БҰҰДБ Ұлытау облысында жергілікті өзін-өзі басқару саласын нығайтуға бағытталған семинарлар сериясын өткізуді бастады

2025 ж. 16 May

Сәтбаев қаласынан келген қатысушы.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Александр Тиунов

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаржылық қолдауымен БҰҰДБ Ұлытау облысында орнықты дамуға және теңсіздікті еңсеруге бағытталған семинарлар сериясын өткізуді бастады. «Өңірлердің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуы: барлық мүдделі тараптарды тарту» атты бастама жергілікті билік органдары мен қауымдастықтардың инклюзивті әрі ашық даму үдерістерін қалыптастырудағы рөлін күшейтуге баса назар аударады.

Семинарлар 13–23 мамыр аралығында Қаражал және Сәтбаев қалаларында, сондай-ақ Жаңаарқа және Ұлытау аудандарында өтпек. Іс-шаралар жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің, мәслихат депутаттарының, қоғамдық кеңес мүшелерінің, үкіметтік емес ұйымдар мен ауылдық округ әкімдерінің аумақтық даму бастамалары бойынша бірлесіп жұмыс істеу әлеуетін арттыруға бағытталған.

Сәтбаев қаласынан келген қатысушылар.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Александр Тиунов

Бағдарлама билік органдары мен халық арасындағы ынтымақтастықты нығайту, мемлекеттік басқару саласын жетілдіру және азаматтардың шешім қабылдау процестеріне қатысу аясын кеңейту туралы тақырыптарды қамтиды. Қатысушылар жаңа Бюджет кодексімен, өңірлік жоспарлау стандарттарымен және бюджетті қалыптастыруға қатысу тетіктерімен танысады. Сонымен қатар халықты бюджет процесінің барлық кезеңдеріне тартуға және қоғамдық бақылау тетіктері айқын жобаларды бірлесіп іске асыруға ерекше көңіл бөлінеді.

Күн тәртібі аясында жобаларды басқару, бағдарламаларға мониторинг жасау және оларды бағалау, сондай-ақ жергілікті қауымдастықтармен ашық коммуникация құру арқылы сенім қалыптастыру сияқты маңызды тақырыптар талқыланады.

Сәтбаев қаласынан келген қатысушы.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Александр Тиунов

Семинарлар БҰҰДБ-ның 2024 жылы Абай және Ұлытау облыстарында іске қосылған жергілікті дамуды қолдау бағдарламасы аясында өтуде. Бұл бастама қызметтерге, инфрақұрылымға және жұмыспен қамту мүмкіндіктеріне қолжетімділігіне қатысты жергілікті теңсіздікті жоюға, сондай-ақ Орнықты даму мақсаттарына (ОДМ) сәйкес жергілікті қауымдастықтардың әлеуетін арттыруға бағытталған. Қажеттіліктерді бағалау жұмысы әр өңірдің нақты жағдайына қарай қолдау көрсетіп, оқытуға мүмкіндік береді.

Бағдарлама жергілікті деңгейдегі әлеуетті дамытуға басымдық бере отырып, 2025 жылғы Ерікті ұлттық шолуға (ЕНШ), яғни ОДМ-ға жету бойынша ұлттық прогресті бағалауға да үлес қосады. Өңірлік кеңес беру және ортақ жоспарлау арқылы бастама мемлекеттік стратегияларды қалыптастыру барысында жергілікті, әсіресе гендерлік теңдік (ОДМ 5), қызметтердің сапасы және қауымдастықтардың орнықтылығы сынды салалардағы басымдықты ескеруге мүмкіндік береді.

Жақында Ұлытау өңірінде қатарынан жүзеге асырылған бастама аясында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің, Мемлекеттік басқару академиясы мен БҰҰДБ-ның қолдауымен «Әкімдер мектебі» семинары ұйымдастырылды. Бағдарлама ауылдық округ әкімдерін цифрлық трансформация жағдайында тиімді басқаруға дайындады. Қатысушылар цифрлық басқару негіздерімен, кибергигиена ережелерімен танысып, «Әкімнің цифрлық жұмыс орны» және eGov сынды мемлекеттік электрондық қызметтермен жұмыс істеуді меңгерді.

Сәтбаев қаласынан келген қатысушылар.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Александр Тиунов

БҰҰДБ орнықты даму жергілікті деңгейден басталады деп сенеді. Сондықтан да бұл пилоттық бастама — институционалдық даму және азаматтарды тарту процестері мен цифрлық инновацияларды біріктіре отырып, өңірлердегі орнықты прогресті жеделдетуге бағытталған ауқымды күш-жігердің негізі. Келесі қадам — Абай облысының Аягөз, Жаңасемей, Көкпекті және Мақаншы аудандарындағы семинарлар сериясы.

Сәтбаев қаласынан келген қатысушылар.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Александр Тиунов