Digital Kyzylorda: 30-дан астам жергілікті кәсіпкер инклюзивті өзгерістерге жол бастаушыларға айналды

2025 ж. 28 May

Сәкен Қаженов тренинг жүргізуде.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Камал Ибрай

Digital Kyzylorda тренингтер сериясында көзге түскен 30-дан астам қызылордалық кәсіпкер бағдарламаға қатысу үшін қайтып оралды, бірақ енді олар тренер рөлін атқармақ. Олар облыстық Жастар ресурстық орталығында фасилитация және көпшілік алдында сөз сөйлеу дағдыларын дамыту бойынша бір күндік қарқынды оқыту шарасына қатысты. Тренер қызметін инновациялар және бизнес-инкубация саласындағы халықаралық сарапшы Сәкен Қаженов атқарды.

«Digital Kyzylorda: тренерлерді оқыту» семинары Қазақстандағы БҰҰДБ, Сеулдегі БҰҰДБ Саяси зерттеулер орталығының және Корея Республикасы Үкіметінің қолдауымен өтті. Мақсаты — кәсіпкерлерге цифрлық дағдыларды дамыту тренингтерін инклюзивті және қызықты етіп өткізе алатын өздеріне сенімді әрі тиімді тренерлер болуға көмектесу. Қатысушылар сонымен қатар «Тренерлерге арналған практикалық нұсқаулықпен» — тренингтерді жергілікті деңгейде дайындауға және өткізуге арналған ыңғайлы құралмен таныстырылды. Аталмыш нұсқаулық тренерлерге алған білімдерін пайдалануға және басқалармен бөлісуге көмектеседі.

Тренингке қатысушылар.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Камал Ибрай

Күні бойы қатысушылар интерактивті модульдерді зерделеп, топпен жұмыс істеуді үйренді, презентация жасау дағдыларын шыңдады. Сондай-ақ бағдарлама көптеген практикалық жаттығуларды қамтыды: қатысушылар рөлдік жағдаяттарды сахналап көрді, бір-біріне кері байланыс берді, тренинг сессияларын бірлесіп әзірледі. Барлығына — әсіресе әйелдерге, жастарға және мүдделері көбіне көлеңкеде қалатын жандарға қолайлы және қолжетімді білім беру ортасын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінді.

«Бұл оқыту шарасы тек презентациялар туралы ғана емес», — деді Гаухар Нұрша, Қазақстандағы БҰҰДБ гендер мәселелері жөніндегі маманы.

«Гендерлік-сезімтал әдіс-тәсілдерді меңгерген жаңа тренерлер енді болашақ кәсіпкерлерді, әсіресе әйелдер мен жастарды қолдауға, оларға кедергілерді жеңуге, стереотиптерді бұзуға және бұрын назардан тыс қалғандардың дауысын күшейтуге көмектесуге дайын».

Тренингке қатысушы.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Камал Ибрай

Семинар пікір алмасумен, рефлексиямен аяқталды. Қатысушылар бұл тәжірибе олар үшін бетбұрысты сәт болғанымен бөлісті: олар енді өздерін тек білім алушы ретінде ғана емес, сонымен бірге қоғам мүшелеріне өсу мен өркендеу жолына бағыт сілтей алатын тренерлер ретінде де көреді екен.

«Цифрлық дағдылар — заманның кәсіпкерлерге қажет жаңа ағымы. Тренерлерге арналған тренинг аясында біз цифрландыру саласындағы білімді бірге кеңейттік. Енді олар —өзгерістерге жол бастаушылар, әріптестерінің де, бизнес серіктестерінің де күнделікті өмірінде цифрлық сауаттылықты дамытуға көмектесетін болады, әрі бірге дамитын болады», —
деді Сәкен Қаженов.
Group discussion in an indoor setting, with people engaging around a whiteboard.

Сәкен Қаженов тренинг жүргізуде.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Камал Ибрай

Тренерлерді оқыту Digital Kyzylorda тренингтер сериясының жалғасы болды, оған қазірдің өзінде 160-тан астам жергілікті кәсіпкер қатысты, олардың жартысынан көбі — әйелдер. Жоба Сеулдегі БҰҰДБ Саяси зерттеулер орталығымен бірге «Орнықты даму мақсаттары бойынша серіктестік: инклюзивті цифрлық трансформация арқылы шағын және орта бизнесті қолдау» бастамасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Бастама Оңтүстік Кореяның орнықты даму саласындағы тәжірибесін Қазақстанның жергілікті контекстімен үйлестіріп, цифрлық прогрестің практикалық және ауқымын кеңейтуге болатын үлгісін ұсынады.

Сәкен Қаженов пен тренингке қатысушылардың топтың фотосы.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Камал Ибрай

Жергілікті көшбасшылардың әлеуетіне инвестиция салу арқылы Digital Kyzylorda аймақтағы цифрлық трансформацияға септеседі, қауымдастықтардың орнықтылығын нығайтады және гендерлік теңдікті ілгерілетеді.