Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау және климаттың өзгеруіне қарсы күрес бойынша күш-қимылдарды біріктіріп жатыр

2025 ж. 29 October
Woman in blazer observes landscape photographs displayed on easels in a gallery.
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/ Ирис Мамбур

Бүгін Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің және Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасының (БҰҰДБ) қолдауымен биоалуантүрлілікті сақтау, климаттың өзгеруіне бейімделу және парниктік газдар шығарындыларын азайту саласындағы негізгі стратегиялық құжаттарды келісуге арналған үш күндік ұлттық семинар басталды. Іс-шарада 150-ден астам қатысушы - мемлекеттік органдардың, халықаралық және қоғамдық ұйымдардың, ғылыми қоғамдастықтың және азаматтық сектордың өкілдері бас қосты.

Семинар 2035 жылға дейін биологиялық алуантүрлілікті сақтау және орнықты пайдалану жөніндегі тұжырымдама (NBSAP), Ұлттық бейімдеу жоспары (NAP), Париж келісімі шеңберінде ұлттық деңгейде айқындалатын салым (NDC), сондай-ақ транспаренттілік мәселелері бойынша екінші екі жылдық баяндамамен біріктірілген Қазақстан Республикасының тоғызыншы ұлттық хабарламасы сияқты стратегиялық шеңберлер арасындағы тиімді өзара іс-қимыл бойынша практикалық ұсынымдарды талқылап, әзірлеуге арналған маңызды платформаға айналды.

Бұл стратегиялық құжаттар өзара келісілген әрі бірін-бірі толықтыратын климаттық және табиғат қорғау шараларын әзірлеуге бағытталған. Жиынтығында осы құжаттар парниктік газдар шығарындыларын азайту, климаттық тәуекелдерге бейімделу және биологиялық алуантүрлілікті сақтау жөніндегі іс-қимылдар бір-бірін нығайтатын жүйелі тәсілге негіз болып қаланбақ. Бұл - аса маңызды іс, себебі жекелеген шаралар іс жүзінде бір-біріне қарама-қайшы болуы мүмкін. 

Мәселен, егер табиғи ландшафтарды орман екпелерімен алмастыратын болса, көміртектің сіңірілуін ұлғайтуға бағдарланған орманды қалпына келтіру жөніндегі ауқымды бағдарламалар далалық және шөлейт экожүйелерге теріс әсер етуі мүмкін. Мұндай араласу экожүйелер теңгерімін бұзып, флора мен фаунаның эндемиялық түрлерін ығыстырып, бірегей биологиялық әртүрлілікті жоғалтуға әкеп соғуы мүмкін. Мұндай қауіп әсіресе жер пайдалану өзгерістеріне сезімтал өңірлерде жоғары. Сондықтан жоспарлау кезеңінде климаттық және экологиялық мақсаттар арасындағы өзара байланысты ескеру және климатқа да, табиғатқа да екі есе пайда әкелетін шешімдерді енгізген жөн.

Photograph of a man in a suit at a podium, with Kazakh and UN flags in the background.

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Андрей Ким.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/ Ирис Мамбур
«Климаттың өзгеруіне, жердің тозуына және биоалуантүрліліктің жойылуына байланысты сын-қатерлер біздің фрагменттік шешімдердің орнына кешенді және үйлестірілген тәсілдерді қарастыруымызды талап етеді. 2035 жылға дейін биологиялық алуантүрлілікті сақтау және орнықты пайдалану жөніндегі тұжырымдама, Ұлттық бейімдеу жоспары және Париж келісімі шеңберінде ұлттық деңгейде айқындалатын жаңартылған салым деп аталатын басты үш құжатты қатарлас әзірлеу - Қазақстанға орнықты дамудың біртұтас, бірін-бірі толықтыратын архитектурасын құруға бірегей мүмкіндік береді. Бұл құжаттар қатарлас емес, бірін-бірі күшейте отырып, бірлесе қолданылуы тиіс. Біз тек осылай ғана орнықты дамуды, табиғи капиталды қорғауды және болашақ ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз», —
деп атап өтті Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Андрей Ким.

Семинар шеңберінде сараптамалық сессиялар, консультациялар және практикалық талқылаулар өтті, онда биологиялық алуантүрлілікті сақтау жөніндегі 7-ұлттық баяндаманы дайындаудан бастап, су, ауыл және орман шаруашылықтарын, сондай-ақ төтенше жағдайлар секторын қоса алғанда, негізгі секторлардағы климаттың өзгеруіне бейімделу мәселелеріне дейін ауқымды тақырыптар қамтылды. Сондай-ақ BIOFIN биологиялық әртүрлілікті қаржыландыру бастамасының құралдарын және ресурстарды жұмылдырудың басқа да тәсілдерін қоса алғанда, табиғат қорғау іс-шараларын қаржыландыру тетіктері талқыланды. Сондай-ақ, семинарда климаттық тәуекелдерді модельдеу және 2100 жылға дейін ықтимал экономикалық шығындарды бағалау, соның ішінде климаттық өзгерістердің экономиканың түрлі секторларына әсерінен болатын залалды болжау мәселелері қаралды.

Биологиялық алуантүрлілікті сақтау саласындағы гендерлік аспектілерге ерекше назар аударылды. Қатысушыларға талқылап, түсініктемелер мен ұсыныстар беруі үшін биологиялық алуантүрлілік саласындағы гендерлік талдаудың алдын ала нұсқасы ұсынылды.

Speaker at podium with UN flag and blue flag behind him; green digital screen to the right.

БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/ Ирис Мамбур
«Табиғат - даму өзегіне айналған кезде, біз экожүйені сақтайтын, экономиканың тұрақтылығын нығайтатын және адамдардың өмір сүру сапасын жақсартатын шешімдерге ұмтыламыз. Ұлттық даму стратегияларында халықтың барлық топтарының, оның ішінде табиғатты қорғауда және табиғи ресурстарды орнықты басқаруда ерекше рөл атқаратын әйелдердің мүдделерінің ескерілуі – маңызды іс. Ұсынылған гендерлік талдау және әйелдерді тартудың үздік тәжірибелері - бұл неғұрлым инклюзивті және әділ экологиялық саясатқа бастар қадам», —
деп атап айтты БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов.

Сонымен қатар, қатысушылар ұлттық саясатқа табиғатқа негізделген шешімдерді (nature-based solutions) біріктіру, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру, көші-қон және жұмыспен қамту сияқты өтпелі тақырыптарды есепке алу қажеттігін атап өтті.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/ Ирис Мамбур

Биоалуантүрлілікті сақтау, климаттың өзгеруіне бейімделу және орнықты даму саласындағы өзара байланысты міндеттерді шешуге кешенді және үйлестірілген көзқарас мемлекеттік саясаттар, секторлар және басқару деңгейлері арасындағы синергияны күшейту жолындағы маңызды қадам болып табылады.