобалар да дәлелдеп отыр. Осылайша, Бескөл ауылындағы мектеп-колледжге биомасса қазандығын орнату жылытуға жұмсалатын шығындарды шамамен 80 пайызға азайтып, жыл сайынғы CO₂ шығарындыларын шамамен 900 тоннаға қысқартуға мүмкіндік берді.

 

Бүгінгі таңда жаңартылатын энергетика технологиялары — күн электр станциялары, биомасса қазандықтары, сондай-ақ пеллеттер мен отын брикеттерін пайдалану — Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарындағы шағын және орта бизнес нысандарында қолданысқа енгізілуде.

Таза ауа — бүгінгі таңда қабылданатын ұзақ мерзімді шешімдердің нәтижесі. Таза энергетиканы, тұрақты инфрақұрылымды және заманауи технологияларды дамыту ауаның ластануын азайтып, қоршаған ортаны адамдар үшін қауіпсіз етуге мүмкіндік береді.