БҰҰДБ және ҚР Ішкі істер министрлігі полиция психологтарына арналған когнитивті-мінез-құлық терапиясы бойынша оқытуды өткізді
2025 ж. 28 November
Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) АҚШ-тың Халықаралық есірткі және құқық қорғау мәселелері жөніндегі бюросының (INL) қаржылық қолдауымен және Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігімен серіктестікте полиция психологтарына арналған когнитивті мінез-құлық терапиясы (КМТ) бойынша бес күндік оқытуды өткізді. Оқыту құқық қорғау органдары қызметкерлеріне психологиялық қолдауды күшейтуге және полиция қызметінде психикалық денсаулықтың орнықтылығын арттыруға бағытталған.
24–28 қараша аралығында сарапшы-консультанттар тобы қатысушыларға КМТ қағидаттары, үлгілері және практикалық әдістері бойынша оқыту жүргізді. Курстың мақсаты – қызметкерлерге психологиялық көмек көрсету үшін қажетті когнитивті мінез-құлық терапиясы саласындағы білім, дағдылар және практикалық құзыреттерді дамыту. Бағдарламаға терапиялық байланыс орнату, терапия мақсаттарын белгілеу, сондай-ақ депрессия, үрей, суицидтік қауіптер және тәуелділіктерді анықтау мен алдын алу әдістерін қолдану кіреді.
Қатысушыларды қарсы алған ҚР ІІМ Кадр саясаты департаменті бастығының орынбасары Әмина Алмағамбетова келесідей атап өтті:
«Қызметкерлерге психологиялық қолдау көрсету бүгінде құқық қорғау қызметінің ең маңызды бағыттарының бірі болып отыр. Бұл біздің қоғамда «Заң және тәртіп» идеологиясына басымдық беріліп отырғанын ескерсек, ерекше өзекті болып табылады».
АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігінің INL бөлімінің директоры Юлиана Садовски серіктестіктің маңыздылығына тоқталды:
«Бұл жобадағы біздің серіктесіміз – Ішкі істер министрлігі екеніне қуаныштымын. Біз есірткіге қарсы күрес және құқық қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы 2002 жылғы өзара түсіністік меморандумы аясында табысты әріптестіктің ұзақ тарихына иеміз. Министрлікпен серіктестігімізді және трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, есірткі саудасына, адам саудасына, заңсыз көші-қонға, ақшаны жылыстатуға және киберқылмысқа қарсы күресте құқық қорғау органдарының әлеуетін арттыру жөніндегі бірлескен күш-жігерімізді мақтан тұтамын».
Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов КМТ-ның дені сау жұмыс ортасын қалыптастырудағы рөліне назар аударды:
«Когнитивті мінез-құлық терапиясы және адамға бағдарланған тәсіл полиция қызметінде дені сау корпоративтік ортаны қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Бұл білім қатысушылардың кәсіби қызметі үшін берік негіз болып, полиция қызметкерлерінің психологиялық орнықтылығын нығайтуға көмектеседі».
Бұл оқыту БҰҰДБ-ның «Қазақстанда полицияны жаңғырту реформасына қолдау көрсету» жобасының бір бөлігі болып табылады. Жоба 2026 жылғы қарашаға дейін жалғасады және қылмыстың түпкі себептерін анықтау үшін нәтижелерді бағалау құралдарын жетілдіруге, дәлелді тәсілдерді қолдануға және талдамалық әлеуетті арттыруға бағытталған. Сондай-ақ жоба әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға және жарақаттық жағдайларға ұшыраған полиция қызметкерлерінің моральдық жағдайын көтеруге бағытталған.
Бұл оқыту БҰҰДБ-ның «Қазақстанда полицияны жаңғырту реформасына қолдау көрсету» жобасының бір бөлігі болып табылады. Жоба 2026 жылғы қарашаға дейін жалғасады және қылмыстың түпкі себептерін анықтау үшін нәтижелерді бағалау құралдарын жетілдіруге, дәлелді тәсілдерді қолдануға және талдамалық әлеуетті арттыруға бағытталған. Сондай-ақ жоба әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға және жарақаттық жағдайларға ұшыраған полиция қызметкерлерінің моральдық жағдайын көтеруге бағытталған.