Қазақстан табиғи аумақтардағы туристік ағынды басқаруды үйреніп жатыр
2026 ж. 28 September
«Әншіқұм» - «Алтын-Емел» ұлттық табиғи паркіндегі ең көп баратын табиғи нысандардың бірі.
Қазақстанда табиғат аясында демалып, саяхаттайтын адамдардың саны жыл сайын артып келеді. Таулы көлдер, шатқалдар, ормандар мен басқа да көрікті орындары бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар (ЕҚТА) туристер арасында барған сайын танымал болуда. Алайда келушілер көбейген сайын экожүйелерге түсетін қысым да артады. Осы орайда табиғи нысандарды көпшілікке қолжетімді етіп, олардың табиғи тепе-теңдігін қалай сақтауға болады деген мәселе туындайды.
Жылы маусымда ұлттық парктерге келушілер саны айтарлықтай артады. Соның салдарынан кіреберістерде көліктер кезегі көбейіп, танымал соқпақтарда туристер легі тығыздала түседі. Ал бақылау алаңдарына бір уақытта бірнеше туристік топ жиналады.
Сайрам-Өгем ұлттық паркіндегі «Сайрамсу аңыздары» тау маршрутымен саяхаттап жүрген туристер тобы.
Келушілер санының артып келе жатқаны статистикадан да көрінеді. 2023 жылы Қазақстанның ұлттық табиғи парктеріне 2,4 миллионнан астам адам барса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 3,7 миллионға жеткен. Ал 2026 жылдың алғашқы алты айында ұлттық парктерге 1,7 миллион адам келген.
Туристердің басым бөлігі елдегі ең танымал бірнеше ұлттық паркке шоғырланады. Мысалы, 2025 жылдың алғашқы жеті айында «Бурабай» ұлттық паркіне 600,000 астам турист келген. Іле-Алатауы ұлттық паркіне 500,000 астам, ал «Көлсай көлдері» ұлттық паркіне 350,000 астам адам барған.
Бір қарағанда, мұндай туристер санын қабылдауға ұлттық парктердің аумағы жеткілікті сияқты көрінуі мүмкін. Себебі олардың жер көлемі ондаған, тіпті жүздеген мың гектарды алып жатыр. Алайда туристер табиғи аумақтарға біркелкі таралмайды. Көпшілік бірдей көлдерге, шатқалдарға, танымал соқпақтар мен бақылау алаңдарына барады.
Сондықтан мәселе ұлттық парктің жалпы қанша турист қабылдай алатынында ғана емес. Ең маңыздысы- әр маршрут пен табиғи нысанға қанша адам қауіпсіз бара алатынын және келушілер саны артқан сайын табиғатқа қалай әсер ететінін түсіну.
Төменгі Көлсай көлі. «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркі.
Мәселе тек туристер санында емес
Қорғалатын табиғи аумаққа түсетін жүктемені тек оның көлеміне қарап бағалау жеткіліксіз. Бір гектарға шаққандағы келушілер саны нақты бір маршрутқа немесе табиғи нысанға түсетін жүктемені толық көрсете алмайды.
Ұлттық парктің көп бөлігіне адам аз баруы мүмкін. Бірақ кейбір танымал соқпақтар мен орындарға келушілер тым көп жиналады. Соның салдарынан кіреберістерде көлік көбейіп, адамдар жаңа, рұқсат етілмеген соқпақтармен жүре бастайды. Өсімдіктер тапталып, топырақ бүлінеді.
Сондықтан Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) қолдауымен рекреациялық жүктемені анықтау әдістемесін әзірледі. Ол бейімделмелі басқару қағидатына негізделген. Яғни табиғи аумақтың жағдайы үнемі бақылауда болып, қажет болған жағдайда қабылданатын шешімдер соған қарай өзгертіледі.
ҚазҰУ-дың рекреациялық география және туризм кафедрасының доценті, әдістемені әзірлеушілердің бірі Александр Артемьевтің айтуынша, бұл тәсіл халықаралық тәжірибеге негізделген.
