Еуропалық одақ, БҰҰ Даму бағдарламасы және Қазақстан Үкіметі жергілікті өзін-өзі басқаруды нығайтуға бағытталған құны 4 миллион еуро болатын бастаманы іске қосты

2026 ж. 29 July
Photo: Group of diplomats lined up in front of the UN emblem and flags.
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Салтанат Бөтеу

2026 жылғы 29 шілдеде Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ), Еуропалық одақ (ЕО) және Қазақстан Республикасының Үкіметі Астана қаласында өткен Жобаны басқару комитетінің алғашқы отырысы аясында «Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі басқару реформасын ілгерілетуге қолдау көрсету» жобасының ресми іске қосылғанын жариялады.

Отырысқа Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің, Қазақстандағы Еуропалық одақ Өкілдігінің және БҰҰ Даму бағдарламасының өкілдері қатысты. Қатысушылар жобаның стратегиялық басымдықтарын, жоспарланған іс-шараларды және оны іске асырудың келесі кезеңдерін талқылады.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Салтанат Бөтеу

Бастама жергілікті институттардың әлеуетін нығайту, азаматтардың шешім қабылдау үдерістеріне қатысуын кеңейту және жергілікті деңгейде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру арқылы Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі басқару реформасын қолдауға бағытталған. Ұлттық және жергілікті серіктестермен тығыз ынтымақтастықтың арқасында жоба азаматтардың қажеттіліктеріне бағдарланған, ашық әрі есеп беретін жергілікті басқару жүйесін дамытуға ықпал етеді.

Photo of two women at a conference table with flags, one speaking into a microphone.
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Салтанат Бөтеу
«Жергілікті өзін-өзі басқаруды реформалау – бұл, ең алдымен, халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсарту және азаматтар мен мемлекеттік институттар арасындағы сенімді нығайту. Бұл жоба жергілікті институттардың әлеуетін күшейту, шешім қабылдау үдерістеріне азаматтардың кеңінен қатысуын қолдау және деректерге негізделген мемлекеттік саясатты ілгерілету арқылы Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі басқару реформасының нақты нәтижелерін жергілікті қауымдастықтар үшін сезінуге мүмкіндік береді», – деді Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа.
«Біз Қазақстан Үкіметімен және Еуропалық одақпен қалыптасқан серіктестігімізді жоғары бағалаймыз және еліміздің барлық өңірлеріндегі халық үшін нақты нәтижелерге қол жеткізу жолындағы ынтымақтастығымыздың жалғасатынына сенім білдіреміз», – деп қосты ол.
Three officials at a conference table in a UN briefing room; center man speaks into a microphone.
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Салтанат Бөтеу

Жаңа бастама осы уақытқа дейін қол жеткізілген нәтижелерге негізделіп, Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін одан әрі нығайтуға, азаматтардың қатысуын кеңейтуге және өңірлердің орнықты дамуына ықпал ететін болады.

«Еуропалық одақта біз тиімді жергілікті өзін-өзі басқару мен жергілікті деңгейде шешім қабылдаудың маңыздылығына ерекше мән береміз. Жергілікті басқару жүйесі тиімді жұмыс істейтін және басқару сапасы жоғары өңірлер көбірек инвестиция тартып, халық үшін экономикалық және әлеуметтік игіліктерді арттыра алады. Біз Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды қолдауды мақтан тұтамыз және осы жоба аясында жергілікті атқарушы органдар мен сайланған әкімдерге қолдау көрсетуге қуаныштымыз. Еуропалық одақтың 4 миллион еуро көлеміндегі қаржылық қолдауының арқасында бұл бастама жергілікті басқаруды анағұрлым инклюзивті, ашық әрі азаматтардың қажеттіліктеріне бейім етуге мүмкіндік береді», – деді Қазақстандағы Еуропалық одақ Өкілдігінің Ынтымақтастық бөлімінің басшысы Йоханнес Баур.
Group of professionals in suits posing for a photo in front of the United Nations emblem and flags.
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Салтанат Бөтеу