Климаттық терминологиялық сөздік: Климаттың өзгеруіне қатысты мәселелер бойынша күнделікті анықтамалық

2023 ж. 13 July

Климаттың өзгеруі – біздің заманымыздың шешуші мәселесі. Күн сайын осы құбылыспен күреске кірісетін адамдар саны барған сайын артып жатыр.

Осы саладағы ардагерлер көптеген терминдермен және ұғымдармен әлдеқашан таныс, бірақ осы салаға жаңадан келген болсаңыз, бәрін бірден түсіну қиын болуы мүмкін.

Дәл осы себепті біз климаттың өзгеруіне қатысты осы терминдер мен ұғымдар анықтамалығын дайындадық. Егер сізге осы мәселе жайлы пікірталастарға қатысу қиын болса, онда біздің «Климаттық терминологиялық сөздігіміз» сізге арналған.

Біз оны оқып шығуды, бетбелгіге қосып, өз жұмысыңызда қолдануды ұсынамыз.

Барлық мүдделі тұлғалардың күшін біріктіріп, климат өзгерісіне қарсы күреске бағыттауға көмектесу үшін сөздікті үнемі жаңа терминдермен толықтырып тұруға уәде береміз. Климат сөздігінің ағылшын тіліндегі бастапқы нұсқасы мұнда жарияланған.

Ауа райы белгілі бір уақыттағы және белгілі бір жердегі атмосфералық жағдайды білдіреді, мысалы: температура, ылғалдылық, жауын-шашын, бұлттылық, жел, көріну. Ауа райы жағдайлары өздігінен пайда болмайды, олар толқындық әсерге ие. Бір аймақтағы ауа райы міндетті түрде жүздеген немесе мыңдаған шақырымдағы ауа райына әсер етеді.

Климат – нақты бір аймақтағы ұзақ уақыт ішіндегі, әдетте 30 немесе одан да көп жыл ішіндегі ауа райы жағдайының орташа мәні. Климат климаттық жүйенің жалпы жағдайын көрсетеді.

Өнеркәсіптік дәуірдегі, әсіресе өткен жүзжылдықтағы адамның іс-әрекеті атмосфераға зиянды парниктік газдар шығарылуы салдарынан ғаламшарымыздың климатын айтарлықтай өзгертіп жатыр.

Парниктік газдар – атмосферада жылуды ұстап тұратын, жаһандық жылыну мен климат өзгеруін тудыратын газдар. Адамның іс-әрекеті нәтижесінде бөлінетін негізгі парниктік газдар қатарына көмірқышқыл газы, метан және азот оксиді, сонымен қатар тоңазыту және мұздату үшін қолданылатын құрамында фтор бар газдар жатады. Климаттың апат тудыратын өзгерістерінің алдын алу үшін әлем елдерінің үкіметтері парниктік газдардың шығарындылары көлемін айтарлықтай қысқарту үшін және жаһандық жылынуды 1,5°С құрайтын қауіпті көрсеткіштен төмен ұстау үшін бірлесіп әрекет етуі керек.

Жаһандық жылыну – атмосферада парниктік газдар концентрациясының артуы нәтижесінде Жер бетіндегі орташа температураның көтерілуі. Әлгі газдар күн сәулесін көбірек сіңіреді және көбірек жылу ұстап тұрады, осылайша ғаламшар бетін қыздырады. Қазба отынды жағу, ормандарды отау және мал шаруашылығы сияқты адамның іс-әрекеттері парниктік газдар шығарылуына және жаһандық жылынуға ықпал етеді.

Климаттың өзгеруі атмосфераның, мұхиттың және құрлықтың қызуына әкелетін Жер климатының ұзақ мерзімді өзгерістерін білдіреді. Климаттың өзгеруі тіршілік пен биоалуандылықты сақтап тұратын экожүйелердің тепе-теңдігіне және адамның денсаулығына әсер етеді. Ол сондай-ақ күшті және/немесе жиі дауыл тұру, су тасқыны, аптап ыстық және құрғақшылық сияқты алапат ауа райы құбылыстарының туындауына себепші болады, сонымен қатар мұхиттардың жылынуы, мұздықтардың еруі және мұз қалқандардың жойылуы салдарынан теңіз деңгейінің көтерілуіне және жағалау эрозиясына әкеледі.

Климаттық дағдарыс ғаламшардағы климаттың өзгеруінен туындаған немесе туындауы мүмкін күрделі мәселелерді білдіреді. 1800-ші жылдардан бастап Жердің орташа температурасы 1,1 °C-қа көтеріліп, қазірдің өзінде әлемнің көптеген жерлерінде айтарлықтай залал келтірді. Ғалымдар температураның 1,5 °C-тан жоғары көтерілуі көптеген өзгерістердің бетін қайтару мүмкін болмайтын бірқатар қауіпті бетбұрысты оқиғаларға әкеледі және адамзат өркениетіне елеулі қатер төндіреді деп санайды.

Климаттық кері байланыс айналымдары климаттағы бір өзгеріс уақыт өте келе тек күшейе түсетін тізбекті реакция сияқты әрі қарайғы өзгерістерді тудырған кезде пайда болады. Сайып келгенде, кері байланыс айналымдары ғаламшарымыздың климаттық жүйелеріндегі өзгерістер ауыр және қайтымсыз болып кеткен кезде бетбұрысты оқиғаларға әкеледі.

Қазіргі уақытта ғалымдарға жаһандық жылынуға әкелетін кейбір маңызды кері байланыс айналымдары мәлім. Мысалы, Арктикада теңіз мұзы еріген сайын мұхиттың қараңғы бөлігіндегі сулар күннен күнге көбірек жылу сіңіріп, жылыну барысын тездетеді және мұз еруін күшейтеді. Дәл сол сияқты орман өрттері нәтижесінде парниктік газдар бөлінеді, соның салдарынан жылыну үдеп, орман өрттері көбейеді. Өзге кері байланыс айналымдарына келесілер жатады: мәңгілік тоңның еруі, ормандардың жойылуы және жәндіктердің жаппай көбеюі.

