Табиғатқа қызмет еткен ширек ғасыр: Раушан хикаясы
2025 ж. 21 May
Қазақстан, Қытай, Моңғолия және Ресей шекаралары түйісетін жерде еліміздің ең үлкен табиғи қорығы- Катонқарағай ұлттық паркі орналасқан. Бұл аймақта 20 жылдан астам уақыт бойы флора мен фаунаның жаңа түрлері ашылып келеді. Осы маңызды жұмыстың алғы шебінде тұрған жанның бірі - Раушан Қырықбаева.
Раушан Катонқарағай ұлттық паркінде оның құрылған сәтінен бастап табанды еңбек етіп келеді. 2001 жылы парк өз жұмысын бастағанда, барлық жұмыстарды мүлде жаңадан қолға алу қажет болды: ғылыми-зерттеу базасын құру, табиғи ресурстарды бақылау жүйесін енгізу секілді ауқымды міндеттер алға қойылды. Осы маңызды істердің басы-қасында болып, үлкен жауапкершілікті өз мойнына алған жандардың бірі - Раушан.
Ол сол жылдарды еске ала отырып, бастаманың оңай болмағанын, дегенмен бәрі біртіндеп жолға қойылып, ғылымға деген сенім мен шынайы ынтаның арқасында алға басқанын айтады. Бүгінде оның сол кездегі ерен еңбегі ұлттық парктің дамуына берік негіз болды.
«Басында оңай болған жоқ. Бірақ ұлттық паркте жұмыс істеген әр адам өз ісіне шын жүректен кірісті - үлкен ынтамен, қызығушылықпен еңбек етті. Далалық зерттеулерге шығып, маршруттармен жүріп, Шығыс Қазақстанның табиғатын жан-жақты зерттей бастадық. Біз парктың ғылыми негізін ең алғашқы күндерінен бастап құра бастадық - бұл өте қызықты, тіпті шабыттандыратын үдеріс болды. Барлығын өз қолымызбен жасап, табиғатты тереңірек таныған сайын, жұмысымызға деген махаббат та арта түсті»,-деп еске алады Раушан.
Раушан Қырықбаева- Қазақстандағы ең үлкен ұлттық паркте биологиялық әртүрлілікті 20 жылдан астам уақыт бойы зерттеп келе жатқан ғалым
1990-жылдары Раушан жолдасы Болаттың туған жері - Шығыс Қазақстанға отбасымен бірге Өзбекстаннан қоныс аударды. Бұл оңай шешім болмағанымен, олардың өміріндегі жаңа әрі маңызды кезеңнің бастауына айналды.
«Алғашқы бес жыл жұмыссыз жүрдім. Бұл мен үшін өте ауыр кезең болды- өйткені мен белсенді адаммын, бос отырғым келмейді, бір іспен айналысып жүргенді жақсы көремін. Сол кезде мені табиғат құтқарды. Өзен жағасына барып, суының салқынын сезініп, ағысын ұзақ қарап отыратынмын. Сондай сәттерде ішімдегі ауыр ойлар мен уайымдар су ағысымен бірге кетіп жатқандай әсерде болатынмын»,-дейді Раушан.
Катонқарағай ұлттық паркіне жаңа мамандарды қабылдау басталғанда, Раушан бір сәт ойланып, ғылым, экологиялық мониторинг және ақпарат бөліміне бөлім басшысы болып қызметке кірісті. Жүрегінде қобалжу болса да, оның басты мақсаты- ұлттық паркте ғылымды жүйелі түрде дамыту болды. Оған сенім білдірген адамдардың қолдауы мен ортақ мақсаттары күш берді. Осылайша, табиғатты зерттеу оның өмірінің негізгі мақсатына айналды.
Ұлттық паркке келгенге дейін Раушан Ташкенттегі Орта Азия орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында он жыл еңбек еткен.
