Қазақстанның болашағын болжау: баламалы даму сценарийлерін зерттеу
2025 ж. 5 February

Жақында стратегиялық пайымын жаңартқан Қазақстан 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарын жариялау арқылы экономиканы әртараптандыру, басқару реформалары, орнықты даму және әлеуметтік прогрес бойынша алдына өршіл міндеттер қойды. Нақты мәліметтерге негізделген саясаттар әзірлеу қажеттілігін түсіне отырып, Қазақстандағы БҰҰДБ өзінің негізгі қаржы көздерін даму сценарийлерін болжау және ұзақ мерзімді жоспарлау негізінде саясаткерлерді аналитикалық деректермен қамтамасыз ету үшін пайдаланды.
2024 жылы БҰҰДБ Денвер университеті жанындағы Парди орталығымен ынтымақтастықта Қазақстан Үкіметі үшін елдегі орнықты даму мен өсудің болашақ мүмкіндіктерін зерделеу мақсатында кешенді зерттеу жүргізді. Сол зерттеу стратегиялық саясаттарды әзірлеу үшін нақты деректерге сүйенетін берік негізді қамтамасыз етеді және әртүрлі саяси шешімдер аясында Қазақстанның әлеуетті даму жолдарын талдауды ұсынады. Болжамдар және сценарийлерді талдау негізінен Денвер университеті жанындағы Фредерик С. Парди атындағы Халықаралық болашақ институты қолдайтын және әзірлеген тегін және жалпыға қолжетімді International Futures (IFs) кешенді бағалауды модельдеу платформасының көмегімен жүргізілді. Ifs моделі 188 ел мен 12 негізгі жүйе: ауыл шаруашылығы, демография, экономика, білім, энергетика, қоршаған орта, қаржы, мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, инфрақұрылым, халықаралық саясат және технологиялар арасындағы қарым-қатынастарды біріктіреді.
Зерттеу Қазақстанның қазіргі ОДМ траекториясын бағалаудан басталады, егер ел әдеттегі жолмен жүре беретін болса, 20-40 жылдан кейін қай жерде болатынын болжайды. Мұндай бастапқы бағалау саясаткерлер үшін стратегиялық маңызы бар анықтамалық ақпарат ретінде қызмет ете отырып, негізгі үрдістерді, қиындықтар мен мүмкіндіктерді анықтайды.
Кеңірек перспективамен қамтамасыз ету үшін зерттеу экономика, адами капитал, мемлекеттік басқару, қоршаған орта сияқты бес баламалы даму сценарийін және кешенді сценарийді қарастырады. Аталмыш сценарийлер мүмкіндіктерді, синергияны және ымыраны анықтауға көмектесіп, әртүрлі саяси стратегиялардың әсерлерінің моделін жасап шығарады. Түрлі реформалар пакеттерін модельдеу арқылы зерттеу әртүрлі нұсқалар Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік және экологиялық болашағын қалай қалыптастыра алатыны туралы жан-жақты түсінік береді.

Қазақстанда «Экономика» сценарийі бастапқыда 2040-шы жылдардың ортасына дейін ЖІӨ-нің ең жоғары өсімімен ең күшті серпін береді. Алайда 2046 жылдан кейін «Мемлекеттік басқару» сценарийі ұзақ мерзімді экономикалық өсудің ең ықпалды драйверіне айналып, жетекші рөл атқара бастайды. «Адам капиталы» сценарийі «Ағымдағы жолмен салыстырғанда бірінші кезекте ұзақ мерзімді перспективада ЖІӨ-нің өсуіне әкеледі, өйткені денсаулық пен білімге салынған инвестициялар анағұрлым өнімді жұмыс күшіне айналады. Керісінше «Қоршаған орта» сценарийі оқшау күйде жүзеге асырылған жағдайда салыстырмалы түрде қарапайым экономикалық өсуді қамтамасыз етеді. Ал «Кешенді реформа» сценарийі дереу әрі ұзақ мерзімді пайда әкеледі, сондықтан Қазақстанның орнықты экономикалық дамуын қамтамасыз етудің ең тиімді тәсіліне айналады.
Талдаудың негізгі тұсы оның Орнықты даму мақсаттарымен (ОДМ) үндестігі болып табылады. Зерттеу орнықты дамуға қол жеткізудегі саяси шаралардың тиімділігі туралы құнды ақпарат ұсына отырып, әртүрлі сценарийлердің негізгі ТДМ көрсеткіштеріне қалай әсер ететінін зерттейді. Нәтижесінде үкіметке ұлттық басымдық болып табылатын ТДМ-ға қол жеткізудегі прогресс туралы маңызды ақпарат береді.
Қазақстан Үкіметі ұзақ мерзімді стратегияларын жетілдіруді жалғастырып жатқандықтан, осы зерттеудің алғашқы нәтижелері дамудың көптеген өлшемдері бойынша негізгі үрдістерді анықтап үлгерді. Болжамдар маңызды мәнге ие, өйткені елдің 2030 жылға қарай және алдағы ондаған жылдардағы ілгерілеуін дәлірек және негіздірек бағалауға мүмкіндік береді. Бұл тиімді мемлекеттік басқару реформаларына салынған инвестициялар алдағы 5 жылдық кезеңде өсу траекториясын сақтап тұра алатынын көрсетеді.