«Бұл тәсіл Орталық Еуропа мен АҚШ- тағы ұлттық парктерде қолданылатын тәжірибеге ұқсайды. Онда да табиғи аумақтың жағдайын үнемі бақылап, соған қарай басқару шешімдерін өзгертіп отыруға басымдық беріледі. Алайда әр аумақтың табиғи ерекшелігі мен келушілер ағыны әртүрлі болғандықтан, барлық жерге бірдей қолданылатын әмбебап шешім жоқ»,- дейді Артемьев.
Есеп бір рет жасалмайды. Алғашқы бағалаудан кейін аумақтың жағдайын үнемі бақылап отыру қажет.
«Бұл - бастапқы зерттеу жүргізуге мүмкіндік беретін құрал. Одан кейін мониторингке үлкен мән беріледі. Яғни аумақты тұрақты бақылап, деректерді жинау және талдау қажет. Қажет болған жағдайда жедел шаралар қабылданбаса, бұл жүйе тиімді жұмыс істемейді»,- деп атап өтті Александр Артемьев.
Александр Артемьев Қазақстандағы тұрақты туризм саласындағы тәжірибені көп жылдан бері зерттеп келеді.
Әрбір соқпақтың өз сыйымдылық шегі бар
Нақты бір маршрут қанша адамды қабылдай алатынын анықтау үшін алдымен оның физикалық сыйымдылығы есептеледі. Бұл ретте маршруттың ұзындығы, топтар арасындағы қашықтық, топтағы адамдардың орташа саны, маршруттан өту уақыты және туристік маусымның ұзақтығы ескеріледі.
Әдістемелік нұсқаулықта бұл есеп Көлсайдың Төменгі көліне апаратын 3,7 шақырымдық маршрут мысалында көрсетілген. Есептеу кезінде топтар арасындағы 20 метр қашықтық, бір топтағы орташа 10 адам және басқа да белгіленген параметрлер ескерілген. Осы жағдайларда маршруттың физикалық сыйымдылығы жылына шамамен 1,52 миллион адамға есептелген. Алайда бұл көрсеткіш маршрутқа жылына 1,5 миллион туристі қауіпсіз түрде жіберуге болады дегенді білдірмейді. Бұл- тек белгіленген жағдайлар негізінде анықталған маршруттың физикалық өткізу мүмкіндігі.
Маршруттағы жүктеменің деңгейін сол жерде жүргізілетін бақылау арқылы да анықтауға болады. Мамандар соқпақтың кеңеюін, жаңа айналма жолдардың пайда болуын, топырақтың бұзылуын және инфрақұрылымның келушілер санына қаншалықты сай екенін бағалайды.
Бұл тәсілді тек тау соқпақтарына ғана емес, басқа да табиғи аумақтарға қолдануға болады. Мысалы, жағажайлар мен жағалау аймақтарында жағалаудың жағдайы, топырақтың бұзылуы, эрозия және қоқыс көлемі бағаланады. Әр аумақтың ерекшелігіне қарай бақылау көрсеткіштері де өзгереді. Бірақ негізгі қағида бір: келушілердің санын ғана емес, олардың баратын табиғи аумақтың жағдайын да тұрақты бақылау қажет.
Зеренді - «Көкшетау» ұлттық паркіндегі танымал туристік бағыттардың бірі.
Маршруттың қанша адамды қабылдай алатыны тек соқпаққа байланысты емес. Кіреберісте автотұрақ жетіспеуі мүмкін. Ал дәретхана мен қоқыс жәшіктерінің аздығы келушілер санын одан да ертерек шектеуі мүмкін.
Ағынды шектеудің орнына үйлестіру
Дәл сол ұсынымдарды әзірлеуге қатысқан сарапшы Серік Айдабосынның айтуынша, есеп жүргізілгеннен кейін аумақтың нақты жағдайына қарай қажетті шараларды анықтау керек.
«Әдістеме жүктеменің қай жерде және қандай себептерден туындайтынын анықтауға көмектеседі. Содан кейін мамандар сол аумаққа қандай шара қажет екенін белгілейді»,- дейді сарапшы.
