Астанада Қазақстанның су секторын дамыту жөніндегі әріптестердің Үйлестіру кеңесінің үшінші отырысы өтті

2026 ж. 4 August
Photograph: seven people sit behind a long beige table at a conference panel.
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/ Ирис Мамбур

Астанада «Қазақстанда су үнемдеуді дамыту: мемлекет пен халықаралық әріптестердің күш-жігерін үйлестіру» тақырыбында су секторын дамыту жөніндегі әріптестердің Үйлестіру кеңесінің III отырысы өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен (БҰҰДБ) бірлесіп ұйымдастырды. Оған халықаралық ұйымдардың, даму агенттіктерінің, қаржы институттарының, дипломатиялық корпустың және бизнес қауымдастықтың өкілдері қатысты.

Су ресурстары тапшылығының артуы мен климаттың өзгеруі жағдайында суды үнемдеу Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының біріне айналды. Ұзақ мерзімді су қауіпсіздігіне қол жеткізу үшін инфрақұрылымға инвестиция салумен қатар, заманауи технологияларды, цифрлық шешімдерді енгізу, су ресурстарын тиімді басқару және суды ұтымды пайдалану мәдениетін қалыптастыру қажет.

Қатысушылар 2024–2030 жылдарға арналған Су жөніндегі әріптестік бастамасын іске асыру барысын, суды үнемдеуді дамытуға арналған жаңа тәсілдерді және мемлекеттік органдар, халықаралық әріптестер мен қаржы институттары арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. Отырыста су шаруашылығын цифрландыру, жасанды интеллектті, спутниктік мониторингті және су ресурстарын басқару тиімділігін арттыру құралдары ретінде суды есепке алудың автоматтандырылған жүйелерін пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Panel of three at a conference table with flags and a blue backdrop; man in center speaks.
Фото: Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі
«Су қауіпсіздігінің болашағы бізде бар су көлемімен емес, керісінше, оны қаншалықты тиімді басқара алатынымызбен айқындалады. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының су секторын дамытудың басым бағыттарының қатарында суды үнемдеу, цифрландыру және заманауи технологияларды енгізу мәселелері тұр. Алайда бұл өзгерістерге тек мемлекет, ғылым, бизнес және халықаралық әріптестердің бірлескен күш-жігері арқылы ғана қол жеткізуге болады. Дәл осындай ынтымақтастық моделін біз Үйлестіру кеңесі арқылы дамытып келеміз»,
деді Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Үйлестіру кеңесі мемлекет, халықаралық әріптестер және сарапшылар қауымдастығының күш-жігерін біріктірудің негізгі алаңы болып қала береді, бұл тәжірибемен алмасуға және бірлескен бастамаларды іске асыруды жеделдетуге мүмкіндік береді. Құрылған кезден бері Кеңес Министрлік пен халықаралық серіктестер арасында жиырмадан астам ынтымақтастық келісімі мен меморандумның жасалуына ықпал етіп, нақты техникалық көмек пен инвестиция тартуға жол ашты.

Blonde woman in a black blazer speaks at a panel, with UN flag and water bottles on the table.
Фото: Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі
«Екі жыл ішінде Үйлестіру кеңесі жай ғана диалог алаңы емес, мемлекет, халықаралық әріптестер мен қаржы институттарының күш-жігерін біріктіруге көмектесетін тиімді механизмге айналды. Бұл жұмыстың шынайы құндылығы кездесулердің санымен емес, бүгіннің өзінде инвестициялық жобаларға айналып, мемлекеттік саясатты жетілдіруге ықпал етіп отырған бірлескен шешімдермен өлшенеді. БҰҰДБ осы үдерістің бір бөлігі болғанын мақтан тұтады және Қазақстанға су үнемдеуді дамыту мен елдің ұзақ мерзімді су қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қолдау көрсетуді жалғастырады», –
деп атап өтті Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа.

Отырыстың жаңа тақырыбы тек су секторын ғана емес, сонымен қатар білім беру, ғылым және ағарту салаларының өкілдерін де біріктірді. Бұған дейінгі отырыстар негізінен қаржыландыру, инфрақұрылымды дамыту және заңнамалық базаны жетілдіру мәселелеріне арналса, биылғы жылы Үйлестіру кеңесінің негізгі тақырыбы су үнемдеуді дамыту болды. Су ресурстарын орнықты басқару білім беру, ғылыми зерттеулер және күнделікті мінез-құлық үлгілерін өзгерту үдерістерінсіз мүмкін еместігін ескере отырып, отырыс жұмысына Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері мен техникалық сарапшылар қатысты.

Photograph: two women panelists seated at a table with nameplates; blue backdrop with emblem.
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/ Ирис Мамбур

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі саланы білікті кадрлармен қамтамасыз етуді басым міндеттердің бірі ретінде қарастырады:

«Су саласының қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында мамандарды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы жыл сайын ұлғайтылып келеді. Соңғы жылдары оның көлемі үш есеге жуық артты», –
деп атап өтті Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова.

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова:

«Экологиялық мәдениетті қалыптастыру және табиғи ресурстарға ұқыпты қарау мектеп қабырғасынан басталады. Бүгінгі таңда бұл жұмыс «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Бүгінде білім беру ұйымдарында 125.000-нан астам оқушыны біріктіретін 4.400-ден астам экологиялық клуб жұмыс істейді, «Жасыл мектеп» жобасы мен басқа экологиялық бастамалар жүзеге асырылуда. Біздің міндетіміз – балалардың экологиялық санасын қалыптастырып, суды ұтымды пайдалану мәдениетін және табиғи ресурстарға жауапкершілікпен қарауды дамыту. Бұл құндылықтар олардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс».

Бағдарламаның маңызды бөліктерінің бірі су секторындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған әріптестік келісімдеріне қол қою рәсімі, сондай-ақ суды үнемдеу саласындағы компаниялар мен ғылыми ұйымдардың инновациялық жобаларының таныстырылымы болды.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/ Ирис Мамбур (1-2), Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі (3-4)

Отырыстың қорытындысы бойынша суды үнемдеуді дамыту, саланы цифрландыру және Қазақстанның ұзақ мерзімді су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті инвестицияларды тарту бағыттарындағы одан әрі ынтымақтастықтың негізгі бағыттары айқындалады деп күтілуде.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/ Ирис Мамбур