Табиғатты сақтау - тұрақты дамудың негізі

Биоалуантүрлілікті қаржыландыру бастамасы - БИОФИН Қазақстанда табиғатты қорғауға инвестиция тартудың жаңа тетіктерін қалай енгізіп жатыр

2026 ж. 20 August
Goat standing on a dry, grassy hillside beneath a clear blue sky.

Қаратау арқары

Фото: Қаратау мемлекеттік табиғи қоры

Биоалуантүрлілікті сақтауға әлем бойынша жыл сайын 700 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы қажет. Бүгінде адамзат табиғаттан алатынынан оны қорғауға әлдеқайда аз қаржы бағыттап отыр. 

Қазақстанда табиғатты қорғауға жұмсалатын қаржының негізгі бөлігін мемлекет бөледі. Оның үлесі - 74,5 пайыз. Ал жеке сектордың үлесі небәрі 3 пайызды құрайды. Бұл ретте жердің тозуы мен су тапшылығы сияқты мәселелер ел экономикасына да салмақ түсіріп отыр. Қазақстан аумағының 60 пайыздан астамы шөлейттену үдерісіне ұшыраған. Кейбір жануарлар мен өсімдік түрлерінің саны да азайып барады. Сондықтан табиғатты қорғау- тек экологиялық мәселе емес, елдің тұрақты дамуына әсер ететін маңызды бағыт.

БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен БИОФИН Қазақстанда табиғатты қорғауды экономикалық саясатпен және инвестициялық шешімдермен байланыстыратын жаңа жүйе қалыптастырып жатыр. Оның аясында ормандарды сақтау арқылы климаттық инвестиция тарту, қорғалатын табиғи аумақтарға қосымша табыс көздерін қалыптастыру және экотуризмді дамыту сияқты қаржылық тетіктер енгізілуде.

Blue banner with rider on a horse, flying bird, Cyrillic text on left, and circular logo on right.

 

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды (ЕҚТА) қаржыландыру: табиғатты сақтаумен қатар табысты арттыру

Ұлттық парктер, қорықтар мен басқа да ерекше қорғалатын табиғи аумақтар биоалуантүрлілікті сақтауда маңызды рөл атқарады. Қазір олардың негізгі қаржысы мемлекеттік бюджеттен бөлінеді. Бірақ ұзақ мерзімде тұрақты жұмыс істеуі үшін қосымша табыс көздерін де дамыту қажет. 

БИОФИН-нің қолдауымен ЕҚТА-ны басқару және қаржысын жоспарлау жүйесі жетілдіріліп жатыр. Мамандарға қаржыны дұрыс жоспарлау үйретілуде, басқару жоспарларын әзірлеудің жаңа тәсілдері енгізілуде. Тек 2026 жылдың алғашқы алты айында осы бағыт бойынша 60-тан астам маман оқып, біліктілігін арттырды. 

ЕҚТА-ның өз кірісін көбейтуге де мүмкіндік жасалуда. 2024 жылдан бастап ақылы қызметтердің тарифтерін белгілеудің жаңа тәртібі енгізілді. Бұл ұлттық парктерге, қорықтар мен резерваттарға өз қызметтерінен көбірек табыс табуға мүмкіндік береді. Есеп бойынша, 2030 жылға қарай олардың өз кірісін алты есеге дейін арттыруға болады.

1) Сайрам көлі, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі. Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ 2) Ақтау таулары, «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі. Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ 3) Алматы мемлекеттік табиғи қорығы. Фото: Салторе Сапарбаев

Табиғатты пайдаланатындардың оны сақтауға қаржы бөлуі де маңызды. Мысалы, таза су, орман немесе топырақ сияқты табиғи ресурстарды пайдаланатындар экожүйелерді қорғауға үлес қоса алады. Мұндай тетік 2021 жылғы Экологиялық кодексте қарастырылған. БИОФИН Қарқаралы ұлттық паркі мен «Іле-Балқаш» резерватының табиғи ресурстарының экономикалық құнын бағалады. Бұл зерттеу аталған аумақтарға қосымша қаржы тартудың мүмкіндігін көрсетуге көмектеседі. Бұл бағытта мамандар даярлау да қолға алынған. ЕҚТА-ның қаржысын жоспарлау негіздері Қазақстанның үш университетінің оқу бағдарламасына енгізілді. Бұл пәнді жыл сайын 2,000-нан астам студент оқиды.