Бетбұрысты оқиға – климаттың өзгеруінен туындаған белгілі бір өзгерістер қайтымсыз сипатқа ие болғаннан кейінгі ақтық оқиға. Аталмыш өзгерістердің салдары ғаламшарымыздың болашағы үшін оқыс және қауіпті болуы мүмкін.

Ғалымдар ормандар мен маржан кедертастарының жойылуы, мәңгі тоң мен мұздықтардың еруі, сондай-ақ мұхиттың терең қабаттарының жылынуы мен қышқылдануы сияқты ең түйіткілді мәселелерді анықтады, бірақ қосымша зерттеулер қажет.

Париж келісіміне сәйкес елдер жаһандық жылынуды 1,5 °С деңгейінде шектеу үшін қажетті шаралар қолдануы тиіс. Алайда, тіпті жағдай ең жақсы сценарий бойынша өрбісе де, осы мақсатты көрсеткіштен уақытша болса да асып кету ықтималдығы жоғары. Климат жылынуының шекті мәнінен асу 1,5 °C деп белгіленген климат жылынуының шекті мәнінен асып, кейін қайтадан төмендейтін кезеңді білдіреді. Мұндай кезең шамамен осы ғасырдың ортасына таман орын алуы ықтимал.

Аталған кезең неғұрлым ұзаққа созылса, соғұрлым қауіпті бола түседі. Жаһандық температураның ұзақ уақыт бойы көтерілуі табиғи экожүйелерге, биоалуандылыққа және адамдар қоғамдастығына, әсіресе қуаң жерлерде, жағалау аймақтарында және басқа да ұрымтал аймақтарда жойқын әрі қайтымсыз әсер тудырады. Осы онжылдықта шығарындыларды айтарлықтай азайту аталмыш кезеңнің ұзақтығын қысқартуда және оның теріс салдарының әсерін шектеуде аса маңызды рөл атқарады.

Салдарды жеңілдету – парниктік газдардың шығарындыларын азайту, ұстау немесе болдырмау үшін үкіметтер, кәсіпорындар және адамдар жасайтын кез келген іс-әрекет.

Салдарды жеңілдету мысалдарына жел және күн сияқты жаңғырмалы энергия көздеріне ауысуды, көміртексіз көлікке инвестиция салуды, тұрақты ауыл шаруашылығы мен жер пайдалануды дамытуды, көміртекті сіңіру үшін орман отырғызуды, сонымен қатар тұтыну дағдыларын және тамақтану рационын өзгертуді жатқызуға болады.

Бейімделу – климат өзгерістерінің ағымдағы немесе күтілетін салдарына ұрымталдықты азайтуға көмектесетін іс-әрекеттер. 

Бейімделу іс-шараларының мысалдарына ауыл шаруашылығы дақылдарының құрғақшылыққа немесе өзгермелі жағдайға төзімдірек сұрыптарын егу, орман өрті қаупін азайту үшін жер ресурстарын басқару, су тасқынынан қорғайтын мықтырақ нысандар салу, теңіз деңгейінің көтерілуінен зардап шегуі мүмкін маңызды инфрақұрылымды жағалаудағы аймақтардан қауіпсіз жерлерге көшіру, сонымен қатар климат төндіретін қауіптерді ескеретін сақтандыру тетіктерін дамыту жатады.

Тұрақтылық – қоғамдастықтың немесе ортаның қауіпті климат құбылыстарын алдын ала болжау және оларды басқару, сонымен қатарадамдардың аман-саулығына, экономикалық белсенділікке және қоршаған ортаға келетін залалды барынша азайта отырып, кейінгі алапаттардан соң қалпына келу және түрлену қабілеті.

Қоғамдастықтың тұрақтылығын арттыруға бағытталған шараларға ұзақ мерзімді жоспарлауды, ерте ескерту жүйелерін, жаңа дағдыларды дамытуды, үй шаруашылығының кіріс көздерін әртараптандыруды, табиғи факторларға негізделген шешімдерді жетілдіруді, сонымен қатар қоғамдастық деңгейінде тұрақты шара қолдану және қалпына келтіру әлеуетін қалыптастыруды жатқызуға болады.

Көміртекті із – белгілі бір адам, ұйым, өнім немесе қызмет түрі атмосфераға шығаратын парниктік газдар көлемінің көрсеткіші. Үлкенірек көміртекті із көмірқышқыл газы мен метан шығарындылары көбірек, демек, климаттық дағдарысқа қосатын үлес те көбірек дегенді білдіреді.

Адамның немесе ұйымның көміртекті ізін өлшеу энергия өндіру, жылыту, сондай-ақ жердегі және әуе көлігінің жұмысы үшін қазба отынды жағу нәтижесінде пайда болатын тікелей шығарындылардың, сондай-ақ барлық азық-түлік өнімдерін, өндіруге және кәдеге жаратуға қатысты өнеркәсіптік өнімдер мен қызметтерді өндіру мен кәдеге жарату нәтижесінде пайда болатын жанама шығарындылардың көлемін анықтауды білдіреді.

Жел және күн сияқты аз көміртекті энергия көздеріне ауысу, энергиялық тиімділікті арттыру, салалық саясат пен стандарттарды жетілдіру, сауда жасау және саяхаттау әдеттерін өзгерту, сонымен қатар ет тұтынуды және тамақ қалдықтарын азайту арқылы көміртекті ізді азайтуға болады.

Климаттық әділеттілік климат өзгеруі саласындағы шешімдер мен іс-әрекеттер әділеттілік пен адам құқықтарын құрметтеуге негізделуі керек екенін білдіреді.