Қазіргі уақытта Раушан ұлттық парктың ғылым жөніндегі бас директордың орынбасары болып қызмет атқарады. Оның өмірі көбіне кеңседе емес, табиғат аясында- Алтай тауларының қарлы шыңдары мен әсем шалғындары арасында өтеді. Ол әріптестерімен бірге аймақтың флорасы мен фаунасын зерттеп, сирек кездесетін түрлерге мониторинг жүргізеді, экспедициялар ұйымдастырып, халықаралық жобаларға қатысады. Раушанның жетекшілігімен ондаған жаңа өсімдік және жануарлар түрлері ашылды- бұл жаңалықтар тек ұлттық парк үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін маңызы зор.
Оның басшылығындағы ғылым бөлімінде тағы бес штаттық маман жұмыс істейді, және Раушан олардың барлығын мақтан тұтады. Олардың екеуі – Қазақстанның Қызыл кітабының қосавторы. Ұлттық парктің флорасы мен фаунасына қатысты деректер Global Biodiversity Information Facility (GBIF)жаһандық деректер қорына енгізіліп отырады.
Раушанмен бірге өңірдің жабайы табиғатын зерттеп қана қоймай, ғылыми журналдарға мақалалар жариялап жүрген тағы бес тұрақты қызметкер бар
Раушанның жұмысы- жай ғана құрғақ сандар мен есеп-қисап емес. Ол қандай жануар қай жерде өмір сүретінін, қай өсімдік қай кезде гүлдейтінін, әртүрлі табиғи аймақтардағы тіршілік ерекшеліктерін жақсы біледі. Ол - табиғатты қорғау ісінің шын мәніндегі тірегі. Бірақ бұл тірек кабинетте емес, далада- жол үстінде, экспедицияда жүріп қаланған.
«Мен өзімді ешқашан төрт қабырғада, кеңседе отырған адам ретінде елестете алмаймын. Табаныммен жерді басып, құстардың үнін естіп, жел мен судың сыбырын тыңдап жүргенде ғана шынайы өмірді сезінемін. Бала күнімнен бастап табиғат менің күш-қуатымның, шабытымның көзі екенін түсіндім»,-
дейді Раушан.
Ғылыми бөлімнің жұмысы - бұл тек Қазақстан шегіндегі ғылыми еңбектермен шектелмей, жаһандық биологиялық алуантүрлілікке қосқан үлес болып табылады. 2004 жылы ұлттық парк Ресейдегі Катунь биосфералық қорығымен байланыс орнатты. Ал 2017 жылы осы ынтымақтастық нәтижесінде Катонқарағай ұлттық табиғи паркі ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне «Үлкен Алтай» трансшекаралық резерваттың құрамында енді.
Катонқарағай ұлттық табиғи паркі - Қазақстандағы ең үлкен парк. Оның аумағы 600 мың гектардан асады
Катонқарағай ұлттық паркі - төрт елдің тоғысқан шекарасында орналасқан ерекше табиғи аймақ қана емес, сондай-ақ табиғи байлыққа өте бай өңір. Мұнда 2000-нан астам өсімдік түрі тіркелген, олардың 30-ы Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Аумақтың 40 пайыздан астамын алып жатқан ормандар- Сібір тайгасының оңтүстік шеті болып саналады. Сирек кездесетін өсімдіктер қатарында маралтамыр (радиола раушангүлі), Алтай бөрібұршағы, сібір қандығы, ханшайым туфлиі (венерин башмачок), дала пиондары және басқа да құнды түрлер бар.
Паркте ғылыми-зерттеу жұмыстары жүйелі әрі кешенді түрде жүргізіледі. Раушан ханым мен оның әріптестері- тамырлы өсімдіктерді, сирек құстар мен сүтқоректілерді зерттеумен айналысады. Сонымен қатар, табиғат шежіресі жүргізіліп отырады. Белгілі ғалымдар- профессор Константин Прокопов пен орнитолог Сергей Стариков сияқты мамандармен бірлесе отырып, флора мен фаунаны толық түгендеу жұмыстары жүргізілді. Бұл зерттеулер әлі де жалғасуда. Тек 2019-2024 жылдар аралығында паркте 20 жаңа буынаяқтылар түрі мен 8 жаңа құс түрі анықталған.
