БҰҰДБ мен Қазақстан Республикасының Үкіметі «Әкімнің цифрлық кабинетін» әзірлеу бойынша стратегиялық сессия өткізді

2026 ж. 13 February
Photo: Male presenter in a purple blazer on stage with a multi-column slide.
Фото: БҰҰДБ Қазақстан

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) қолдауымен өңірлік дамуды деректерге негізделген басқаруды күшейтуге бағытталған перспективалық цифрлық құрал — Әкімнің цифрлық кабинетін әзірлеуге арналған стратегиялық сессия өткізді.

Аталған бастама Қазақстан Республикасы Президентінің жергілікті атқарушы органдарды мемлекеттік ақпараттық платформалар мен деректер қорларына қолжетімділікпен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес әзірленуде. Сессияға қатысушылар өңірлік билік органдарына қолданыстағы цифрлық ресурстарды жергілікті басқару практикасына тиімдірек енгізуге мүмкіндік беретін тәсілдер мен шешімдерді бірлесіп айқындау жұмысын жалғастыруға келісті.

Әкімнің цифрлық кабинеті аумақтың «цифрлық егізі» форматында экономикалық, әлеуметтік, экологиялық және кеңістіктік деректерді біріктіретін бірыңғай цифрлық архитектура ретінде қарастырылады. Бұл модель сценарийлік жоспарлау, даму әлеуетін бағалау және ұлттық стратегиялармен, Орнықты даму мақсаттарымен және климаттық міндеттемелермен үйлестірілген инвестициялық басымдықтарды айқындау үшін негіз бола алады.

Стратегиялық сессия жұмысына Премьер-Министр Кеңсесінің, Ұлттық экономика министрлігінің, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, Су ресурстары және ирригация министрлігінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің, Ауыл шаруашылығы министрлігінің, сондай-ақ Астана қаласы әкімдігінің, Солтүстік Қазақстан облысының және басқа да бірқатар министрліктер мен ведомстволық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун бастаманың маңыздылығын атап өтті:

«Әкімнің толыққанды цифрлық кабинетін әзірлеу — мемлекеттік деректер мен цифрлық платформаларды жергілікті деңгейде шешім қабылдаудың ажырамас бөлігіне айналдыру жолындағы практикалық қадам. Біз жергілікті атқарушы органдардың ақпараттық ресурстар мен деректер қорларын неғұрлым дәл әрі уақтылы басқару үшін пайдалануына жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз».
Speaker in suit at a black podium, arms on the sides, backdrop features marble wall and banner.
Фото: БҰҰДБ Қазақстан

Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа деректерге негізделген саясат құралдарының маңызын атап өтті:

«Деректерді пайдалану даму процесін басқаруға деген көзқарасты түбегейлі өзгертуге нақты мүмкіндік береді. БҰҰДБ Қазақстан Үкіметін цифрлық инновацияларды орнықты даму және экономикалық жоспарлау міндеттерімен ұштастыратын заманауи басқару құралдарын әзірлеуде қолдайды. Бұл стратегиялық сессия деректерге негізделген тиімді, орнықты және төзімді жоспарлау жүйелерін қалыптастыру жолындағы ортақ көзқарас пен келесі қадамдарды айқындауда маңызды кезең болып табылады».
Photograph of a speaker at a lectern in a conference hall, wearing a dark blazer and blue shirt.
Фото: БҰҰДБ Қазақстан

Сессия барысында қатысушылар түрлі дереккөздерден алынатын деректерді тереңірек ықпалдастыру және оларды стратегиялық шешім қабылдау, инвестицияларды болжау және өсім басымдықтарын айқындау үшін практикалық тұрғыда қолдану арқылы ұлттық жоспарлау жүйесін нығайтудың маңызын талқылады. Өңірлік даму стратегияларына климаттық тәуекелдерді, жердің тозуы мәселелерін, климаттың өзгеруіне бейімделуді және табиғи капиталдың жай-күйін интеграциялауға ерекше назар аударылды. 

Сессия аясында сондай-ақ ағымдағы жағдай мен қолданыстағы цифрлық шешімдерге талдау жүргізіліп, жүйенің алдын ала архитектуралық тұжырымдамасы әзірленді және алдағы қадамдар келісілді. Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар ведомствоаралық жұмыс тобын құруға, жол картасын әзірлеуге және бастаманы одан әрі дамытуға арналған бірлескен жұмыс жоспарын қалыптастыруға, оның ішінде ең төменгі өміршең өнімді (MVP) әзірлеу мен институционалдық және техникалық талаптарды айқындауға келісті.

Аталған бастама Солтүстік Қазақстан облысында пилоттық түрде іске асырылып жатқан БҰҰДБ жобалар портфелінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Солтүстік Қазақстан ландшафтында орнықты азық-түлік жүйелерін дамыту және экожүйелік қызметтерді жақсарту (FOLUR)», «Климаттың өзгеруіне бейімделуді Қазақстанның стратегиялық жоспарлау жүйесіне интеграциялау (NAP)» және «Орталық Азиядағы қалалардың апаттар қаупі мен климаттың өзгеруіне төзімділігін арттыру» жобалары қамтылған.