Климаттық әділеттіліктің бір тұсы климаттық дағдарысқа қатысты түрлі елдерге тарихи тұрғыдан тең емес жауапкершілік жүктелгеніне қатысты. Бұл концепция парниктік газдардың ең көп мөлшерде шығарылуына әкеп соқтырған кәсіппен айналысқаннан байыған елдер, салалар мен кәсіпорындар климат өзгеруінің салдарынан зардап шегетіндерге, әсіресе ең ұрымтал елдермен қауымдастықтарда тұратын және климаттық дағдарысқа ең аз үлес қосатындарға климат өзгеруінің салдарын жеңілдетуге көмектесуге міндетті деп топшылайды.

Тіпті бір елдің ішінде нәсілдік, этникалық, гендерлік және әлеуметтік-экономикалық жағдай негізінде туындаған құрылымдық теңсіздікке байланысты климат өзгерісімен күресте жауапкершілік әділ үлестірілуі қажет. Бұл ретте ең үлкен жауапкершілік климаттық дағдарыс туындауына ең көп үлес қосқан және содан барынша көп пайда көргендерге жүктелуі тиіс.

Климаттық әділеттіліктің тағы бір тұсы – ұрпақаралық. Бүгінгі күні балалар мен жастар климаттық дағдарысқа айтарлықтай үлес қосқан жоқ, бірақ олар өмір бойы климат өзгерісінің әсерін сезінуге мәжбүр болады. Олардың адам құқықтарына алдыңғы буын қабылдаған шешімдер қауіп төндіретіндіктен, олар барлық шешім қабылдау процестерінде және климат өзгеруімен күресушараларын жүзеге асыруда басты рөл атқаруы тиіс.

Табиғи факторларға негізделген шешімдер экожүйелерді қалпына келтіру, биоалуандылықты сақтау, тұрақты тіршілік құралдарымен қамтамасыз ету үшін табиғи жүйелер мен процестерді пайдалану арқылы климат өзгерісіне бейімделуге және оның салдарын жеңілдетуге септеседі. Мұндай шараларда экожүйелер мен биоалуандылық басты назарда болады, олар жергілікті қоғамдастықтардың және байырғы халықтардың толыққанды қатысуымен және келісімімен әзірленіп, жүзеге асырылады.

Мысал ретінде жасыл шатырларды, қалалық саябақтар мен бақтарды, сулы-батпақты алқаптарды, саванналарды және басқа да экожүйелерді қалпына келтіруді, мангр ормандарын сақтауды, сонымен қатар регенеративті ауыл шаруашылығы тәжірибелерін пайдалануды келтіруге болады.

Байырғы халықтардың өмір салты негізінен аз көміртекті болып табылады. Ол адам мен табиғат арасындағы тепе-теңдікті сақтауды да көздейді. Олардың дәстүрлі тәжірибелері қоршаған ортаға болмашы ғана әсер тигізеді, өзін-өзі қамтамасыз ететін экожүйелердің қалыптасуына ықпал ете отырып, оған барынша ұқыпты қарайды. 

Байырғы халықтар климаттың өзгеруін бірінші болып байқаған. Олардың білімі мен тәжірибесі осы құбылыстың салдарына бейімделуге көмектесе алады. Ұрпақтан ұрпаққа берілетін және қоғамдастықтардың ерекшеліктерін ескеретін байырғы халықтардың білімі климат өзгерістерінің салдарын жеңілдетуге, оларға бейімделуге және төзімділікті арттыруға ықпал ете алатын климатқа қатысты маңызды шешімдердің таптырмас көзі болып табылады. Олар сондай-ақ ғылыми деректерді климат өзгерісінің сценарийлерін бағалау үшін өте маңызды болуы мүмкін ландшафт туралы нақты ақпаратпен толықтыра алады.

Байырғы халықтар бүкіл әлемде қалған биоалуандылықтың шамамен 80 пайызын қорғап отыр, бірақ олар бұрынғыша климат өзгерісіне қатысты көптеген жаһандық шешімдер қабылдау процестерінен қатыстырылмай отыр. Олардың ұжымдық білімін, құнды идеяларын, ата-бабасынан қалған жерге, аумақтар мен ресурстарға құқықтарын, сондай-ақ өмір салтын мойындап, климат өзгерісіне қарсы күрес жөніндегі саясатқа және шараларға енгізілуі тиіс.

Климаттың өзгеруі жөніндегі халықаралық келіссөздерде «шығын мен залал» ұғымының нақты анықтамасы жоқ. Дегенмен, бұл термин салдарын жеңілдетуге және оларға бейімделуге қарамастан немесе осындай шаралардың жоқтығынан орын алатын климат өзгерістерінің ешкім қашып құтылмас салдарын білдіре алады. Бейімделудің шегі бар екенін атап өткен жөн: бетбұрыс оқиғасының шекті мәндеріне жеткен кезде климат өзгерісінің салдарынан қашып құтылу мүмкін болмай қалуы ықтимал.

«Шығын мен залал» термині экономикалық және экономикалық емес шығындарға қатысты болуы мүмкін. Экономикалық шығын мен залалға циклондар немесе су тасқыны салдарынан бірнеше рет қираған инфрақұрылымды қалпына келтіруге жұмсалған шығындарды немесе теңіз деңгейінің көтерілуіне және жағалау эрозиясына байланысты жағалаудағы жерлерден (және мұндай жерлерде орналасқан үйлер мен кәсіпорындардан) айырылуды жатқызуға болады.

Экономикалық емес шығын мен залалға ақшалай баламада бағалау қиынға соғатын жағымсыз салдар жатады, мысалы: климат өзгерісімен байланысты табиғат апаты нәтижесінде алған жарақаттар, адамдардың өлімі, қоғамдастықтардың қоныс аударуы, тарих пен мәдениеттен айырылу немесе биоалуандылықты жоғалту.