Мұндай жағдайда бірнеше шешім бар: жаңа маршрут ашу, бар маршрутты ұзарту немесе қозғалыс бағытын өзгерту. Сондай-ақ, туристерді басқа нысандарға бағыттап, жаңа орындарды дамытуға болады.
Төменгі Көлсай көлдерінде маршрут көлге дейін барса да, келушілердің көбі алғашқы алаң мен көл маңында қалады. Әрі қарай соқпақпен жүретін туристер аз. Сондықтан қарастырылып жатқан нұсқалардың бірі- бірінші көлді айналып өтетін жаңа соқпақ жасау. Бұл туристерді басқа бағытқа бөліп, бір жерге жиналатын адамдар санын азайтуға мүмкіндік береді.
Серік Айдаболсын АҚШ ұлттық парктерінің тәжірибесін іс жүзінде зерделеп жүр.
Егер маршруттағы келушілер саны белгіленген шектің 80%-на жетсе, әкімшілік қосымша шаралар қажет пе, соны бағалауы керек.
Бұл маршрутты бірден жабу керек деген сөз емес. Бұл - жағдайды бақылап, қажет болса қосымша шаралар қабылдау қажет екенін көрсетеді. Мысалы, инфрақұрылымды күшейтуге немесе туристерді басқа бағыттарға бөлуге болады. Мұндай қадамдар табиғи ортаға зиян келмей тұрып жасалуы тиіс.
Нақты жерде қолдануға болатын құрал
Әдістеме тек теорияда қалмай, оны күнделікті жұмыста қолдану үшін арнайы калькулятор да қарастырылған. Парк қызметкерлері маршрут пен оның жағдайы туралы мәліметтерді кестеге енгізіп, қажетті есепті бірден ала алады. Құралды табиғи аумақта, тіпті интернетсіз де пайдалануға болады.
«Оны телефон арқылы да қолдануға болады. Қажетті көрсеткішті сол жерде тез есептеп, нәтижесін парк жұмысында бірден пайдалануға мүмкіндік бар»,- дейді Александр Артемьев.
Сондықтан бұл есеп ұлттық парк мамандары үшін күнделікті жұмыста қолданылатын практикалық жұмыс құралына айналады.
Жұмыс енді ғана басталады.
Әдістеме Қазақстандағы барлық ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жіберілді. Оның ережелері бес-алты пилоттық ұлттық паркте сынақтан өтті. Алғашқы нәтижелер 2026 жылғы туристік маусым аяқталғаннан кейін белгілі болады.
Барлық ерекше қорғалатын табиғи аумаққа бірдей қолданылатын ортақ формула жоқ. Өйткені әр аумақтың маршруты, жер бедері, инфрақұрылымы және туристер ағыны әртүрлі. Сондықтан әдістеме жалпы бағыт береді, ал нақты шешімдер сол жердегі бақылау мен тұрақты мониторинг нәтижесіне қарай қабылданады.
«Түптеп келгенде, мәселе тек келушілер санын есептеуде емес. Тұрақты туризм үшін туристер саны артқан сайын оның табиғатқа әсерін бақылап, қажет болса туризмді ұйымдастыру тәсілдерін бейімдеп отыру маңызды», - дейді сарапшылар.
Енді ұлттық парктерді басқаруда бір ғана санға сүйену жеткіліксіз. Табиғи аумақтың жағдайы тұрақты бақылауда болып, шешімдер соған қарай қабылданады.
Шарын ұлттық паркіне апаратын жол.
Мақсат - ұлттық парктерге мүмкіндігінше көп турист тарту немесе табиғи аумақтарды адамдар үшін жабу емес. Ең бастысы- адамдар табиғатты еркін тамашалай алатын, ал экожүйелерге зиян келмейтін тепе-теңдікті сақтау.
БҰҰ Даму бағдарламасы үшін бұл тәсілді дамыту Қазақстандағы тұрақты туризмді қолдауға, биоалуантүрлілікті сақтауға және табиғи аумақтарды қорғауды күшейтуге бағытталған жұмыстың бір бөлігі.