Катон-Қарағай ұлттық табиғи паркінде 300-ден астам құс түрлері мекендейді және ұя салады
Парк аумағында барлығы 301 құс түрі тіркелген, олардың 26-сы Қызыл кітапқа енген. Олардың ішінде балобан сұрқұйрық, Алтай улары, дала бүркіті, әдемі құндыз және тіпті қызғылт фламинго бар. Мұнда 67 сүтқоректілер түрі де мекен етеді, соның ішінде қар барысы, манул және Алтай таулы қошқарлары бар.
Ғылыми бөлімнің жұмысы тек саябақ аумағымен шектелмейді. Бөлімнің мамандары үнемі басқа өңірлерге, оның ішінде Жоңғар-Алатау мемлекеттік табиғи паркі мен «Қатон-Қарағай» биосфералық резерватына сапарларға қатысады. Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысының көрші экожүйелері де зерттелуде.
«Көрші елдердің әріптестерімен бірге біз Алтай-Саян экологиялық аймағының біртұтас экожүйесін сақтауға тырысып жатырмыз. Табиғаттың шекарасы жоқ, ал ғылым да шекараны мойындамауы керек»,-дейді Раушан.
2019 жылдан 2024 жылға дейін парк аумағында өсімдіктерден бастап құстар мен омыртқасыздарға дейін шамамен 46 жаңа түр анықталды. Раушанның айтуынша, бұл - әлі бастауы ғана. Парк өте үлкен әрі толық зерттелмеген.
Парктың ғылыми, табиғатты қорғау және туризм саласындағы қызметін дамытуға Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасы (БҰҰДБ) елеулі қолдау көрсетуде. Ұйымның қолдауы арқасында парк заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіліп, биоәртүрлілік пен экожүйелерді бақылаудың жаңа жүйелері енгізілді, жаңа туристік маршруттар жасақталып, виртуалды турлар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, сараптамалық және әдістемелік қолдау көрсетіліп, тренингтер мен тәжірибе алмасу шаралары өткізілді, бұл кадрлық әлеуеттің өсуіне септігін тигізуде. Дегенмен, тұрақты жұмыс пен әрі қарайғы зерттеулер үшін көлік, техника және тәжірибе алмасу сияқты ресурстар қажет.
Раушанның айтуынша, мектеп оқушылары мен еріктілердің ұлттық паркке деген қызығушылығы ерекше қуантады әрі шабыт береді. Қазір жергілікті мектептерде түрлі экологиялық іс-шаралар өткізіліп жатыр. Бұл- табиғатты қорғау мен зерттеу ісін алдағы ұрпақ лайықты жалғастырады деген үлкен үміт ұялатады.
Раушан үшін отбасы - әрдайым тірек, өмірлік демеу. Оларды ортақ құндылық - табиғатқа деген сүйіспеншілік пен қызмет біріктіреді. Жолдасы - орман шаруашылығында ұзақ жыл еңбек еткен, бүгінде зейнеттегі полковник. Тіпті оның әкесі де осы саламен өмірін байланыстырған. Табиғатты аялау - бұл олардың отбасылық дәстүріне айналған.
«Біздің отбасымызды табиғатқа деген сүйіспеншілік біріктіреді. Демалыс күндері табиғатқа барып тынығып, энергия жинаймыз. Табиғат бізге күш беріп, қиын кезде қолдау көрсетіп, отбасымызға жаңа мүмкіндіктер ашады»,-дейді Раушан.
Қазіргі таңда Катонқарағай ұлттық паркінде 350-ден астам қызметкер еңбек етеді, олардың 40 - әйелдер. Солардың қатарында Раушан секілді басшылық лауазымдарды атқаратындар да бар. Ол табиғатты қорғау- баршамыздың ортақ ісіміз екенін, ол үшін тек білім ғана емес, жауапкершілік сезімі де маңызды екенін айтады.
«Ұлттық паркке 24 жыл еңбек етсем, табиғат әлемінің қаншалықты нәзік екенін көрдім. Оны сақтау және келесі ұрпаққа аман-есен жеткізу- біздің қолымызда»,-
дейді Раушан.
Биыл Раушан құрметті демалысқа шығуды жоспарлап отыр. Оның жолы - тек мансап емес, сүйіспеншілікпен зерттеген жеріне деген адалдықтың, әр қадамының мағынасы мен мақсаты бар ұзақ сапарының тарихы.