Digital Kyzylorda: Астанадағы тәжірибе алмасу бағдарламасы жергілікті кәсіпкерлерді жаһандық инновациялармен таныстырады

2025 ж. 2 October

Семинарға қатысушылар мен қонақтардың топтық суреті.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Асхат Нұрекин

Осы аптада Digital Kyzylorda бастамасы өз шарықтау шегіне жетті: өңірдің 15 кәсіпкері мен жергілікті билік органдарының өкілі Астанадағы тәжірибе алмасу семинарына жол тартып, онда цифрлық трансформация, стартаптарды қолдау және ЖИ-дің өсіп келе жатқан рөлі туралы сессияларға қатысты. Maqsut Narikbayev University алаңында өткен бағдарлама Астанадағы шағын және орта бизнес (ШОБ) өкілдерінің сарапшылық дәрістерін, бизнес презентацияларды және байланыс орнату жағын біріктіріп, қатысушыларға Digital Bridge 2025 халықаралық технологиялық форумында адам дамуы мен технологиялар жөнінде кең ауқымды пікірталасқа қосылуға мүмкіндік берді.

Семинар Қазақстандағы Корея Республикасының Елшілігі, Корея Республикасының ШОБ және стартаптар министрлігі жанындағы Шағын кәсіпкерлік және нарық қызметі (SEMAS), БҰҰДБ-ның Сеулдегі саяси зерттеулер орталығы, Қазақстандағы БҰҰДБ және Maqsut Narikbayev University өкілдерінің баяндамаларымен ашылды.

«Корея үкіметі адами капиталды дамыту мен ШОБ-ны қолдауды ұлттық экономикалық өсудің негізгі факторлары деп біледі. Бүгінде біз цифрлық трансформация дәуірінде өмір сүріп жатырмыз: ЖИ мен big data технологиялары қоғамды ғана емес, шағын және орта кәсіпкерліктің бизнес-ортасын да түбегейлі өзгертуде. Сондықтан да мен Digital Kyzylorda бастамасын уақытылы әрі маңызды жоба деп санаймын. Ол Қызылорда облысындағы ШОБ-ның артып келе жатқан цифрлық қажеттіліктерін белсенді түрде қанағаттандыруға бағытталған», —
деді Чжо Тэ-ик, Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі.

Чжо Тэ-ик, Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Асхат Нұрекин

БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа Digital Kyzylorda бастамасына қатысты пікір айтып, оны экожүйені дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді іс-шаралардың бір бөлігі деп атады:

«Digital Kyzylorda жай ғана технологияларға қатысты дүние емес. Бұл — кәсіпкерлер үшін өз әлеуетін ашу және өз қоғамдастықтарының болашағына ықпал ету мүмкіндігі. Біз БҰҰДБ-да орнықты даму жергілікті деңгейден басталатынына нық сенеміз және Қызылорданың өсіп-өркендеуіне себепші болып жатқанымызды мақтан тұтамыз».

Қатысушылар екі күн бойы көптеген қолдау құралдары мен практикалық мысалдарды зерделеді. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған сессияларда шағын бизнесті қаржылай емес қолдау шаралары ұсынылды. «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы аясында гранттар, несиелер мен кепілдіктер мәселелерін талқылады. «QazInnovations» Инновацияларды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігі инновациялық гранттарын, стартап инфрақұрылымын ұсынды, ал әлеуметтік кәсіпкерлік сарапшылары қоғамдық жобаларды орнықты кәсіпорындарға айналдыру үлгілерімен бөлісті.

Шағын несиелерді, субсидияларды және ынтымақтастық механизмдерін талқылау қатысушыларға ірі қалалардан тыс жерлерде бастамаларды қолдаудың практикалық жол картасын ұсынды. Назарбаев Университетінің Бизнес-инкубаторы ұйымдастырған инкубация және акселерация бойынша семинар стартаптарды ерте сатыларда қалай масштабтауға болатынына куә болу мүмкіндігін ұсынды.

«Семинар шынымен де өте нәтижелі болды: жаңа ақпараттық технологиялармен танысып, құнды тәжірибе жинадық. Ерекше әсер қалдырған спикер — әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша сарапшы Эмин Аскеров. Оның сөзі бізді жақсы болуға және адамдарға жақсылық жасауға шабыттандырды», —
деді Аякөз Мұқанова, азық-түлік дүкенінің иесі.
«Семинар жағымды әсер қалдырды. Әсіресе Кореядан келген өкілдермен танысқанымыз өте құнды болды — олар тәжірибелерімен кеңінен бөлісті, әрі тілдік кедергіге қарамастан, олармен қарым-қатынас жасау таңғаларлықтай жеңіл әрі еркін болды», —
деп бөлісті жылыжай иесі Бауыржан Ермағанбетов.

Пікірталастың басты баяндамашысы Вон-Сан Ча, SEMAS Цифрлық стратегия бөлімі басшысы болды. Оның лекциясы Кореяның әлемдегі ең озық цифрлық экономикалардың бірін құрудағы тәжірибесіне, атап айтқанда, ШОБ мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған саясатты әзірлеуге арналды.

