Мәслихат депутаттары өңірлік орнықты дамуды ілгерілетуде
2025 ж. 30 September
Қазақстан, 2025 жылғы қыркүйек — Ақтау қаласында, сондай-ақ Абай және Ұлытау облыстарында барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарына арналған орнықты даму мақсаттарын (ОДМ) жергілікті деңгейде іске асыру бойынша оқыту семинарлары өтті. Бұл іс-шаралар өңірлердің орнықты дамуына бағытталған стратегиялық жоспарлау мен бюджетті қалыптастыруда жергілікті өкілді органдардың рөлін күшейтуге бағытталған маңызды қадам болды.
Семинарлар Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму Бағдарламасы (БҰҰДБ), Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі және «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ серіктестігімен ұйымдастырылды.
Оқыту жергілікті қауымдастықтардың кең ауқымды өкілдерін қамтыды, бұл ОДМ-ды өңірлік бағдарламалар мен бюджеттерге интеграциялау міндеттерін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Негізгі назар ОДМ-ды іске асыруды бақылау жөніндегі Парламенттік комиссияның ұсынымдарын іске асыруға, сондай-ақ өңірлік дамудың саяси тұжырымдамасы мен жаңа Бюджет кодексін талқылауға аударылды.
«Бүгінгі іс-шара өңірлік деңгейде орнықты даму мақсаттарын іске асыру және бұл үдерісте мәслихаттардың рөлін талқылауға арналған. Өңірлердің дамуы — елдің орнықты ілгерілеуінің негізгі факторы. Адамдардың өмір сүру сапасы ең алдымен өңірлерде қалыптасады. Сондықтан орнықты даму мақсаттарына тек жергілікті деңгейде белсенді жұмыс арқылы қол жеткізуге болады», — деді ҚР ҰЭМ Мемлекеттік органдарды дамыту және әлеуметтік саясат департаментінің директоры Нұргүл Жанназарова.
Жаңа Бюджет кодексі ресурстарды бөлу ашықтығы мен есептілігін арттырады, ал өңірлік дамудың саяси тұжырымдамасы аумақтық теңсіздікті азайтуға бағытталған стратегиялық басымдықтар мен тетіктерді айқындайды. Осы жағдайларда мәслихаттар азаматтарды шешім қабылдауға тартуда, бюджетті бақылауда және ОДМ-ды өңірлік даму бағдарламаларына интеграциялауда маңызды рөл атқарады.
Мәслихаттар өкілді орган ретінде өңірлік саясатты қалыптастыру кезінде халықтың қажеттіліктері мен басымдықтарын ескеруді қамтамасыз етеді. Азаматтар, жергілікті атқарушы органдар және орталық мемлекеттік құрылымдар арасындағы байланыстырушы буын ретіндегі олардың рөлі депутаттардың құзыреттерін жүйелі түрде нығайтуды және сараптамалық дағдыларды дамытуды талап етеді.
Семинарлар депутаттарға жергілікті бюджеттердің құрылымы, кіріс көздері және шығыстар бағыттары туралы кешенді түсінік қалыптастыруға бағытталды. Бюджет процесінің негізгі кезеңдеріне — жоспарлаудан бастап орындалуға дейін, сондай-ақ қаржылық бақылау тетіктері мен бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін бағалау құралдарына ерекше назар аударылды.
Жеке блок төртінші деңгейдегі бюджет — ауылдық округ бюджеті мәселелеріне арналды. Қатысушылар мұндай бюджеттерді қалыптастыру және орындау тетіктерін, әкімдердің өкілеттіктерін және есептілік рәсімдерін талқылады. Сондай-ақ «қатысу бюджеті», қоғамдық талқылаулар және бастамашыл бюджеттеу сияқты халықтың бюджетке қатысуының заманауи құралдары қарастырылды.
«Бұл тренинг — шынымен де қажетті іс-шаралардың бірі, өйткені мұнда орнықтылықты дамыту, мәслихат депутаттарының өңірдің әлеуметтік-экономикалық деңгейін арттырудағы рөлі және басқа өңірлермен тәжірибе алмасу мәселелері қарастырылады», — деді Сәтбаев қалалық мәслихатының депутаты Даулет Сейтпеков.
Семинарлар депутаттардың ОДМ-ды өңірлік әлеуметтік-экономикалық даму жоспарларына және төртінші деңгейдегі бюджеттерге бейімдеу және интеграциялау мәселелері бойынша құзыреттерін арттыруға ықпал етті. Өңірлердің стратегиялық және бағдарламалық құжаттарына ОДМ-ды енгізу бойынша ұсынымдар әзірленді, сондай-ақ мәслихаттар, мемлекеттік органдар және халықаралық ұйымдар арасындағы одан әрі ынтымақтастық бағыттары айқындалды.
Маңызды нәтиже — әртүрлі деңгейдегі депутаттар арасындағы тәжірибе алмасу болды, бұл табысты тәжірибелерді елдің басқа өңірлерінде енгізуге және орнықты даму үдерісінде қоғамдық өкілдік пен бақылаудың негізгі институты ретінде мәслихаттардың рөлін нығайтуға мүмкіндік береді.