«Жасыл» болашақтың іргетасын қалаушылар
2025 ж. 12 August
12 тамыз - Халықаралық жастар күні- бұл тек жас ұрпақ туралы айту ғана емес, олардың үніне құлақ асып, бастамаларына мән беретін маңызды күн.
Бүгінде климаттың жылдам өзгеруі - бүкіл әлем үшін үлкен сын. Температураның көтерілуі, су тасқындары, мұздықтардың еруі, тұщы су тапшылығы мен биоалуантүрліліктің азаюы - бұл өзгерістердің айқын көрінісі. Мұндай жаһандық қауіптер жедел әрі нақты әрекетті талап етеді. Осы тұрғыда жастардың рөлі ерекше - олар өткір экологиялық мәселелерді көтеріп, «жасыл» бастамалар ұсынып келеді.
Қазақстанда да бұл үдеріс қарқын алып жатыр. Мектеп оқушылары мен жасөспірімдер экологиялық қозғалыстың белсенді қатысушыларына айналуда. Олар түрлі экожобаларға атсалысып, табиғатты қорғауға бағытталған идеяларымен бөлісіп жүр. Соның жарқын мысалы - БҰҰ Даму бағдарламасы (ПРООН) ұйымдастырған «Климат күтпейді» атты жазғы климаттық лагерь. Ақмола облысындағы көркем Зеренді ауылында өткен бұл лагерьде оқушылар, мұғалімдер мен сарапшылар бас қосып, климаттың өзгеруі жайлы пікір алмасып қана қоймай, нақты шешімдерді бірлесе қарастырды.
Лагерь 2025 жылдың жаз ортасында өтіп, Қазақстанның әр өңірінен 40-тан астам оқушы мен 20-ға жуық мұғалімді біріктірді. Бұл шара - Қазақстанды қоса алғанда, тоғыз елді қамтитын БҰҰДБ-ның аймақтық «Климаттық қобдиша» бастамасының бір бөлігі.
«Климат күтпейді» климаттық лагерінің қатысушылары – Қазақстанның әр өңірінен келген 40-тан астам оқушы мен 20 мұғалім.
Арнайы Қазақстанға бейімделіп, қазақ тіліне аударылған бұл оқу жиынтығында- климаттың өзгеруі тақырыбын терең түсінуге және әрекет етуге мүмкіндік беретін интерактивті материалдар мен тәжірибелік тапсырмалар бар. Жоспар бойынша, 2025 жылдың соңына дейін еліміздегі 150-ден астам мектеп «Климаттық қобдиша» жинағын алады.
БҰҰ Даму бағдарламасының сарапшылары биоалуантүрлілікті сақтау, климаттың өзгеруі, энергия тиімділігі және суды үнемдеу тақырыптарында дәрістер мен тәжірибелік сабақтар өткізді.
Лагерь бағдарламасы биоалуантүрлілік, энергия тиімділігі, климаттық осалдық және су үнемдеу сияқты негізгі экологиялық тақырыптарды қамтыды. Әр күннің өз тақырыбы болды - сарапшылардың дәрістері, квесттер, тренингтер, шығармашылық тапсырмалар мен талқылаулар. Бұл белсенділіктерге тек оқушылар ғана емес, мұғалімдер де қатысып, сабақтарында заманауи әдістерді қолдануға мүмкіндік беретін жаңа тәжірибе жинады.
«Біз болашақты күтпейміз - оны өзіміз құрамыз. Өйткені климат қазірдің өзінде өзгеріп жатыр, ал әрекет ету - бүгіннен басталады», - дейді лагерінің қатысушылары.
Лагерь аясында көтерілген маңызды тақырыптардың бірі – азық-түлік қалдықтары мәселесі болды. Бұл- тұрмыстық деңгейдегі проблема ғана емес, жаһандық климат өзгерісіне ықпал ететін маңызды фактор. БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) келтірген деректерге сәйкес, парниктік газ шығарындыларының 8-10 пайызы азық-түлік қалдықтарынан пайда болады. Оның ішінде метан газы едәуір үлеске ие.
Петропавл қаласының оқушысы София Мирманова фудшеринг (өнімдердің жарамдылық мерзімі аяқталуға жақындағанда оларды бизнес пен тұтынушылар арасында қайта бөлу) жобасын ұсынды.
София – «Климат күтпейді» байқауының «Көміртегі ізін азайту» номинациясының жеңімпазы.
Софияның экология мен климат саласындағы жобасы сарапшылар тарапынан жоғары бағаланып, «Климат күтпейді» байқауында «Көміртек ізін азайту» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Енді ол халықаралық жастар климат фестиваліне қатысып, Қазақстанның атынан өз жобасын таныстырады.
София – «Климат күтпейді» байқауының «Көміртегі ізін азайту» номинациясының жеңімпазы.
Ал Ақмола облысы, Раевка ауылынан сегізінші сынып оқушысы Дария Батыргалиева 2024 жылдың көктемінде Қазақстанда орын алған соңғы онжылдықтағы ең ірі су тасқындарына жауап ретінде өз шешімін ұсынды. Бұл табиғи апат мыңдаған адамға зардабын тигізіп, үйлер мен жолдарды бұзып, бірнеше өңірге зор экономикалық шығын келтірді. Дария жауын-шашын мен еріген қар суларын жинап, сүзгіден өткізіп, тұрмыстық мақсатта пайдалануға мүмкіндік беретін резервуар жүйесінің моделін жасап шығарды.