Климаттың өзгеруі азық-түлік, су және тіршілік құралдарының жетіспеушілігіне қатысты мәселелерді ушықтырып, халықтың қоныс аударуы мен көшіп-қонуы, сондай-ақ табиғи ресурстар үшін бәсекелестіктің күшеюі сияқты салдарға әкеліп, елде немесе аймақта шиеленіс пен тұрақсыздықты күшейтуі мүмкін. Оның үстіне климат өзгерісінің салдары қазірдің өзінде жүріп жатқан қақтығыстарды ушықтыруы немесе ұзартуы, климаттың өзгеруіне қарсы күрес шараларын жүзеге асыруды, сонымен қатар бейбітшілік орнатуды және сақтауды қиындатуы мүмкін.

Климаттық қауіпсіздік бейбітшілікке және тұрақтылыққа төнетін климаттық дағдарысқа байланысты туындауы мүмкін қауіптерді бағалауды, басқаруды және азайтуды білдіреді. Бұл климат өзгерісінің салдарын жеңілдету және оларға бейімделу тек зиян келтіруге жол бермеуді ғана емес, сонымен бірге бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге елеулі үлес қосуды көздейді. Бұл сондай-ақ бейбітшілікті орнату және қақтығыстардың алдын алу шаралары климат өзгерісінің салдарын ескеретінін білдіреді. Климат өзгерісінің салдарын жеңілдету және оларға бейімделу шараларын жүзеге асыруға арналған техникалық шешімдер әсіресе қақтығыстар мен тұрақсыздықты бастан кешіріп жатқан елдерде бейбітшілік орнату және әлеуметтік құрылымды қалпына келтіру мүмкіндіктері ретінде қолғабыс етуі мүмкін.

Климаттық қаржыландыру – климаттың өзгеруімен күрес шараларына қолда көрсету үшін пайдаланылатын қаржылық ресурстар мен құралдар. Климаттық қаржыландыру климат өзгерісі мәселесін шешу үшін айрықша маңызды, өйткені, аз көміртекті жаһандық экономикаға көшу және қоғамдастықтардың климат өзгерісінің салдарына төзімділігі мен бейімділігін арттыру үшін ауқымды инвестиция қажет.

Климаттық қаржыландыру әртүрлі көздерден бөлінуі мүмкін: мемлекеттік немесе жеке меншік, ұлттық немесе халықаралық, екіжақты немесе көпжақты. Гранттар мен қайырымдылық, «жасыл» облигациялар, несиелік своптар, кепілдіктер, жеңілдетілген несиелер сияқты әртүрлі құралдар қолданылуы мүмкін. Сонымен қатар климаттық қаржыландыруды әртүрлі іс-шараларды іске асыру үшін, соның ішінде климат өзгерісінің салдарын жеңілдету, оларға бейімделу, тұрақтылықты арттыру шараларын іске асыру үшін пайдалануға болады.

Елдер көмек сұрай алатын қорлардың арасында Жасыл климаттық қорды (GCF), Жаһандық экологиялық қорды (GEF) және Бейімдеу қорын (AF) ерекше атап өтуге болады. Климат өзгерісіне тарихи тұрғыдан елеулі үлес қосқан табыс деңгейі жоғары елдер табыс деңгейі төмен елдерде климат өзгерісіне қарсы күрес шараларын жүзеге асыруға жыл сайын $100 миллард АҚШ долдарын тарту міндеттемесін мойнына алды. Алайда, бұл мақсат әлі орындалған жоқ, климат өзгерісінің салдарын жеңілдету шараларын іске асыру және оларға бейімделу үшін бұдан да көп көлемде қаржыландыру қажет.

Нөлдік шығарындылар теңгеріміне (таза нөлдік шығарындылар теңгерімі) қол жеткізу адамның іс-әрекеттері нәтижесінде бөлініп шығатын көмірқышқыл газының шығарындылары адамның оларды жоюға бағытталған еңбегімен (мысалы, көмірқышқыл газын сіңіру үшін көміртекті сіңіргіштерді жасау арқылы) тең түсуін талап етеді, сонда атмосферада парниктік газдар концентрациясының одан әрі артуын тоқтатуға мүмкіндік туады. 

Таза нөлдік шығарындылар теңгеріміне көшу біздің энергетика, көлік, өндіріс және тұтыну жүйелерімізді толығымен өзгертуді талап етеді. Бұл климат өзгерісінің ең сорақы салдарын болдырмау үшін қажет. 

Декарбонизация (көміртексіздендіру) қоғам түзетін парниктік газдар шығарындыларының көлемін азайтуды, сондай-ақ сіңірілетін газдардың көлемін арттыруды көздейді. Бұл энергияның қалай өндірілетінінен, тауарлар мен қызметтердің қалай өндірілетінінен және жеткізілетінінен, ғимараттардың қалай салынатынынан және жер ресурстарын басқару қалай жүргізілетінінен бастап экономиканың барлық болмаса да, көптеген тұстарын өзгертуді талап етеді.

Париж келісімінің мақсаттарына қол жеткізу және мақсатты көрсеткішті 1,5 °C деңгейінде сақтау үшін үкіметтер мен кәсіпорындарға 2030 жылға қарай декарбонизация жүргізуі керек. Декарбонизация жүргізу үшін аз көміртекті инфрақұрылым нысандары мен көлікке, жаңғырмалы энергия көздеріне, циркулярлы экономикаға, ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыру шараларына, сонымен қатар жер мен топырақты қалпына келтіруге айтарлықтай инвестиция жұмсауды қажет етеді. Оған қоса қазіргі уақытта қолданылып жүрген кез келген жолмен өсуге қол жеткізуге бағытталған экономикалық модельдерді қайта қарау қажет.

Жаңғырмалы энергия – жел, күн сәулесі, ағын су және геотермалды жылу сияқты үнемі толықтырылып отыратын табиғи көздерден алынатын энергия. Климат өзгерісін тудыратын зиянды парниктік газдар шығарындыларының 75 пайызына себепші болатын көмір, мұнай және газ сияқты қазбалы отын түрлерінен алынатын энергияға қарағанда жаңғырмалы көздерден алынатын энергия арзан, таза, тұрақты, оған қоса көп жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Барлық салаларда (электроэнергетика, жылу және салқындату, көлік және өнеркәсіп) қазбалы отыннан жаңғырмалы энергия көздеріне көшу климаттық дағдарысты шешудің кілті болып табылады. Жаһандық жылынуды 1,5 °С-та тежеу үшін әлем қазбалы отыннан біртіндеп бас тартуы, жылдам электрлендіру және энергияны жаңғырмалы көздерден алу арқылы энергетика жүйесін жаппай түрлендіруі керек. 