Graphic blue banner with white text on the left and a red bird perched on a branch on the right.

 

Орман шаруашылығын қаржыландыру: бөлінген ақша нақты нәтижеге жұмыс істеуі керек

Қазақстанның орман шаруашылығына мемлекет қомақты қаржы бөледі. 2026 жылы бұл мақсатқа шамамен 129,9 миллион АҚШ доллары қарастырылған. Бірақ қаржының тиімді жұмсалуы үшін бөлінген қаражат нақты табиғатты қорғау нәтижелерімен байланысты болуы керек. БИОФИН осы бағытта нәтижеге негізделген бюджеттеу жүйесін енгізіп жатыр. 

Елдің 17 өңірінде орманды басқарудың арнайы жоспарлары әзірленеді. Онда орман шаруашылығына қандай мақсат қойылатыны ғана емес, сол мақсатқа қанша қаржы қажет екені және оның қайдан алынатыны да көрсетіледі. Қазір осы жоспарларды әзірлеуге қажетті әдістеме мен сарапшылар тобы қалыптастырылып жатыр. Барлық өңір бойынша жоспарларды 2027 жылы әзірлеу жоспарланған.

Graphic banner in blue for ecotourism certification, with circular icons and leaves.

 

Экотуризм: табиғатты сақтай отырып, өңірлерге табыс әкелу

Қазақстанда экотуризм жыл сайын дамып келеді. Ол адамдардың табиғат аясында демалуына мүмкіндік беріп қана қоймай, табиғи аумақтарды сақтауға және жергілікті халықтың табысын арттыруға көмектесе алады. Экотуризмнің табиғатқа зиян келтірмей дамуы үшін ортақ талаптар қажет. Осы мақсатта 2025 жылы БИОФИН мен БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен «Экологиялық туризм. Жалпы талаптар» стандарты қабылданды. Онда табиғатты қорғау, экологиялық білім беру, қоқысты дұрыс басқару және экологиялық таза технологияларды пайдалану талаптары белгіленген. Енді осы талаптарды нақты іске енгізу қажет. 

БИОФИН ұлттық парктер мен қорықтардағы туристік нысандар мен қызметтерді бағалайтын ұлттық сертификаттау жүйесін құруды жоспарлап отыр. Бұл табиғи аумақтардың туристік бағыт ретінде дамуына және табиғатты қорғауға жеке инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

1) Катон-Қарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі туристер. Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Сергей Нохрин 2) Саты ауылынан келген кәсіпкер әйел. Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Айнура Салимбаева 3) Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі туристік соқпақ. Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Мемлекет те экотуризмді дамытуға басымдық беріп отыр. 2026 жылдың көктемінде туризмді дамыту жөніндегі Үйлестіру кеңесі құрылды. Оның мақсаты- мемлекет, бизнес және сарапшылардың бірлесіп жұмыс істеуіне жағдай жасау.

БИОФИН экотуризм саласында жұмыс істейтін бизнеске, ЕҚТА қызметкерлері мен жергілікті тұрғындарға арналған оқу материалдарын дайындап жатыр. Болашақ мамандар үшін білім беру бағдарламалары да әзірленуде. Сонымен қатар ұлттық парктерге қанша турист қауіпсіз түрде келе алатынын және олардың қозғалысын қалай дұрыс ұйымдастыру керектігін анықтайтын әдістемелер дайындалуда. Келесі кезеңде осы сертификаттау жүйесін қорғалатын табиғи аумақтардың бірінде жеке серіктеспен бірге сынақтан өткізу жоспарланып отыр.

 

Жабайы жануарларды көбейтуге мемлекеттік қолдау

Сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерді арнайы жағдайда көбейтіп, кейін табиғатқа жіберу олардың популяциясын қалпына келтіруге көмектеседі. Бұл табиғи ортаға түсетін қысымды азайтып, жануарлар дүниесін қорғауға қосымша табыс әкелуі мүмкін. Бірақ Қазақстанда бұл бағыт әлі кең таралмаған. 

Жануарлар дүниесін пайдаланушылардың шамамен 1.3 пайызы ғана жабайы жануарларды өсірумен айналысады. Ал халықаралық тәжірибе дұрыс қаржылық қолдау болса, бұл әдіс табиғатты қорғаудың тиімді құралына айналатынын көрсетеді. 

