БҰҰДБ мен Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік қорғау жүйесін нығайтуға бағытталған Ниеттер хатына қол қойды
2026 ж. 29 January
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) Қазақстандағы әлеуметтік және еңбек жүйесін нығайту мен жаңғыртуға бағытталған ынтымақтастықты тереңдетуге бейілділігін растау мақсатында Ниеттер хатына қол қойды. Бұл келісім елде орнықты, инклюзивті және цифрлық әлеуметтік қорғау жүйесін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болып табылады.
Серіктестік қазіргі және туындайтын әлеуметтік‑экономикалық сын‑қатерлерге тиімді жауап бере алатын икемді, экономикалық тұрғыдан негізделген және әділетті әлеуметтік қорғау жүйесін дамытуға қолдау көрсетуге бағытталған. Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына 2026–2030 жылдарға арналған Әлеуметтік саясат тұжырымдамасын әзірлеу және іске асыру, әлеуметтік қызметтерді оңтайландыру үшін жасанды интеллектіні (ЖИ) енгізу, сондай‑ақ әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға қолдау көрсету кіреді.
Қол қою рәсімінде сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев ұлттық әлеуметтік жүйелерді нығайтудағы стратегиялық серіктестіктің маңыздылығын атап өтті.
«Көптеген жылдар бойы БҰҰДБ Министрлік үшін халықаралық сараптама мен тәжірибеге қол жеткізуге мүмкіндік беретін негізгі стратегиялық серіктес болып келеді. Бұл Ниеттер хаты жасанды интеллектіні енгізуге басымдық бере отырып, әлеуметтік қорғау жүйесін жаңғырту, еңбек нарығын трансформациялау, инклюзивті қоғамды дамыту, көші қон процестері және өзге де бағыттар бойынша жұмыстың негізі болады»,— деді ол.
Қазақстандағы БҰҰДБ‑ның Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа БҰҰДБ‑ның Қазақстандағы әлеуметтік саясат реформаларын қолдауды жалғастыратынын атап өтті.
«БҰҰДБ Министрлікпен адамға бағдарланған әлеуметтік қорғау жүйесін дамыту мақсатында ынтымақтастықты тереңдетуге қуанышты. Саясаттағы инновациялық шешімдерді, цифрлық технологияларды және осал топтарға бағытталған қолдауды біріктіре отырып, біз ешкімді назардан тыс қалдырмайтын орнықты және инклюзивті дамуға үлес қосуды көздейміз»,— деді ол.
Бұл Ниеттер хаты неғұрлым кең әрі стратегиялық серіктестіктің негізін қалайды, сондай‑ақ тараптар келісілген бастамаларды іске асыруды қолдау үшін ресурстарды бірлесіп жұмылдыруға және тиімді пайдалануға дайын екендіктерін білдірді.
Келісім екі ұйымның Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жолында бірлесіп жұмыс істеу және Қазақстан халқының қажеттіліктері мен үміт‑тілектеріне сай әлеуметтік қорғау жүйесін одан әрі нығайту жөніндегі ортақ көзқарасын айқындайды.