Дарияның идеясы лагерьдегі үздіктер қатарына еніп, ол да халықаралық деңгейде өз жобасын таныстыруға дайындалып жатыр.
Раевка ауылынан Дария өз жобасы тасқын залалын азайтып, ауыз суды үнемдеуге көмектеседі деп сенеді.
Ернар Талғат, Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы, ауыл шаруашылығының көміртек ізі мәселесіне назар аударды. Бұл сала жаһандық шығарындылардың шамамен 11,7 пайызын құрайды, ал Қазақстанда ауыл шаруашылығына барлық судың 60 пайыздан астамы жұмсалады.
Ернардың «ФитоБот» жобасы - жасанды интеллект технологиясына негізделген инновациялық шешім. Бұл робот өсімдіктердің ауруларын анықтап, дәл сол зақымданған бөліктерге ғана өңдеу жүргізе алады. Мұндай тәсіл топырақты қорғауға және суды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жобаға тамшылатып суару жүйесі де енгізілген, бұл су ресурстарын үнемдеудің тағы бір маңызды тетігі болып табылады.
Тоғызыншы сынып оқушысы Ернардың пікірінше, жасанды интеллектіні қолданатын заманауи технологиялар экологиялық мәселелерді шешуге пайдалы бола алады.
Батырхан Иманов, Өскемен қаласындағы тоғызыншы сынып оқушысы, өңірдегі жоғары СО2 шығарындыларына алаңдайды. Ол күн батареялары мен жел турбиналарын қолданатын энергия тиімді тұрғын үй кешені жобасын ұсынды.
Батырхан туған қаласы Өскеменде көмірқышқыл газының шығарындыларын айтарлықтай азайтатын «жасыл» энергияны пайдаланатын тұрақты тұрғын үй кешенінің жобасын әзірледі.
Алтайыр Құлтай, Қарағанды облысынан, қағаз қалдықтары мен крахмалдан жасалатын биоыдырайтын стақандар идеясын ұсынды. Бұл пластик стақандардың орнына экологиялық шешім бола алады.
Қарағанды облысынан келген Алтайыр кофе мен шайға арналған биоыдырайтын стақандарды өндіру жобасын әзірледі.
Семей қаласындағы НЗМ оқушысы Бірғаным Төлеубекова қазақ тілінде «Ыстық әңгіме: 1,5 градус» атты подкаст жүргізеді. Бұл платформада ол сарапшылар мен белсенділерді шақырып, климаттың өзгеруі, су тапшылығы және биоалуантүрліліктің азаюы сияқты өзекті экологиялық мәселелерді талқылайды. Подкасттың мақсаты - тыңдаушылардың экологиялық сауаттылығын арттырып, климаттық әрекетке ынталандыру.
Семей қаласының тұрғыны Бірғаным өз подкасты арқылы тыңдармандардың назарын экология және климат мәселелеріне аударады.
Лагерьдің барлық жобалары- балалардың ішкі ынтасы мен ересектердің қолдауының нәтижесі. Мұғалімдер- балалардың идеяларын нақты іске айналдыруға көмектесетін тәлімгерлер.
Ақмола облысынан педагог-зерттеуші Гүлім Батыргалиева Дарияның жобасына қолдау көрсетіп, оны «Климат күтпейді» байқауында жеңіске жеткізді. Бұл тәжірибе мұғалімнің өзіне де мектепте экологиялық білім беруде жаңа тәсілдерді қолдануға шабыт берді.
Ақмола облысының ағылшын тілі мұғалімі Гүлім Батыргалиева климаттық лагерь мұғалімдерге оқытудағы педагогикалық тәсілдерді қайта қарауға мүмкіндік берді деп санайды.
Климаттық білім беруде нақты ғылымдардың, соның ішінде математика пәнінің де рөлі зор. Алматы қаласындағы мамандандырылған мектеп-лицейінің мұғалімі Нұрлан Ақперовтың пікірінше, математика оқушыларға жасанды интеллектті (ЖИ) пайдалана отырып, нақты цифрлық шешімдер жасауға мүмкіндік береді.
Оның оқушылары көміртек ізін есептейтін қосымша жасап, мұздықтардың еруін талдайтын модельдер сынақтан өткізуде. Олар есептеп шығарғандай, қазіргі жылыну қарқынымен Алматыны сумен қамтамасыз ететін мұздықтар 50 жылда жойылуы мүмкін.
Математика пәнінің мұғалімі Нұрлан Ақперов қазақстандық оқушылардың заманауи экологиялық шешімдерде жасанды интеллектіні қолдануға зор қызығушылық танытатынын атап өтті.
Астаналық география және жаратылыстану пәнінің мұғалімі, экоактивист Тимур Шаймаханов өз оқушыларын экологиялық жобаларға тікелей қатыстыруды мақсат етеді.
Тимур Шаймаханов – география пәнінің мұғалімі әрі экоактивист.
Экобілім мен экотуризм саласының сарапшысы Ирина Ковшарь педагогтарға арналған интерактивті сабақ өткізіп, экологиялық ойлау әдістемеден емес, табиғатпен тұрақты байланыстан қалыптасатынын атап өтті.
Ирина Ковшарь экологиялық ойлау дайын әдістемеден емес, табиғатпен тұрақты тәжірибе және өзара әрекеттесу арқылы қалыптасады деп сенеді.
Бүгінде еліміздің әр өңірінен жиналған оқушылар мен мұғалімдер өз жобалары, идеялары және нақты әрекеттері арқылы климат болашағын өзгерту өз қолымызда екенін дәлелдеп отыр.