БИОФИН-нің қолдауымен 2023 жылы жабайы жануарларды өсіру және кейін табиғатқа жіберу бойынша арнайы ұсынымдар әзірленді. Ал 2026 жылдың алғашқы жартысында осы саланың 60-тан астам өкілі оқудан өтті. Сонымен бірге жабайы жануарларды өсіру саласына берілетін мемлекеттік қолдауды жетілдіру бойынша ұсыныстар дайындалды. Бұл шаралар бағыттың болашақта кеңінен дамуына мүмкіндік береді.

Blue banner with white logo and text on the left, plus a circular peach emblem of a person and plant

 

Табиғи капитал: табиғаттың жағдайы бизнеске де әсер етеді

Судың тапшылығы, топырақтың тозуы немесе орманның азаюы- тек экологтарды алаңдататын мәселе емес. Бұл бизнес пен инвесторларға да тікелей әсер етеді. Мысалы, табиғи ресурстардың азаюы өндіріс шығынын арттырып, тауар жеткізуге кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан әлемде компаниялардың табиғатқа қаншалықты тәуелді екенін және олардың табиғатқа қандай әсер ететінін ашық көрсету тәжірибесі қалыптасып келеді. Бұл бизнес пен қаржы ұйымдарына табиғи тәуекелдерді алдын ала бағалап, инвестициялық және басқарушылық шешім қабылдауға көмектеседі.

2024 жылы БИОФИН Қазақстанның осы жүйеге қаншалықты дайын екенін зерттеді. Зерттеуге бизнес, қаржы саласы және мемлекеттік органдардан 90-нан астам адам қатысты. Нәтижесінде қызығушылық жоғары болғанымен, нақты деректер, бағалау әдістері мен табиғи тәуекелдерді анықтайтын құралдар әлі де қажет екені белгілі болды. Қазір БИОФИН осы бағыт бойынша ұсынымдар әзірлеп, мемлекет, бизнес және қаржы ұйымдарының арасында диалог жүргізіп келеді.

 

Биоалуантүрлілікке келтірілген зиянды өтеу

Ірі құрылыс немесе өндіріс жобалары табиғатқа белгілі бір деңгейде әсер етуі мүмкін. Сондықтан ең бастысы- алдымен табиғатқа зиян келтіруге жол бермеу, қажет болса әсерін азайту. Ал мүлде болдырмау мүмкін емес жағдайда келтірілген залалды өтеу қажет.

БИОФИН Қазақстанда осы халықаралық тәсілді енгізуге ықпал етіп келеді. Яғни алдымен табиғатқа әсерді болдырмау, кейін оны азайту, ал басқа мүмкіндік болмаған жағдайда табиғатты қалпына келтіру немесе қорғауға бағытталған өтемдік шаралар жүргізіледі. Мысалы, экожүйелерді қалпына келтіруге, жаңа қорғалатын аумақтар құруға немесе сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктерді сақтауға қаржы бағытталуы мүмкін. Мақсат- табиғатқа келетін зиянды жай ғана өтеу емес, биоалуантүрлілікті бұрынғыдан да жақсарту. 

1) Қаратау табиғи қорығындағы эндемик – Қаратау арқары. Фото: Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы 2) Алматы мемлекеттік табиғи қорығындағы қар барысы. Фото: Салторе Сапарбаев 3) Ақсу-Жабағылы табиғи қорығындағы бөктергі. Фото: Сматулла Джуманов

Бұл қағида Қазақстанның 2021 жылғы Экологиялық кодексінде бекітілген. Қазір ол 2035 жылға дейінгі биоалуантүрлілікті сақтау және тұрақты пайдалану тұжырымдамасын іске асырудың маңызды құралдарының бірі ретінде қарастырылып отыр. Ендігі міндет- осы қағиданы ірі жобаларды жоспарлау және жүзеге асыру кезінде тұрақты түрде қолдану.

Blue banner with white logo and Cyrillic text left; flowers around a globe, Earth right.

