Digital Kyzylorda: 160-тан астам жергілікті кәсіпкерге қолдау көрсетілді
2025 ж. 5 May
Шиелі ауданындағы тренингке қатысушылар.
БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) мен Корея Республикасы Үкіметінің қолдауымен ұйымдастырылған Digital Kyzylorda тренингтер сериясы жергілікті кәсіпкерлердің біліктілігін арттыруды мақсат тұтқан миссиясын сәтті аяқтады.
15-22 сәуір аралығында облыстың барлық жеті аймағынан — Арал, Жалағаш, Жаңақорған, Қармақшы, Қазалы, Сырдария және Шиелі аудандарынан келген 162 қатысушы Қазақстандағы микро, шағын және орта кәсіпкерліктің (МШОБ) шынайы жағдайына бейімделген аса маңызды цифрлық құзыреттерді меңгерді.
Қармақшы ауданындағы тренингке қатысушылар.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің мәліметі бойынша 2024 жылы еліміздегі шағын және орта бизнес иелерінің 48,1 пайызын әйелдер құраған. Тренингтер бұл көрсеткішті растады: 162 кәсіпкердің жартысына жуығы әйелдер болды. Қатысушылар ауыл шаруашылығы, бөлшек сауда, қоғамдық тамақтану және логистика сынды әртүрлі секторлардан болды, осылайша жергілікті салаларда цифрлық құралдар аса қажет екенін айқын көрсетті.
Тренингтер алуан түрлі әрі өте тиімді болды. Сессиялар Instagram және WhatsApp сияқты платформалардағы цифрлық маркетинг, Canva көмегімен контент жасау, бұлттық есеп, клиенттермен қарым-қатынасты басқару жүйелері (CRM), электрондық коммерция стратегиялары, тіпті жасанды интеллект сияқты жаңа технологияларды қамтыды.
Сырдария ауданындағы тренингке қатысушылар.
Тренерлер сондай-ақ киберқауіпсіздік, қаржылық операцияларды автоматтандыру, көбінесе жаңадан бастағандар үшін күрделі болып көрінетін Trello және Asana сияқты жобаларды басқару платформаларын пайдалану сияқты техникалық сипаттағы тақырыптарды қозғады. Бірақ тәжірибеге сүйене отырып оқытудың арқасында қатысушылар өздеріне бек сеніп, әлгі құралдар бизнес модельдерін қалай өзгерте алатынын елестете бастады.
Тренингтер сериясы кезінде ерекше көзге түскен жергілікті кәсіпкерлердің бірі Тоқтар Жүзімов болды, ол екі табысты кәсіпорынды: мейрамхана мен кәдесый дүкенін басқарады. Технологияның бизнес иелеріне беретін мүмкіндіктерін түсінетін адам ретінде ол клиент тарту үшін цифрлық контент жасау, мақсатты жарнама және әлеуметтік желілерде жарнама жасау әдістерін пайдаланады. Тоқтар үшін тренинг өз стратегиясын жетілдірудің және нығайтудың бірден-бір жолы болды.
Шиелі ауданындағы тренингке қатысушы Тоқтар Жүзімов.
Қатысушылардың пікірлері бағдарламаның әсерін нақты сипаттап берді. Көпшілігі теория мен тәжірибе арасындағы тепе-теңдікті, күрделі цифрлық тақырыптарды түсінікті етіп жеткізуді жоғары бағалады. Кейбір кәсіпкерлер үшін тренинг барысында қозғалған тақырыптар жаңа болды, бірақ олардың жаңа концепцияларды меңгеруге және іс жүзінде қолдануға деген ынтасы мен табандылығы тайға таңба басқандай көрініп тұрды. Тренерлер өз білімінің өзектілігін және дереу қолдануға болатынын түсінгеннен кейін қатысушылардың белсенділігі қаншалықты тез артқанын ерекше атап өтті.
БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа жергілікті деңгейде мүмкіндіктерді арттырудың маңыздылығын атап өтті:
«Біз БҰҰДБ-да орнықты даму жергілікті деңгейден басталады деп есептейміз. Қызылорда облысында жұмыс орындарын ашатын және өз қоғамдастықтарының болашағын қалыптастыратын кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді мақтан тұтамыз. Осындай тренингтер адамдар түрткі болатын әрі адамдарға арналған ұзақ мерзімді инклюзивті өсудің негізін қалайды».
Digital Kyzylorda тренингтер сериясы — БҰҰДБ-ның Сеул қаласындағы Саяси зерттеулер орталығымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Инклюзивті цифрлық трансформация арқылы МШОБ-ны қолдау бойынша ОДМ саласындағы серіктестік» деп аталатын ауқымы кеңірек бастаманың бір бөлігі. Тренингтер цифрлық прогрестің ауқымы кеңейтілетін және инклюзивті практикалық жоспарын құрастыра отырып, Корея Республикасының озық даму тәжірибесін Қазақстан өңірлерінің жергілікті контекстімен бір арнаға тоғыстырады.
Олеся Матяштың Шиелі ауданында тренинг жүргізіп жатқан сәті.
«Корея Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жомарт қолдауымен БҰҰДБ-ның Сеул қаласындағы Саяси зерттеулер орталығы серіктес елдермен тығыз ынтымақтастық арқылы Кореяның даму тәжірибесін практикалық, нақты контекстке негізделген шешімдерге айналдыруға көмектеседі. Digital Kyzylorda — біздің даму саласындағы жаһандық шешімдерді жергіліктендіру миссиямыздың жарқын үлгісі. Біз Қызылордадағы МШОБ-ның дағдыларды игеру, сенімділікті арттыру және бизнесті нығайту үшін цифрлық құралдарды пайдаланып жатқанын мақтан тұтамыз» , —деді Энн Юпнер, БҰҰДБ-ның Сеул қаласындағы Саяси зерттеулер орталығының директоры.
Тренингтердің осы айналымы аяқталғанымен, әсері мен ықпалы әлі бітпек емес. Тың серпін, игерілген дағдылар және қалыптасқан желілер қазірдің өзінде Қызылорданың кәсіпкерлік саласында жан-жаққа тараған толқын тәрізді әсер тудырып жатыр. Мейрамхананы Интернет желісіне шығару, гүл дүкенінің цифрлық маркетинг науқаны немесе ферманың оңтайландырылған бухгалтерлік есеп жүйесі болсын, цифрлық сауаттылықтың әсері күнделікті өмірде анық сезіліп жатыр.
Жалағаш ауданындағы тренингке қатысушылар.
Цифрлық трансформация инклюзивті және тиімді болған кезде жай ғана тренд емес, жергілікті дамудың тұрақты қозғаушы күшіне айналады. Digital Kyzylorda сияқты бастамалардың арқасында жергілікті кәсіпорындар күнелтіп қана қоймай, гүлденіп-көркейетін, қажетті байланыстар орнататын, ұлттық және жаһандық деңгейде епті және бәсекеге қабілетті болатын болашақтың іргетасы қаланады.