Вон-Сан Ча, Корея Республикасының ШОБ және стартаптар министрлігі жанындағы Шағын кәсіпкерлік және нарық қызметі (SEMAS) Цифрлық стратегия бөлімі басшысы.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Асхат Нұрекин

Цифрлық трансформация және ШОБ-ға  арналған ЖИ туралы баяндамасында ол Корея экожүйесінен алынған сабақтар, соның ішінде субсидияланатын бұлттық қызметтер мен оқыту бағдарламалары, сондай-ақ шағын бизнеске нарықтарға шығуға көмектесетін ЖИ негізінде жұмыс істейтін платформалар туралы айтып берді:

«Цифрландыру — баршаға ортақ қажеттілік. Машиналық оқыту, генератив ЖИ және дауысты танудағы жетістіктер шағын бизнес пен стартаптар үшін тиімділік пен бәсекеге қабілеттілікті арттыруға мүмкіндіктер ұсынады. Орнықты және инклюзивті цифрлық экожүйемен, жұмыс күшін оқытумен қатар мемлекет және жеке меншік сектор тарапынан көрсетілетін қолдау саясаты мұны шындыққа айналдыру үшін шешуші мәнге ие».

Ча мырзаның Астанадағы бағдарламасы ауқымды болды. Ол Maqsut Narikbayev University мен Астана халықаралық университетінде дәріс оқып, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелеріне Кореядағы цифрлық басқару бойынша презентация жасап, идея алмасты, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының төрағасы Райымбек Баталовпен кездесті, содан кейін Digital Bridge-те сөз сөйлеп, министрлермен, парламент мүшелерімен және БҰҰДБ басшылығымен жоғары деңгейдегі диалогқа атсалысты.

Digital Bridge барысында қатысушылар ЖИ туралы жаһандық пікірталасқа қатысты. Іс-шара аясында БҰҰДБ-ның 2025 жылғы адам дамуы туралы «Шешім мәселесі: ЖИ дәуіріндегі адамдар мен мүмкіндіктер» атты баяндамасының презентациясы өтті. Баяндамада технологиялардың болашағы адамның қадір-қасиетіне, теңдікке және іс-әрекет еркіндігіне негізделуі керек деп ерекше атап көрсетілді.

Астанадағы тәжірибе алмасу бағдарламасы — Digital Kyzylorda бастамасының қорытынды кезеңі. Ол Қызылорда облысындағы микро, шағын және орта бизнестің (МШОБ) цифрлық сауаттылығын арттыруға, құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған семинарлардан басталған болатын.

2025 жылдың 15-22 сәуір аралығында Арал, Жалағаш, Жаңақорған, Қармақшы, Қазалы, Сырдария және Шиелі сынды жеті ауданның 162 кәсіпкері цифрлық маркетинг, электронды коммерция, автоматтандыру және жасанды интеллект құралдары туралы семинарларға қатысты. Қатысушылардың жартысына жуығы әйелдер болды, осылайша бастаманың кәсіпкерліктегі гендерлік теңсіздікті жоюға деген ұмтылысын көрсетті.

Кіріспе іс-шаралардан кейін көзге түскен 30-дан астам кәсіпкер Дағдылар зертханасында жаттықтырушы болуға шақырылып, фасилитация, инклюзивті педагогика және өз қауымдастығы үшін контентті жергіліктендіру дағдыларын игерді. Енді сол жаттықтырушылар жобаның ықпалын кеңірек жергілікті желілерге кеңейте отырып, мультипликатор ретінде әрекет ететін болады.

Digital Kyzylorda: тренерлерді оқыту.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Камал Ибрай

Корея Республикасы қаржыландыратын аталмыш бастама — БҰҰДБ-ның Сеулдегі саяси зерттеулер орталығының «Орнықты даму мақсаттары бойынша серіктестік: инклюзивті цифрлық трансформация арқылы МШОБ-ны қолдау» бағдарламасының бір бөлігі. Бастаманың мақсаты — Кореяның даму тәжірибесін Қазақстан жағдайына, әсіресе жастар мен әйелдер басқаратын МШОБ-ны қолдау тұрғысынан бейімдеу.

Ұзақ мерзімді перспективада жоба цифрлық құралдардың қалалар ғана пайдаланатын артықшылық қана емес, ауылдық кәсіпорындар мен қауымдастық көшбасшылары үшін қолжетімді болуын қамтамасыз етуге бағытталған. Яғни сырттан келген делдалдар кеткеннен кейін әлеуеттің сақталуын қамтамасыз ету үшін техникалық оқытуды, институционалдық қолдауды және жергілікті тұрғындардың қатысуын тоғыстыруды қамтиды.

«Бұл бастама тек цифрлық дағдыларды дамытуға ғана емес, сонымен қатар Қазақстан мен Корея арасында, мекемелер мен кәсіпкерлер арасында, сонымен қатар жергілікті қажеттіліктер мен жаһандық тәжірибе арасында «көпір салуға» бағытталған. Әріптестікті нығайтып, инклюзивті әрі орнықты болашақты құруға көмектесу үшін осы байланыстарды дамытайық», —
деді Хе-Джин Пак, БҰҰДБ-ның Сеулдегі саясат орталығындағы жеке меншік секторды тарту және дамыту бөлімі басшысы.

Хе-Джин Пак, БҰҰДБ-ның Сеулдегі саясат орталығындағы жеке меншік секторды тарту және дамыту бөлімі басшысы.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Асхат Нұрекин