Қазақстанда мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың қызметкерлерін харассментке қарсы тұру жолдарын үйретуде

2026 ж. 15 May
Speaker addresses attendees at round tables in a conference room with a projector screen.

Тренинг қатысушылары

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ / Ербол Омаров

БҰҰДБ Қазақстанда сексуалдық қанау, зорлық-зомбылық және қудалаудың алдын алу бойынша үш күндік тренинг өткізді. 200-ден астам қатысушы — мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, үкіметтік емес ұйымдардың, ғылыми және табиғатты қорғау ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ БҰҰ агенттіктерінің қызметкерлері — бұзушылықтарды анықтауды, оларға дұрыс ден қоюды және зардап шеккендерге қолдау көрсетуді үйренді. Бұл тренинг Қазақстандағы БҰҰДБ-ның қауіпсіз, сыйластыққа негізделген және қудалау мен қысым көрсетуге жол берілмейтін жұмыс ортасын қалыптастыру бағытындағы көпжылдық жұмысының жалғасы болды.

Тренинг Қазақстанда еңбек заңнамасында харассмент ұғымын алғаш рет бекітетін заң жобасы әзірленіп жатқан кезеңде өтті. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құжаты қазір ведомствоаралық келісу рәсімінен өтуде. БҰҰДБ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа заң мен оқыту қатар жүруі тиіс деп есептейді: "Қағаз жүзіндегі норма тек адамдар өз құқықтарын біліп, қорғау механизмдеріне сенген жағдайда ғана жұмыс істейді".

Тренинг қатысушылары

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ / Мадина Какимжанова (1-10), Ербол Омаров (11-13)

Тренинг барысында қатысушылар нақты сценарийлерді — олар күнделікті жұмыс жағдайында кездесуі мүмкін жағдайларды талқылады. Оқытуды Нью-Йорктегі БҰҰДБ Атқарушы кеңсесінің сарапшылары жүргізді.

Female presenter in a white blazer speaks into a microphone on stage beside a UN banner.

Лара Шлела, БҰҰДБ-ның зардап шегушілерді қолдау жөніндегі маманы

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ / Мадина Какимжанова
"Біз мұндай жағдайлардың алдын алу жолдарын, оларға дұрыс ден қоюды және зардап шеккендерге қажетті көмекке қауіпсіз қолжетімділікті қамтамасыз етуді қарастырдық»,
— деді БҰҰДБ-ның зардап шегушілерді қолдау жөніндегі маманы Лара Шлела.

Тренинг қатысушылары

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ / Мадина Какимжанова

БҰҰДБ 2025 жылы бүкіл әлем бойынша осындай 169 тренинг өткізді. Оларға 6 700-ден астам адам қатысты. Бастаманы бағалау нәтижесі көрсеткендей, оқытудан кейін қатысушылар бұзушылық белгілерін жақсырақ анықтайды және әрекет ету қажет болған жағдайда, өздерін сенімдірек сезінеді.

Photograph of a blonde woman presenting in a conference room, projector screen with charts behind.

Янте Корнелиссен, БҰҰДБ-ның сексуалдық қанау, зорлық-зомбылық және қудалау мәселелері жөніндегі жаһандық кеңесшісі

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ / Мадина Какимжанова
"Сексуалдық қанаудың, зорлық-зомбылықтың және қудалаудың барлық түрлері адам құқықтарын бұзады және оған жол берілмеуі керек. Біз әр адамның — қызметкерлердің, біз қолдайтындардың — болған жағдай туралы қауіпсіз түрде хабарлап, қажетті көмекті ала алуы үшін бар күшімізді саламыз»,
— деді БҰҰДБ-ның сексуалдық қанау, зорлық-зомбылық және қудалау мәселелері жөніндегі жаһандық кеңесшісі Янте Корнелиссен.