 

Көміртекті офсеттер: орманға инвестиция тартудың жаңа мүмкіндігі

Орман - табиғатты қорғаудың маңызды бөлігі ғана емес, инвестиция тартуға болатын ресурс. Көміртек нарығы арқылы орман отырғызу, орманды қалпына келтіру және сақтау жобаларына жеке қаражат тартуға болады. Егер мұндай жобалар климатқа нақты пайда әкелетіні дәлелденіп, тәуелсіз тексеруден өтсе, олар көміртек бірліктерін шығара алады. Бұл Қазақстанның орман шаруашылығына халықаралық инвестиция тартуына мүмкіндік береді.

Қазақстанда көміртекті офсеттердің ішкі нарығы да қалыптасып келеді. Шығарындыларды саудалау жүйесіне қатысатын компаниялар тиісті орман жобаларынан алынған көміртек бірліктерін өз міндеттемелерінің бір бөлігін орындауға пайдалана алады. 

Бұл бағытта нақты жұмыстар басталып та кетті. БИОФИН-нің қолдауымен мемлекеттік органдардың, бизнес пен қаржы секторының өкілдері көміртекті жобаларды әзірлеу бойынша оқудан өтті. Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында бұрын есепке алынбаған 100,000 гектардан астам орман анықталып, түгендеуден өтті. Тағы 20,000 гектардан астам орман басқарылатын орман аумақтарының жүйесіне енгізілді.

 

1) Шығыс Қазақстан облысындағы Өр-Үбі орман шаруашылығы. Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Николай Новиков 2) Қайыңды көлі, «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі. Фото: Мұхамеджан Саматұлы

2025 жылы БИОФИН ұсынған өзгерістер Орман кодексінде бекітілді. Енді Қазақстанда тіркелген инвесторлар шығарындыларды саудалау жүйесі аясында көміртекті офсеттер ала алады. Бұл ретте жаңадан отырғызылған ормандар мемлекет меншігінде қалады. Сондай-ақ, орман жобаларының атмосферадан қанша парниктік газ сіңіретінін есептейтін арнайы әдістеме әзірленіп, 2023 жылы бекітілді.

 

Табиғатқа зиян келтіретін субсидияларды өзгерту

Ауыл шаруашылығы Қазақстандағы жұмыс істейтін халықтың шамамен 11 пайызын жұмыспен қамтып отыр. Бұл салаға мемлекет айтарлықтай қаржылай қолдау көрсетеді. Бірақ кейбір субсидиялар, мысалы, пестицидтер мен минералды тыңайтқыштарға берілетін қаражат табиғатқа кері әсер етуі мүмкін. Олар аралар сияқты тозаңдандырғыш жәндіктердің азаюына, топырақтың тозуына және судың ластануына әкелуі ықтимал.

БИОФИН әр елде ауыл шаруашылығына берілетін субсидияларды табиғатқа зиян келтірмейтіндей етіп өзгертуге көмектесіп келеді. Яғни мемлекет ауыл шаруашылығын қолдай отырып, қоршаған ортаны да қорғауы керек. Ол үшін субсидия берудің экологиялық талаптарын енгізу, қауіпті пестицидтерді біртіндеп азайту, табиғатқа зияны аз технологияларды қолданатын шаруашылықтарды ынталандыру ұсынылады. Мемлекеттік қолдау алған кезде экологиялық талаптарды сақтау да ескерілуі тиіс. Бұл тәсіл ауыл шаруашылығын экологиялық тұрғыдан тұрақты етіп, мемлекеттік қаржыны табиғатқа пайдалы бағытқа жұмсауға мүмкіндік береді. 

БИОФИН ұсынған қаржылық тетіктердің барлығы бірдей бір кезеңде емес. Кейбірі заңнамаға енгізіліп, қазірдің өзінде қолданылып жатыр. Кейбір жобалар сынақтан өтуде, ал енді бірқатары іске қосылуға дайындалып жатыр. 

Қазақстанның тәжірибесі көрсеткендей, биоалуантүрлілікті тек мемлекеттік бюджет пен табиғатты қорғау шаралары есебінен сақтау мүмкін емес. Табиғатты қорғауға инвестиция тартатын және оны сақтауға экономикалық ынталандыру қалыптастыратын заманауи қаржылық тетіктер қажет. БИОФИН жұмысының негізінде де осы тәсіл жатыр. Бұл - биоалуантүрлілікті қаржыландыру мәселесін шешуге бағытталған жаһандық бастамалардың бір бөлігі.