Абай және Ұлытау облыстарында жергілікті өзін-өзі басқару тақырыбында семинарлар өтті

2025 ж. 24 July
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Абай және Ұлытау облыстарында БҰҰДБ және ЖАО қолдауымен жергілікті өзін-өзі басқару әлеуетін арттыруға және шешім қабылдаудың инклюзивті тетіктерін дамытуға бағытталған семинарлар сериясы өтті.

Семинарлар 2025 жылдың мамыр-маусым айлары аралығында сегіз қала мен ауданда өтті: Абай облысында Аягөз, Жаңасемей, Көкпекті және Мақаншы аудандарында; Ұлытау облысында Жаңаарқа, Қаражал, Ұлытау және Сәтпаев аудандарында. Оларға әкімдіктердің, қоғамдық кеңестердің, мәслихаттардың және ҮЕҰ өкілдері қатысты.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Бағдарлама жергілікті билік алдында тұрған өзекті мәселелерді талқылауды қамтыды және қатысушыларға басқарудың және халықпен өзара іс-қимылды жақсартудың практикалық құралдарын ұсынды.

Басты назар мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзгерістерге, соның ішінде жаңа Бюджет кодексін енгізуге, өңірлік жоспарлауға және билік деңгейлері арасында өкілеттіктерді үлестіруге қатысты жаңа тәсілдерге аударылды. Екі күн бойы қатысушылар облыстық, аудандық және ауылдық деңгейлер арасындағы өзара іс-қимыл ерекшеліктерін, сондай-ақ жария сектордағы жобаларды басқару тәсілдерін зерделеді.

Жекелеген сессиялар түрлі бастамаларды тұрғындардың қатысуымен әзірлеуге арналды. Қатысушылар жергілікті тұрғындармен бірге басым міндеттерді анықтау, әлеуметтік-экономикалық контекстіні ескере отырып жобалық идеяларды қалыптастыру және олардың тиімділігін негіздеу жолдарын талқылады.

«БҰҰДБ Емелтау сияқты шалғай елді мекендерге қолдау көрсетіп жатқанына қуаныштымыз», — деді Емелтау ауылдық округінің әкімі Қадіржан Қабдіқалімов. «Біздің округ Қарағанды облысымен шекаралас, облыс орталығынан 600 шақырым және аудан орталығынан 240 шақырым жерде орналасқан. БҰҰДБ өңірлік бағдарламасының арқасында біз, мысалы, жиі шығып тұратын орман өрттері мәселесін шешкіміз келеді».
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Азаматтарды бюджет жасау барысына қатыстыру тақырыбы негізгі басымдықтардың бірі ретінде ұсынылды. Қатысушылар «халық қатысуымен жасалған бюджет» тетіктерін зерттеп, әртүрлі өңірлерден алынған мысалдарды талқылап, қаражатты бөлудің ашықтығын қамтамасыз етудің өз шешімдерін ұсынды.

Қоғамдық қадағалау мәселелері де қаралды: қоғамдық кеңестердің жұмысы, қазіргі заңнама нормалары және қолданыстағы тәжірибе. Қорытынды кезеңде әкімнің есебін талдау бойынша рөлдік ойын өткізілді, онда қатысушылар алған білімдерін имитациялық форматта қолданып көрді.

Семинарларды отандық сарапшылар Шолпан Әйтенова мен Алтынай Нұркеева жүргізді. Әр кездесудің қорытындысы бойынша қатысушылар жобалық ұсыныстар әзірлеп, оларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.

«Жаңа Бюджет кодексінің қабылдануымен жергілікті бюджеттердің кірісі артты. Енді көп нәрсе сол ресурстардың қаншалықты тиімді пайдаланылып, халықтың қаншалықты белсенді қатыстырылатынына байланысты болады», —
деп атап өтті Шолпан Әйтенова.
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Шілде және тамыз айларында екі облыста да семинарлардың екінші сериясы өтеді. Аталмыш сессиялар алғашқы іс-шаралар кезінде іргетасы қаланған негіздерге сүйене отырып, жергілікті өзін-өзі басқарудағы коммуникацияны дамытуға, ашықтықты арттыруға және есеп беруді қамтамасыз етуге бағытталады.

Семинарлар Қазақстанның екі жаңа әкімшілік бірлігі болып табылатын Абай және Ұлытау облыстарын қолдау мақсатында 2024 жылы басталған БҰҰДБ өңірлік даму бағдарламасы аясында өткізілді. Бағдарлама ОДМ сәйкес қызметтерге қол жеткізудегі аумақтық айырмашылықтарды азайтуға, инфрақұрылымды дамытуға және халықтың мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.