Қазақстан медицинадағы жасанды интеллект (ЖИ) дәуіріне қалай дайындалуда

2026 ж. 19 March
Group of diverse professionals posing on steps in front of a brick building with a UNDP banner.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Денсаулық сақтау саласындағы жасанды интеллект (ЖИ) жүздеген мың адамның өмірін сақтап қалуға, диагностикалық қателер санын айтарлықтай қысқартуға және дәрігерлерге түсетін жүктемені едәуір төмендетуге қабілетті — мұны сарапшылардың болжамдары растайды. Денсаулық сақтау — ЖИ ең қарқынды өзгеріс енгізіп жатқан салалардың бірі: алгоритмдер қазірдің өзінде онкологиялық ауруларды симптомдар пайда болмай тұрып анықтай алады, Альцгеймер ауруының даму қаупін клиникалық белгілер пайда болғанға дейін бірнеше жыл бұрын болжайды және инсультті дәрігерден де жылдамырақ әрі дәл анықтайды.

Қазақстан осы жаһандық денсаулық сақтау трансформациясының бір бөлігіне қалай айнала алады — бұл мәселелер 18–19 наурыз күндері Бурабайда өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) Қазақстандағы өкілдігі мен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі ұйымдастырған стратегиялық сессия барысында талқыланды.

Екі күнге созылған іс-шара мемлекеттік органдардың, технологиялық компаниялардың және халықаралық серіктестердің өкілдерін бір алаңға жинады. Сессия БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі бірлескен қорының «Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесін цифрлық трансформациялауға интеграцияланған тәсілдер» жобасы аясында өткізілді. Аталған жоба Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы мен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі бірлесіп жүзеге асыруда.

Қазақстандағы eHealth

Қазақстан денсаулық сақтау саласын цифрлық трансформациялау бағытында алғашқы қадамдарын жасап отырған ел емес. Соңғы онжылдықта ел қағаз түріндегі медициналық карталардан Орталық Азиядағы ең цифрланған Денсаулық сақтау жүйелерінің біріне дейін өтті. 2026 жылдың соңына дейін Қазақстанда барлық негізгі сервистерді — дәрігерге жазылудан бастап анықтамалар мен рецепттер алуға дейін, сондай-ақ денсаулық туралы толық ақпаратты біріктіретін бірыңғай цифрлық портал E-Health.kz іске қосылады. Бұған дейін елде пациенттердің жағдайын бақылауға арналған автоматтандырылған жүйе іске қосылған болатын. Бұл жүйе емханалардан деректер алуға және бақылау карталарын қалыптастыруға мүмкіндік беріп, науқастардың жағдайының нашарлауына жедел әрекет етуге жағдай жасайды. Сонымен қатар, Қазақстанда 1800-ден астам медициналық ұйым пациенттерді цифрлық сәйкестендіру жүйесін қолданады. Бұл жүйе 66 миллион қабылдаудың 26 миллионын (39%) қамтып, шығындарды үнемдеумен қатар дәрігерлерге түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Елде рецепттердің 75%-дан астамы электрондық форматта жазылады, ал дәрілік заттарды таңбалау жүйесі 360 миллионнан астам қаптаманы қамтыды.

Сонымен қатар, дәл осы айқын жетістіктер кезеңінде келесі, анағұрлым күрделі мәселе туындайды. Бүгінде Қазақстанда денсаулық сақтау саласында 17 ұлттық ақпараттық жүйе жұмыс істейді. Деректер жиналып, жаңа технологиялар енгізілуде. Алайда бұл жүйелер әрдайым өзара байланысқан емес, демек олардың жиынтық әлеуеті толық пайдаланылмай отыр.

Дәл осы қайшылық сессиядағы талқылаудың негізгі өзегіне айналды. Талқылау барысында атап өтілгендей, бүгінгі мәселе шешімдердің жоқтығында емес, жүйенің барлық қатысушылары арасында өзара байланыс пен үйлесімділікті қамтамасыз ету қажеттігінде.

Цифрлық трансформацияға интеграцияланған тәсілдер

Екі күндік жұмыс барысында сарапшылар елдегі денсаулық сақтау саласындағы барлық 17 ақпараттық жүйеге жүргізілген жан-жақты талдаудың нәтижелерін ұсынды — олардың архитектурасына баға беріліп, бірыңғай цифрлық экожүйеге интеграциялану әлеуеті қарастырылды. Сонымен қатар, деректерге негізделген басқаруға (data-driven) көшу мәселесіне ерекше назар аударылды: яғни шешімдерді интуиция мен өткен тәжірибеге емес, деректерге, аналитикаға және болжауға сүйене отырып қабылдау.

Талқылаудың елеулі бөлігі жасанды интеллектке (ЖИ) арналды — бұл бір жағынан жаңа мүмкіндіктер ашатын, екінші жағынан маңызды сұрақтар туындататын технология. Қатысушылар, соның ішінде Қазақстандағы жасанды интеллектті дамыту қауымдастығы және Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы өкілдері, ЖИ-ді реттеудің халықаралық модельдерін, клиникалық практикаға ЖИ шешімдерін енгізу тәжірибесін, сондай-ақ бірқатар өзекті мәселелерді талқылады: алгоритм шешімдері үшін жауапкершілікті кім көтереді, медицинадағы ЖИ қызметтерін қалай тарификациялау керек және инновациялар мен пациент қауіпсіздігі арасындағы теңгерімді қалай қамтамасыз ету қажет.

Сондай-ақ неғұрлым нақты құралдар қарастырылды: дәрілік қамтамасыз етуді басқарудың ашықтығын арттыру мақсатында eLMIS жүйесін дамыту, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жүйесі шеңберінде клиникалық хаттамаларды цифрлық форматқа көшіру, сондай-ақ тұрақты деректер экожүйесінің негізі ретінде бірыңғай стандарттарды қалыптастыру.

Синхрондау процесі- өзгерістердің шарты

Сессияның мақсаты түпкілікті шешімдер қабылдау емес, мемлекет, сарапшылар және бизнес өкілдері арасында ортақ түсінік қалыптастыруға арналған алаң құру болды. Күрделі жүйелік өзгерістер жағдайында ортақ келісімге келу нормативтік акт қабылдаудан кем емес маңызды мәселе.

«Деректер денсаулық сақтау саласындағы негізгі ресурстардың біріне айналуда — олар шешімдерді болжамдарға емес, дәлелдерге сүйене отырып қабылдауға мүмкіндік береді», — деп атап өтті сессияның ашылуында Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) өкілдері.

Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, денсаулық сақтау жүйесінде интеграцияланған цифрлық архитектураны қалыптастыра алған елдер тек технологиялық артықшылыққа ғана емес, сонымен қатар нақты клиникалық нәтижелерге қол жеткізе алуда: ауруларды ерте диагностикалау, қателердің азаюы және шығындардың төмендеуі. Мұндай нәтижелерге жету жолы әрдайым платформаны таңдаудан емес, ортақ түсінік қалыптастырудан басталған.

Екі күндік жұмыстың қорытындылары жинақталып, Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесінің цифрлық экожүйесін одан әрі дамытуға арналған практикалық ұсыныстар әзірлеуде пайдаланылатын болады.