Көміртек сіңіргіш – көміртекті бөлгеннен гөрі көбірек сіңіре алатын кез келген нысан. Ормандар, сулы-батпақты алқаптар, мұхиттар және топырақ әлемдегі ең ірі көміртексіңірушілер болып табылады.

Бүгінгі таңда адамның іс-әрекеті, атап айтқанда, қазба отындарын жағу және ормандарды отау атмосфераға Жердегі табиғи көміртек сіңіргіштер сіңіре алатыннан гөрі көбірек көміртек шығаруға әкеліп, жаһандық жылынуға және климаттың өзгеруіне апара жатыр. Сондықтан, климаттың өзгеруі мен оны тұрақтандыру мәселелерін шешудің негізгі стратегиясы көміртексіңіргіштерінің санын және көлемін ұлғайту және қорғау болып табылады.

Көміртекті жою – ағаш отырғызу немесе биоотын мен биоэнергетикалық қондырғыларды пайдалану кезінде көміртекті ұстау және секвестрлеу (байлау) сияқты шаралар арқылы атмосферадан парниктік газдардың шығарындыларын жою процесі. Көміртекті жою климаттың өзгеруін бәсеңдетуі, тежеуі немесе тіпті бетін қайтаруы мүмкін, бірақ парниктік газдардың шығарындыларын азайтуды алмастыра алмайды.

Көміртекті ұстау және сақтау – электр энергиясын өндіру кезінде немесе өнеркәсіптік қызмет нәтижесінде түзілетін шығарындыларды бөлу және оларды жер астында тереңдікте сақтау процестері.

Басқаша айтқанда, көміртекті жою – атмосфераға түскеннен кейін көміртек шығарындыларынжою. Көміртекті ұстау және сақтау – көміртек шығарындыларын шығарылғаннан кейін бірден, бірақ атмосфераға түскенге дейін ұстау. Бұл процестердің тиімділігі көбіне-көп зерттелмеген күйінде қалып отыр.

Көміртек нарықтары – көміртек сатып алуға және сатуға болатын сандық «көміртек бірліктері» түрінде ұсынылған сауда жүйелері. Компаниялар немесе жеке тұлғалар көміртек нарықтарын парниктік газдар шығарындыларын жоюмен немесе азайтумен айналысатын ұйымдардан көміртек бірліктерін сатып алу арқылы өздерінің парниктік газдар шығарындыларын өтеу үшін пайдалана алады. 

Бір көміртек бірлігі көміртек диоксидінің бір тоннасына немесе шығарындысы азайтылған, сіңірілген немесе болдырылмаған басқа парниктік газдың баламалы көлеміне тең. Көміртек бірлігі шығарындыларды азайту, секвестрлеу немесе болдырмау үшін пайдаланылса, ол өтемге айналып, одан әрі саудаға түспейді.

Регенеративті ауыл шаруашылығы – топырақтың саулығын нығайтуға және қалпына келтіруге септесетін, соның нәтижесінде суды тұтынуды азайтуға, жердің тозуын болдырмауға, биоалуандылықты дамытуға жол ашатын ауыл шаруашылығын жүргізу әдісі. Жер айдауды, дақылдарды кезектестіруді, жануарлардың қиын және компост пайдалануды мейлінше азайтудың арқасында регенеративті ауыл шаруашылығы саңырауқұлақ қауымдастықтарының гүлденуі есебінен топырақта көміртегінің көбірек мөлшерде жиналуын, ылғалдың сақталуын және сауықтыруды қамтамасыз етеді.

Қарқынды ауыл шаруашылығы әлемдегі парниктік газдары шығарындыларының үштен бірінің көзі болып табылады. Мұндай шаруашылықты жүргізу кезінде біз тұтынатын тұщы судың 70 пайызы пайдаланылады. Ауыр техниканы, химиялық тыңайтқыштарды және пестицидтерді қолдану салдарынан топырақ тозуымен қатар биоалуандылықтың жойылуына да ең үлкен үлес қосады. Регенеративті ауыл шаруашылығы, керісінше, парниктік газдар шығарындыларын азайтуға, суды тұтынуды азайтуға және топырақты қалпына келтіруге көмектеседі. Оның үстіне сау топырақ көбірек сапалы азық-түлік өндіруге мүмкіндік береді, экожүйелерге және биоалуандылыққа басқа да бірқатар оң әсерін тигізеді.

Ормандар атмосферадан көмірқышқыл газы мен ластаушы заттарды кетіру, топырақ эрозиясының алдын алу, суды сүзу, жануарлардың, өсімдіктердің және жәндіктердің құрлықтағы түрлерінің жартысы мекен ететін орын болу арқылы орасан зор пайда әкеледі. Ормандарды қалпына келтіру және ормандарды жаңғырту – климат өзгерісімен күресте және салдарын жеңілдетуде табиғи факторларға негізделген ең тиімді екі шешім.

Ормандарды қалпына келтіру таяуда ғана ағаштар өсіп тұрған, бірақ орман өрттері, құрғақшылық, аурулар немесе адамның іс-әрекеттері, мысалы, ауыл шаруашылығы алқаптары үшін ормандарды отау кесірінен өлген аумақтарда ағаш отырғызуды білдіреді.

Ормандарды жаңғырту –  бұрынырақта орман болмаған аумақтарда ағаш отырғызу. Ормандарды жаңғырту қараусыз қалған және тозған ауыл шаруашылығы жерлерін қалпына келтіруге, шөлейттенуді болдырмауға, көміртек сіңіргіштерді жасауға, сонымен бірге жергілікті қоғамдастықтар үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктер ашуға көмектеседі.