Мысалы, демографиялық болжамдар егде жастағы (65 және одан үлкен) тұрғындардың саны 2023 жылдан 2050 жылға дейін екі есеге жуық артып, 3,2 миллион адамды немесе жалпы халықтың 13 пайызын құрайтынын көрсетеді. Демек, мұндай демографиялық ығысу бізден алдағы онжылдықтарда қарттардың күтіміне айтарлықтай көбірек инвестиция салуды жоспарлауымызды талап етеді. Дегенмен, демографиялық өсу орнықты экономикалық өсудің маңызды факторлары болып табылатын қала жоспарлау мен инфрақұрылымның дамуына қысым көрсететін болады.
Қазіргі уақытта қолданыстағы сценарийлер бойынша Қазақстандағы кедейлік деңгейі алдағы онжылдықта бірте-бірте төмендейді деп күтіледі, бірақ 2030 жылға қарай кедейлікті түпкілікті жоятындай жылдамдықпен төмендей алмайды. Қазақстан «шектен тыс» кедейлікті немесе 2017 жылғы сатып алу қабілетінің тепе-теңдігі бойынша күніне 2,15 АҚШ долларынан аз қаражатқа өмір сүретін адамдардың басымдығын жойды. Бірақ халықтың шамамен 12 пайызы – 2,3 миллион адам – әлі күнге дейін табысы ортадан жоғары елдердегі күніне 6,85 АҚШ долларын құрайтын кедейлік шегінен төмен өмір сүреді. Болжамдар кедейлік деңгейі тек 2044 жылға қарай ғана 3 пайыздан төмен болатынын көрсетеді, халықтың 2 пайызы — шамамен жарты миллион адам — ғасырдың ортасында әлі де кедейлік шегінен төмен өмір сүріп жатады. Кедейлік ошақтары ауылдан гөрі қалаларда болу ықтималдығы жоғарырақ.
2050 жылға қарай өмір сүру ұзақтығы артып, шамамен 76 жасқа жетеді деп күтіледі. Дегенмен, бұл көрсеткіш ЭЫДҰ бойынша 83 жасты құрайтын орташа көрсеткіштен төмен күйінде қалады, осылайша денсаулық сақтау саласына, әсіресе, ауылдық жердегі жұқпалы емес аурулар мен денсаулық сақтау қызметтеріне одан әрі шұғыл инвестиция салу қажеттілігін көрсетеді. Халықты медициналық қызметтермен жақсырақ қамту үшін цифрлық құралдар аясын кеңейту халықтың әл-ауқатын жақсартуға көмектесе алады.
Өмір сүру ұзақтығы бойынша гендерлік теңсіздік ерекше қызықты, Қазақстанда әйелдер ерлерге қарағанда 8,5 жылға ұзағырақ өмір сүріп, гендерлік алшақтық бойынша әлемде оныншы орында тұр. Ағымдағы сценарийлер бойынша осы алшақтық 8,7 жылға дейін артады деп күтіледі, мұндай теңсіздікті жарақаттардан, кәсіптік қауіптерден және өмір салтына байланысты аурулардан ерлер арасында өлім-жітімінің жоғары деңгейімен түсіндіруге болады.
Осы зерттеу Қазақстан Үкіметі мен БҰҰДБ үшін стратегиялық құрал ретінде қызмет етіп, ұзақ мерзімді шешімдер қабылдауда қолдау көрсету үшін саясаткерлерді дәлелді идеялармен қамтамасыз етеді, атап айтқанда, даму үрдістерінің баламалы болжамдарын ұсынады және стратегиялық болжау тиімділігін арттырады. Болашақтың ықтимал траекторияларын талдау аясында Қазақстан тәуекелдерді жұмсарта отырып, анағұрлым орнықты және өміршең болашақты қамтамасыз ете отырып, даму мүмкіндіктерін барынша арттыратын саясаттарды белсенді түрде әзірлей алады. Осындай ұзақ мерзімді болжамдар үкіметке проблемаларды алдын ала біліп отыруға және дер кезінде салдарын жеңілдету шараларын қолдануға мүмкіндік береді, әрі елдің әлеуметтік-экономикалық және экологиялық динамиканың өзгеруіне дайындығын нығайтады.
Сонымен бірге зерттеу арқасында БҰҰДБ-ның 2026–2030 жылдарға арналған жаңа Елдік бағдарламалық құжатының басым бағыттарын анықтауға көмектесетін болашағы бар сценарийлер әзірленді. Аталмыш сценарийлер Ұлттық даму жоспарының мақсаттарын іске асыру мен қол жеткізуде қолдау көрсеткен БҰҰДБ тиімділігін бағалау үшін шешуші мәнге ие болды. Ең тиімді саяси шараларды анықтау арқылы зерттеу жаңа Ұлттық даму жоспары шеңберіндегі мемлекеттік араласу шараларының әсерін арттыруға және ішкі кірістерді жұмылдыруды күшейтуге бағытталды. Даму жолдарын талдау және негізгі өсу катализаторларын анықтау донорлық ресурстарды қысқарту аясында да құнды болды. Мұндай тәсіл қолда бар ресурстарды пайдалануды оңтайландыруға және елге кең ауқымда пайда әкелетін даму бастамаларын тиімді қаржыландыруды қамтамасыз етуге көмектеседі.