Инновациялар арқылы денсаулық сақтау жүйелерін жақсарту

БҰҰДБ медициналық тауарларды сатып алу және цифрлық медициналық шешімдер саласындағы тәжірибесімен бөліседі

2025 ж. 24 April
A diverse group of professionals poses together in a modern office setting.
Фото: БҰҰДБ Ақпарат және технологияларды басқару бөлімі

2025 жылғы 24-25 сәуірде Копенгагендегі (Дания) БҰҰ кешенінде денсаулық сақтау саласындағы инновациялық шешімдер бойынша семинар өтті, соның аясында БҰҰДБ денсаулық сақтау саласындағы сатып алу жүйелеріндегі цифрлық трансформация бастамаларына, суық тізбек вакциналарын басқаруға және «ақылды нысандарды» енгізуге ерекше көңіл бөле отырып, Қазақстанның жоғары лауазымды тұлғалары үшін иммерсивті оқыту шарасын ұйымдастырды.

Екі күндік семинар цифрлық трансформацияның үш негізгі бастамасына арналды: денсаулық сақтау саласындағы сатып алу жүйелері, суық тізбек вакциналарын басқару және денсаулық сақтау инфрақұрылымына арналған Smart Facilities («ақылды нысандар») шешімі. Мұндай практикалық тәсіл орнықты білім таратуды жеңілдетуге және Қазақстандағы цифрлық денсаулық сақтау шешімдерін енгізуді қолдауға бағытталды.

Техникалық сессияларда фармацевтикалық және фармацевтикалық емес өнімдерге арналған БҰҰДБ сапаны қамтамасыз ету жүйесі туралы толық ақпарат беріліп, аталмыш ұйымның халықаралық стандарттарға сай негізгі дәрі-дәрмектермен және медициналық керек-жарақтармен қамту көздерін іздеуде елдерге қолдау көрсете алатынын айқын көрсетті. Қатысушылар ашықтыққа, экономикалық тиімділікке және үздік халықаралық тәжірибеге сәйкестікке жіті назар аударатын БҰҰДБ сатып алу процестерімен танысты.

Шара энергияны үнемдейтін, орнықты және технологиялық тұрғыдан жетілдірілген медицина мекемелерін құрудың кешенді тәсілдерін ұсынатын БҰҰДБ-ның Smart Facilities шешімін көрсетуді де кіріктірді. Аталмыш шешім қызмет көрсетуді жақсарта отырып, қолданыс шығындарын айтарлықтай қысқартатын жаңғырмалы энергия көздерін, ғимараттарды басқарудың интеллектуалды жүйелерін және цифрлық мониторинг мүмкіндіктерін қамтиды.

Фото: БҰҰДБ Ақпарат және технологияларды басқару бөлімі

Шарада сонымен қатар БҰҰДБ бүкіл әлемде қолдау көрсететін басқа да цифрлық платформалар сияқты логистиканы басқарудың озық ақпараттық жүйелері (Logistics Management Information Systems- LMIS) бойынша презентациялар ұсынылды. Мұндай жүйелер нақты уақыт режимінде дәрі-дәрмек пен медициналық керек-жарақтарды бақылап отыруға мүмкіндік береді, қорларды басқаруды жақсартады және вакциналар сияқты температураға сезімтал өнімдерге арналған суық тізбек логистикасының тұтастығын қамтамасыз етеді.

Цифрлық құралдар мен сатып алудың инновациялық тәсілдері бүкіл дүние жүзінде медициналық қызметтер саласын түрлендіріп жатыр. Осындай шешімдер денсаулық сақтау жүйелерін нығайтуға және сапалы медициналық қызметтерге, әсіресе қызмет жеткілікті дәрежеде көрсетілмейтін аймақтарда қолжетімділікті жақсартуға көмектеседі.

БҰҰДБ-ның денсаулық сақтау саласына арналған цифрлық шешімдер портфелі технологиялар мен инновациялар арқылы денсаулық сақтау жүйелерін нығайтуға арналған бірқатар шешімдерді қамтиды. Оларға әр елге барынша лайықтап бейімдеуге болатын цифрлық денсаулық сақтауды басқару құрылымдары, телемедицина платформалары, медициналық ақпарат жүйелері және жеткізу тізбегін басқару құралдары кіреді.

Осылайша оқыту білімді тиімді тарату арқылы ұлттық цифрлық денсаулық сақтау бастамаларының орнықтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Семинар Тұрақты даму мақсаттарын, атап айтқанда, ОДМ 3 «Мықты денсаулық пен әл-ауқат» және ОДМ 9 «Орнықты инфрақұрылым құру, жан-жақты және орнықты индустрияландыру мен инновацияларға жәрдемдесу» мақсаттарын қолдау бойынша әлеуетті арттыру және тәжірибе алмасу мақсатында БҰҰДБ бүкіл әлемде өткізетін көптеген техникалық ынтымақтастық шараларының бірі болып табылады.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