Жабайы табиғатты жаңғырту – Ревайлдинг – адамның іс-әрекетінен зардап шеккен экожүйелерді жаппай қалпына келтіру. Адамның мақсатты түрде араласуы арқылы белгілі бір өсімдік немесе жануар түрлерін сақтауға басты көңіл бөлінетін табиғатты қорғау шараларына қарағанда ревайлдинг табиғат өзіне тән табиғи жолмен қалпына келетін үлкен аумақтарды бөлуді қарастырады. Кейде белгілі бір аймақта жойылып кеткен негізгі түрлерді, мысалы, тұтас бір экожүйе қалыптастыра алатын құндыздарды, қасқырларды немесе ірі шөпқоректілерді қайта жерсіндіруді талап етеді.

Ревайлдинг ормандарды табиғи жолмен қалпына келтіру сияқты салауатты табиғи процестердің арқасында атмосферадан көміртек диоксидінің көп көлемін жою арқылы климат өзгерісімен күресуге көмектеседі. Ревайлдинг сонымен қатар флора мен фаунаға бай мекендеу орындарын қалыптастыру арқылы түрлердің жойылуын болдырмауға көмектесіп, жабайы жануарларға климат өзгерісіне бейімделуіне және жылыну күшейген сайын солтүстікке қарай жылжуына мүмкіндік береді. 

Қазіргі уақытта біз Жердің табиғи ресурстарын адамдардың тұтынуының қазіргі деңгейін ұстап тұру үшін қажет мөлшерден көбірек пайдаланамыз. Бағалауға сәйкес, егер бет алған жолымызды жалғастыра беретін болсақ, бізге кем дегенде үш ғаламшардың ресурстарына тең табиғи ресурстар қажет болады.

«Циркулярлы экономика» термині экономикалық жүйелер қалдықтарды азайтуға және қайта пайдалануға мүмкіндік беретін тұрақты немесе экологиялық таза жолмен өндіруді және тұтынуды қамтамасыз ете отырып, материалдарды немесе өнімдерді қайта пайдалануға және қалпына келтіруге негізделуі тиіс деп көздейді.

Циркулярлы экономикаға тән әдіс-тәсілдер елдерге әлдеқайда тұрақты және аз көміртекті экономикаға көшуді жеделдетуге, сонымен қоса жаңа «жасыл» жұмыс орындарын ашуға көмектесе алады.

Біздің ғаламшарымыздың мұхиттары – олардың температурасы, химиялық құрамы, ағыстары және өмірі – адам өмір сүруі үшін Жерді қолайлы ететін жаһандық жүйелерді айқындайды. Жаңбыр суы, ауыз су, ауа райы, климат, жағалау сызығы, азық-түлігіміздің басым бөлігі, дәрі-дәрмек, тіпті біз тыныс алатын ауадағы оттегі де –  осының бәрі мұхиттар арқылы қамтамасыз етіледі және реттеледі. Алайда, климаттың өзгеруі салдарынан мұхиттардың денсаулығына қазір қауіп төніп тұр. 

«Көгілдір экономика» концепциясы мұхиттар мен жағалау аймақтарының экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етумен қатар экономикалық дамуға, әлеуметтік интеграцияға,тіршілік құралдарын сақтауға немесе жақсартуға септесуді көздейді.

Көгілдір экономиканың көптеген құрамдас бөліктері бар, соның ішінде балық шаруашылығы, туризм және теңіз көлігі сияқты орныққан дәстүрлі мұхит салалары, сондай-ақ жаңғырмалы теңіз энергетикасы, аквамәдениет, теңіз түбінде тау-кен өндіру және теңіз биотехнологиялары сияқты жаңа және дамып келе жатқан бағыттар.

«Жасыл» жұмыс орындары – қоршаған ортаны қорғауға және қалпына келтіруге және климат өзгерістері мәселелерін шешуге септесетін құрметке лайық жұмыс. «Жасыл» жұмыс орындарын жаңғырмалы энергия көздері сияқты «жасыл» өнімдер мен қызметтер өндірісінде де, қалдықтарды қайта өңдеу сияқты экологиялық процестерде де ашуға болады. «Жасыл» жұмыс орындары энергия мен шикізатты пайдалану тиімділігін арттыруға, парниктік газдар шығарындыларын шектеуге, қалдықтардың түзілуін және ластануды барынша азайтуға, экожүйелерді қорғауға және қалпына келтіруге көмектесе алады, сондай-ақ климат өзгерісінің салдарына бейімделуге ықпал ете алады.

«Жасыл» жұмыс орындары нарығы қанат жайып келе жатқандықтан, елдер жұмыскерлердің тиісті жұмысты орындау үшін қажетті арнайы дағды мен білімге ие болуын қамтамасыз етуі тиіс. Бұған жастарды болашақ «жасыл» жұмыс орындарына дайындауға инвестиция жұмсау және қазір көміртекті көп қажет ететін салаларда жұмыс істейтіндерді қайта даярлау арқылы қол жеткізуге болады. Соңғысы әділ көшуді және ешкімнің артта қалмауын қамтамасыз етудің негізгі факторы болып табылады.

Климаттық дағдарыстан шығу қажеттілігіне қатысты қоғамдық қысым күшейіп бара жатқандықтан, жеке меншік компаниялар аз көміртекті жаһандық экономикаға көшуге қосылып жатыр. Дегенмен, кейде олардың іс-әрекеті нақты мағыналы міндет кейпіне енуден гөрі маркетингтік сипатқа ие болуы мүмкін.

