ДДСҰ, Денсаулық сақтау министрлігі және БҰҰДБ Қазақстанның зертханалық желісін жаңа мамандандырылған автокөліктермен күшейтті

2026 ж. 12 March
Three professionals in suits pose for a photo in front of conference banners.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Пандемиялық қордың қолдауымен Қазақстанның ұлттық зертханалық желісін нығайту мақсатында 30 мамандандырылған автокөлікті салтанатты түрде табыстады. Автокөліктерді сатып алу және жеткізу жұмыстарын Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) жүзеге асырды.

Автокөліктер Пандемиялық қордың қолдауымен іске асырылып жатқан «Қазақстанда пандемияларға дайындық және жұқпалы аурулардың өршуіне ден қою бойынша ұлттық әлеуетті нығайту» жобасы аясында сатып алынды. Жоба ДДСҰ мен БҰҰДБ тарапынан Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігімен әріптестікте жүзеге асырылуда. Оның мақсаты — ел бойынша зертханалық жүйелер мен кіру пункттерін нығайту арқылы қоғамдық денсаулыққа төнетін қауіптерді анықтау, алдын алу және оларға тиімді жауап беру мүмкіндігін арттыру.

«Мамандандырылған автокөліктерді беру – өңірлердегі мамандардың жұмыс тиімділігін айтарлықтай арттыруға, үлгілерді жеткізу логистикасын жақсартуға, сондай-ақ зертханалық зерттеулер мен жұқпалы аурулар ошақтарындағы эпидемиологиялық тексерулерді жеделдетуге мүмкіндік береді»,
– деді Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев.
Man in suit seated at conference table with flags and blue banners in background.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Автокөліктер Санитарлық‑эпидемиологиялық бақылау комитетінің Ұлттық сараптама орталығы, өңірлік зертханалар, обаға қарсы станциялар және Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының жұмысына пайдаланылатын болады. Олар Қазақстанның бірнеше өңіріне, соның ішінде жетуі қиын аумақтарға таратылып, зертханалық қадағалау мен ден қоюдың ұлттық жүйесін қолдайды.

Бұл биологиялық үлгілерді қауіпсіз әрі уақтылы тасымалдауды қамтамасыз етуге, эпидемиологиялық қадағалауды күшейтуге және қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлар мен биологиялық қатерлерге жедел әрекет ету дайындығын арттыруға мүмкіндік береді. Үлгілерді тасымалдау кезінде мобильділік пен биологиялық қауіпсіздікті жақсарту зертханалық зерттеулердегі кідірістерді азайтып, ауру ошақтарын тергеу барысында шешім қабылдау үдерісін жеделдетеді.

«Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан — аумағы кең, елді мекендер арасындағы қашықтықтары үлкен, әлемдегі ең ірі тоғыз елдің бірі. Сондықтан зертханалық үлгілерді қауіпсіз әрі уақтылы тасымалдауды қамтамасыз ету және ел бойынша эпидемиологиялық қадағалауды күшейту аса маңызды. Бүгін біз ДДСҰ мен БҰҰДБ арасындағы келісімнің ең нақты нәтижелерінің біріне куә болып отырмыз — бұл автокөліктер медицина қызметкерлеріне үлгілерді тасымалдауда, ауру ошақтарын зерттеуде және, түптеп келгенде, халықтың денсаулығын қорғауда қолдау көрсетеді»,
— деді ДДСҰ ның Қазақстандағы өкілі доктор Скендер Сыла.
Man in a suit signs documents at a table with small flags, banners bearing WHO logos in the background.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Зертханалық логистиканың сенімділігі, соның ішінде үлгілерді қауіпсіз тасымалдау, ауруларды тиімді анықтау мен оларға ден қоюдың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Ел аумағындағы зертханалар арасындағы мобильділік пен үйлестіруді жақсарту арқылы бұл автокөліктер Қазақстанның ұлттық дайындық деңгейін арттыруға және санитарлық‑эпидемиологиялық қауіпсіздік жүйесін нығайтуға ықпал етеді.

Аталған бастама Пандемиялық қордың қаржылық қолдауымен ДДСҰ‑ның Денсаулық сақтау министрлігі және ұлттық мекемелермен әріптестікте Қазақстанның зертханалық жүйелерін жаңғырту және нығайту жөніндегі кең ауқымды жұмыстарының бір бөлігі болып табылады. Бұл шаралар жұқпалы ауруларды ерте анықтау, қадағалау және оларға жауап беру мүмкіндіктерін ұлттық деңгейде күшейтуге бағытталған.

БҰҰДБ автокөліктерді сатып алу және жеткізу үдерісін іске асыруға қолдау көрсетті. Ол өз операциялық тәжірибесі мен жаһандық сатып алу желілерін пайдалана отырып, ел бойынша алушы мекемелерге автокөліктердің ашық, тиімді және уақтылы жеткізілуін қамтамасыз етті. Бұл күрделі халықаралық сатып алу, сертификаттау және логистика рәсімдерін басқаруды қамтып, автокөліктерді қоғамдық денсаулық сақтау саласында жедел пайдалануға беруге мүмкіндік берді.

«БҰҰДБ Қазақстан Үкіметі мен ДДСҰ ға пандемияларға дайындық жөніндегі міндеттемелерді нақты операциялық әлеуетке айналдыру жолында қолдау көрсетеді. Маңызды денсаулық сақтау жүйелерінің ең қажет сәтте үздіксіз жұмыс істеуі үшін тиімді сатып алу мен жеткізу шешуші мәнге ие»,
— деді БҰҰДБ ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа.
Panelist Katarzyna at a conference table with a United Nations flag and banners in the background.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Бұл бастама Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларға ұлттық дайындықты нығайту, зертханалық инфрақұрылымды дамыту және қоғамдық денсаулық сақтау жүйесінің орнықтылығын арттыру жөніндегі жалғасып жатқан күш‑жігеріне өз үлесін қосады.