БҰҰДБ-дағы алғашқы күн: үлкен сапардың алғашқы қадамы

2026 ж. 3 September
Smiling blonde woman in a black top stands in a modern office with glass partitions.

Анастасия Братченко

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/ Салтанат Бөтеу

Автор: Анастасия Братченко, Қазақстандағы БҰҰДБ-ның персоналды басқару жөніндегі маманы

Жаңа жұмысқа орналасу әрдайым ерекше кезең. Жаңа адамдар, бейтаныс жүйелер, жұмыс істеудің жаңа тәсілдері және көңілде жүрген сан түрлі сұрақтар қатар жүреді.

Мені не күтіп тұр? Бұл, сірә, әрбір жаңа қызметкердің ойына келетін алғашқы сұрақтардың бірі.

Алғашқы жұмыс күні жаңа қызметкердің кәсіби ортасының бір бөлігіне айналатын адамдармен – команда мүшелерімен, жетекшілерімен және түрлі қолдау қызметтерінің өкілдерімен танысудан басталады. Әдетте команданың бір мүшесі болатын әріптес кеңсені аралатып көрсетіп, жаңа ортаға тезірек бейімделуге көмектеседі. Қызметкердің жұмыс үстелінде брендтелген термостақан, дәптер және басқа да пайдалы заттардан тұратын құттықтау жиынтығы күтіп тұрады. Бір қарағанда бұл ұсақ-түйек болып көрінуі мүмкін, бірақ жаңа есімдер мен ақпаратқа толы алғашқы күні мұндай ықылас белгісі жаңа жұмыс орнын әлдеқайда жайлы әрі жылы қабылдауға көмектеседі.

БҰҰДБ Қазақстанның екі қаласында кеңсесі бар ірі ұйым, сондай-ақ әртүрлі өңірлерде жұмыс істейтін қызметкерлері де бар. Сондықтан әріптестер жаңа қызметкерлермен жақынырақ таныса алуы үшін біз ішкі корпоративтік желіде олардың өмірбаяны қамтылған қарсы алу хабарламасын жариялаймыз.

Персоналды басқару мамандары ретінде біздің басты міндеттеріміздің бірі – бейімделу үдерісін барынша жеңіл әрі жайлы ету. Біз алғашқы жұмыс күндерінің жылы қарсы алуға толы, мазмұнды әрі шабыттандыратын кезең болғанын қалаймыз. Мұндағы мақсат – жаңа әріптестерге ұйымды, оның миссиясы мен көзқарасын таныстыру, командасының бір бөлшегі екенін сезіндіру және олардың кәсіби жолын жігерленіп, қолдау сезініп әрі табысты жұмысқа қажет негізгі ақпаратпен қаруланып бастауына көмектесу.

Professional woman in a black blazer beside a long block of Russian text on a white background.

Бейімделу жолы осы жерден басталады

Жаңа қызметкерлер алғашқы апталарда барлық мәселемен жалғыз қалып қоймайды. Персоналды басқару (HR) және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (ICT) командалары әзірлеген онлайн бейімделу платформасында кесте, таныстыру кездесулері және негізгі ақпараттың барлығы бір жерде жинақталған.

Photo: Three women at a campus desk; staff hands brochure to visitor, colorful word wall behind.
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Сонымен қатар, жаңадан келген және басқа қызметке ауыстырылған қызметкерлерге арналған пайдалы материалдарға толы Жаһандық бейімделу порталы бар. Онда ұйымның саясаттары мен рәсімдері, негізгі корпоративтік платформаларға сілтемелер, сондай-ақ қажетті ресурстар жинақталған. Бұдан бөлек, порталда қызметкерлердің бейімделу кезеңінде дамуына көмектесетін алдағы тренингтер, семинарлар мен оқу мүмкіндіктері туралы хабарландырулар тұрақты жарияланып отырады.

Сізді қолдайтын командалармен танысу

Бейімделу бағдарламасындағы алғашқы кездесулердің бірі әдетте HR командасымен өтеді. Онда жаңа қызметкерлер БҰҰДБ туралы негізгі ақпаратпен, жеңілдіктер мен төлемдер жүйесімен, еңбек шартының талаптарымен және жұмысқа қатысты басқа да практикалық мәселелермен танысады.

Алғашқы апталарда жаңа әріптестер ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, қаржы, сатып алу, қауіпсіздік, әкімшілік қолдау және коммуникациялар командаларымен де танысады. Бұл бөлімшелер ұйымның күнделікті жұмысын тиімді ұйымдастыруда маңызды рөл атқарады.

Сондай-ақ БҰҰДБ қызметінің негізінде жатқан құндылықтар мен стандарттарды меңгеру де өте маңызды. Олар баршаға қауіпсіз, құрметке негізделген және инклюзивті жұмыс ортасын қалыптастыруға ықпал етеді. Этика мен адалдық, сексуалдық қанау мен зорлық-зомбылықтың алдын алу, адам құқықтары мен міндеттері, құрметке негізделген мінез-құлық, қауіпсіздік және мүгедектігі бар адамдарды қоғам өміріне толыққанды қосу мәселелеріне арналған міндетті оқу курстары жаңа қызметкерлерге ұйымның қалай жұмыс істейтінін ғана емес, сонымен бірге әрқайсымыздан не күтілетінін де түсінуге мүмкіндік береді.

Smiling businesswoman in blazer holding a folder beside Russian text blocks.

Бұл жай ғана алғашқы күн емес

Қазақстандағы БҰҰДБ-да біз адамдар мен қауымдастықтардың өміріне оң өзгеріс әкелу туралы жиі айтамыз. Алайда әрбір бағдарлама, серіктестік және жетістіктің артында осы жұмыстың жүзеге асуына үлес қосып жүрген адамдар тұрады.

Біз қызметкердің оң тәжірибесі алғашқы күннен басталады деп сенеміз. Жаңа ұйымға қосылу бір жағынан шабыттандырса, екінші жағынан толғаныс та тудыруы мүмкін. Сондықтан біз әрбір жаңа әріптестің алғашқы апталарында өзін жылы қарсы алынған, қажетті ақпаратпен қамтамасыз етілген әрі жан-жақты қолдау көріп отырғанын сезінуіне ерекше мән береміз.

HR үшін табысты бейімделу дегеніміз алғашқы аптаға мүмкіндігінше көп ақпарат сыйғызу емес. Ең бастысы – аптаның соңына қарай жаңа қызметкердің көмек қажет болған жағдайда кімге жүгінуге болатынын білуі, ұйымды жақсырақ түсінуі және ең маңыздысы, өзін осы ұжымның бір бөлшегі ретінде сезіне бастауы.