«Гринвошинг» тұтынушыларды климат өзгерісімен күресу үшін шаралар қолданып жатқанына сендіру үшін компанияның қоршаған ортаға тигізіп жатқан оң әсері немесе өнімдері мен қызметтерінің тұрақтылығы жайлы жалған мәлімдемелер жасайтын жағдайларды білдіреді. Кейбір жағдайларда «гринвошинг» қасақана жасалмауы мүмкін және экологиялық мәселелер туралы білім жетіспеушілігімен байланысты болуы мүмкін. Дегенмен, жеке пайда көру үшін экологиялық саясатқа көрсетілетін қоғамдық қолдауды пайдалана отырып, маркетингтік мақсатта әдейі жүргізілуі мүмкін.

«Гринвошинг» қоғамның тұрақты дамуға деген сеніміне селкеу түсіруі және қоршаған ортаға тиіп жатқан теріс әсердің жалғаса беруіне ықпал етуі мүмкін.

Климат өзгеріп жатқанда аз көміртекті немесе бейтарап көміртекті экономикаға көшу қолданыстағы экономикалық жүйелерді жаппай түрлендіруді талап етеді. Мұндай түрлендіру әлеуметтік теңсіздіктің, шеттетудің, азаматтық тәртіпсіздіктердің одан әрі арту қаупімен, кәсіпорындардың, салалардың және нарықтардың бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуімен байланысты болуы мүмкін. 

Елдер өздерінің климатқа қатысты мақсаттарына жету үшін жұмыс істеп жатқандықтан, осы жұмысқа және жүргізіліп жатқан құрылымдық өзгерістерге барлық қоғамдастықтардың, барлық жұмыскерлердің және барлық әлеуметтік топтардың қатысуы өте маңызды.

Әділ көшуді қамтамасыз ету елдер өз экономикаларын экологияландырудың теңдік пен инклюзияны нығайтатын жолдары мен тәсілдерін таңдайды деп топшылайды. Яғни, осындай көшудің экономиканың түрлі салаларындағы жұмыскерлердің түрлі топтарына әсерін зерттеуді, лайықты жұмыс орындарын және ешкімнің артта қалмауын қамтамасыз етуге мұрсат беретін оқу және мамандық ауыстыру мүмкіндігін беруді білдіреді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы (БҰҰ КӨНК) – климаттық жүйеге тиетін қауіпті антропогендік әсермен күресу шараларын жүзеге асыру үшін 1992 жылы қабылданған табиғатты қорғау саласындағы халықаралық келісім. Ол 1994 жылы күшіне еніп, бүкіл жаһандық дерлік келісім болып табылады, себебі, оған 197 мемлекет және ЕО қосылды. Сонымен қатар БҰҰ КӨНК - Киото хаттамасын және Париж келісімін жасауға негіз болған құжат.

БҰҰ КӨНК Хатшылығы - Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлімшесі, оған климаттың өзгеру қаупіне қарсы әрекет жасау бойынша жаһандық іс-шараларға қолдау көрсету міндеті жүктелген. Хатшылық климаттың өзгеруі мәселелері бойынша үкіметаралық келіссөздер жүргізуге қолғабыс етіп, жыл сайын келіссөздердің екі-төрт айналымын ұйымдастырады, олардың ішіндегі ең ірісі және ең маңыздысы Тараптар Конференциясы (ТК) болып табылады. Ол сондай-ақ климат өзгерісі туралы ақпаратты шолуда және талдауда техникалық біліммен қамтамасыз етеді, көмек көрсетеді, ұлттық деңгейде анықталатын жарналар (ҰДАЖ) тізілімін жүргізеді. 

 

«Тараптар конференциясы» немесе «ТК» деп аталатын климат өзгерісі мәселелеріне арналған жыл сайынғы БҰҰ конференциясы 1995 жылдан бері БҰҰ Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы (БҰҰ КӨНК) шеңберінде өткізіліп келеді. 2015 жылы өткен 21-ші Тараптар конференциясында немесе КС-21-де Париж келісімі қабылданды. Оған қол қою рәсімі 2016 жылдың 22 сәуірінде өтті.

Қазіргі уақытта Конференцияға Париж келісіміне қосылған барлық елдер қатысады. Конференция барысында климат өзгерісімен күресу бойынша әрі қарайғы қадамдар талқыланады және климат өзгерісімен күресу бойынша іс-шараларды қолдау үшін заң жүзінде міндетті келісімдерге қол қойылады. Келесі конференция,КС-28, Біріккен Араб Әмірліктерінде 2023 жылдың желтоқсан айында өтеді.

Париж келісімі – жаһандық орташа температураның өсуін индустрияға дейінгі деңгейлерден 2 °C-тан анағұрлым төменірек деңгейде ұстау, дұрысы, 1,5 °C-қа дейін шектеуге бағытталған заң жүзінде міндетті халықаралық шарт. Келісім 2015 жылы Парижде өткен КС-21-де 196 тараппен қабылданды және 2016 жылғы 4 қарашада күшіне енді. 

Париж келісімі климат өзгерісі саласындағы халықаралық ынтымақтастықтағы маңызды жетістік болып табылады, өйткені, климат өзгерісімен күресу және оның салдарына бейімделу бойынша іс-шараларды күшейту барлық Тараптар үшін міндетті келісім болып табылады. Ол сондай-ақ дамыған елдерді дамушы елдерге климат өзгерісінің салдарын жеңілдетуге және бейімделуге бағытталған жұмысында қолғабыс ететін құралдармен қамтамасыз етеді. Бұл ретте Париж келісімінде ашық мониторинг пен нәтижелер туралы есеп беру тетіктері қарастырылған. 

Ұлттық деңгейде анықталатын жарналар (ҰДАЖ) – жаһандық жылынуды 1,5 °C-қа дейін шектеу жөніндегі Париж келісімінің мақсатына сәйкес әрбір ел әзірлеуге міндеттелетін климаттық міндеттемелер мен іс-қимылдар жоспарлары. ҰДАЖ – климат өзгерісімен күрес саласында әлдеқайда өршіл мақсаттар қою арқылы бес жыл сайын жаңартылып отыратын қысқа және орта мерзімді жоспарлар.

ҰДАЖ парниктік газдар шығарындыларын азайту, тұрақтылықты арттыру, климат өзгерісіне бейімделу үшін белгілі бір ел іске асыруға міндеттелетін климат өзгерісінің салдарын жеңілдету және оларға бейімделу іс-шараларының басым бағыттарының сипаттамасын қамтиды. ҰДАЖ-да сондай-ақ қаржыландыру стратегиялары, мониторинг пен тексеру әдіс-тәсілдері көрсетіледі. 2023 жылы «жаһандық түгендеу» аясында елдер алғаш рет ҰДАЖ іске асыру барысы және Париж келісімінің мақсаттарына жету барысы туралы есеп береді.

Париж келісіміне сәйкес елдер өздерінің ұлттық деңгейде анықталатын жарналарының іске асу барысы туралы жүйелі түрде есеп беруге міндетті. Мұндай есептің ашық болуы, сөйтіп жаһандық қоғамдастық ұжымдық жетістіктерді нақты бағалай алуы үшін және адамдардың әрқайсысы өз рөлін атқаратынына сенімін арттыру үшін ерекше маңызды.

Есеп берудегі ашықтық үкіметтер мен халықаралық органдарға шынайы деректер алуға және нақты деректерге негізделген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Бұған қоса ол климат өзгерісін ғылыми тұрғыдан жақсырақ түсінуге, сондай-ақ оның салдарын жеңілдету және бейімделу үшін қажетті іс-әрекеттер мен саясаттарды жақсырақ түсінуге септігін тигізеді. Сайып келгенде, ашықтық сенімді арттыруға, ынтымақтастықты нығайтуға және білім таратуға, сондай-ақ климатқа қатысты әлдеқайда өршіл мақсаттарға жетуге деген ұмтылысты қолпаштауға септесе отырып, Париж келісімінің бүкіл әлеуетін ашудың кілті болып табылады.

Бейімделу саласындағы ұлттық жоспарлар (БҰЖ) елдерге климат өзгерісінің салдарына ұрымталдықты азайту, бейімделу мен тұрақтылық саласындағы әлеуетті нығайту бойынша іс-әрекеттерді жоспарлауға және жүзеге асыруға көмектеседі. БҰЖ ұлттық деңгейде анықталатын жарналармен (ҰДАЖ), басқа да ұлттық және салалық саясаттармен және бағдарламалармен байланысты.

БҰЖ табысты жүзеге асуы үшін барлық қажетті тараптардың қатысуын қарастыруы, инклюзивті әрі ашық болуы, гендерлік факторларды ескеруі тиіс. Яғни, БҰЖ әзірлеу сатысында климат өзгерісінің салдарына аса ұрымтал адамдарға ерекше назар аудара отырып, оларды стратегиялар мен бағдарламаларды әзірлеуге және жүзеге асыруға тарта отырып, елдегі халықтың әртүрлі топтарының нақты қажеттіліктері мен ұрымтал тұстарын бағалау қажет дегенді білдіреді.

Париж келісіміне сәйкес елдерге бірнеше ондаған жылдарға, әдетте 2050 жылға дейін есептелген, барлық қоғам мүшелері қатысатын түрлендіруді жүзеге асыруды қарастыратын шығарындыларды азайту бойынша ұзақ мерзімді стратегияларымен таныстыру ұсынылады. Ұзақ мерзімді стратегиялар сипатталған құжаттар жаһандық жылынуды тежеу ​​және 2050 жылға қарай таза нөлдік шығарындылар теңгеріміне қол жеткізу бойынша ұзақ мерзімді мақсаттарға сай келеді.

Ұзақ мерзімді стратегиялар қысқа мерзімді ҰДАЖ шеңберінен де кең және елдер үшін аз көміртекті дамуға көшу, инновацияларды ынталандыру, тұрақты инфрақұрылым нысандарын жоспарлау, жұмыскерлердің түрлі санаттары үшін аз көміртекті экономикаға әділ және тең көшуге септесу мәселелері бойынша нұсқаулық ретінде қолғабыс етеді.

Елдер өздерінің ұзақ мерзімді стратегияларын БҰҰ КӨНК-ке ресми түрде ұсынған кезде сол стратегиялар ұзақ мерзімді аз көміртекті даму стратегиялары деп аталатын болады.

Ормандарды сақтау және қалпына келтіру парниктік газдар шығарындыларын төрттен бірінен астамға азайтады, осылайша климат өзгерістерінің ең сорақы салдарын болдырмауға мүмкіндік береді. REDD+ дамушы елдерде ормансыздану және ормандардың тозу ауқымын азайту, ормандарды тұрақтырақ басқару және сақтау арқылы климат өзгерісін тежеуді мақсат тұтатын, елдер арасында климат өзгерісі туралы халықаралық келіссөздер барысында келісілген жүйе.

REDD+ «Ормансыздану және ормандардың тозуы себепші болған шығарындыларды азайту» дегенді білдіреді. «+» белгісі ормандарды сақтау, орман ресурстарын тұрақты басқару және ормандарда көміртек қорын көбейту тигізетін оң әсерді көрсетеді.

Климат өзгерісі бойынша үкіметаралық сарапшылар тобы (КӨҮСТ) - Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым (ДМО) және БҰҰ Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы (ЮНЕП) жетекшілігімен құрылған тәуелсіз орган.

Негізгі КӨҮСТ рөлі климат өзгерісі туралы ғылыми әдебиетті және қорытындыларды бағалау, сонымен қатар қоғам мен саясат әзірлеу үшін жауапты тұлғаларға маңызды ғылыми ақпарат және нақты деректерге негізделген ұсынымдар беру болып табылады. Ол климат өзгерісі туралы ғылымға қатысты болуының арқасында, сондай-ақ климат өзгерісінің салдарын, солармен байланысты қатер-тәуекелдерді, сонымен бірге оларға бейімделу және жеңілдету жолдарын кешенді талдауды жүзеге асыру арқасында ең шынайы ақпарат көзі ретінде кеңінен танымал.