Ұлытау әйелдері – өңірдің болашағын қалыптастырып жатыр

2025 ж. 15 October
Rocky desert landscape with a green pond, sparse shrubs, and distant hills under a cloudy sky.
Фото: Ұлытау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі

Сарыарқаның дәл жүрегінде орналасқан Ұлытау таулары - XV ғасырда қазақ мемлекеттілігінің негізі қаланған қасиетті мекен. Бүгінде тарихи және мәдени мұраға бай Ұлытау дамудың жаңа кезеңіне қадам басуда. 2021 жылы бұл аумақта жалпы аумағы 60,000 гектарға жуық «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі құрылды. Парк алуан түрлі флора мен фаунаны, бірегей табиғи ландшафттарды және тарихи ескерткіштерді біріктіреді. Ұлттық парк табиғатты сақтаудың символы ғана емес, сонымен қатар өңірдің қарқын алу қазығына айналып, экотуризмді дамытуға және жергілікті тұрғындар үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға негіз болып отыр.

Autumn trees in yellow and orange along a field, with a rocky hill and cloudy sky.

Ұлытау ұлттық табиғи паркінің аумағы – 58 912 га.

Фото: Ұлытау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі

Көркем табиғаты мен тарихи мұрасына қарамастан, Ұлытау экономикасы ұзақ жылдар бойы тау-кен өнеркәсібіне тәуелді болып келді. Ауыл тұрғындары көбіне жайылымдық мал шаруашылығымен айналысады. Алайда бұл саланың өзіндік маңызы зор болғанымен, тұрақты табыс көзі деуге келмейді.

Ұлытау ауылында халықтың басым бөлігі бюджет саласында, өнеркәсіпте және ауыл шаруашылығында еңбек етеді. Соңғы үш жылда бұл ауылда айтарлықтай өзгерістер болды - мұнда дәстүрлі жұмыспен қамту түрлеріне балама ретінде экотуризмді дамыту жоспарлануда.

Сонымен қатар, Ұлытау табиғи және тарихи байлығы, өзіндік болмысы мен қонақжай халқы арқылы тұрақты туризм үшін үлкен әлеуетке ие.

Өңірдің дамуына Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) арасындағы бірлескен бастама ықпал етуде. Бұл бастама тек биоәртүрлілік пен экожүйелерді сақтау ғана емес, сонымен қатар адами капиталды дамытуға - ауылдық жерлердегі  кәсіпкерлікке оқыту мен қолдауға және жергілікті қауымдастықтарды тұрақты даму саласына тартуға бағытталған.

2022 және 2024 жылдары БҰҰДБ мен QazaqGeography географиялық қауымдастығының қатысуымен жергілікті тұрғындар үшін бизнес-жоспарлау және қонақ күту қызметтері бойынша тренингтер ұйымдастырылды. Қатысушылар маркетинг негіздері, мобильді бейне түсіру тәсілдерімен танысып, қонақ үйлер мен қолөнер шеберханаларын дамыту, тамақтану қызметтерін ұсыну бойынша білім алды. Оқытуға 171 жергілікті тұрғын қатысты, оның 109-ы - әйелдер. Олар туған өлкесінің дамуына өз үлесін қосуға дайын.

Person in a long brown coat stands on steps before a pale-yellow building with a bench.

2022 жылдан бері Ұлытау облысындағы ауыл кәсіпкерлігін қолдау мақсатында БҰҰДБ ұйымдастырған тренингтерге 109 әйел қатысты.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Елігай Әбіш

Тренингтер Алматы облысындағы Саты ауылы мен Ақмола облысындағы Қорғалжын ауылының табысты тәжірибесі негізінде табыс көзін арттырудың нақты жолдарын көрсетті. Нәтижесінде үш жаңа бизнес-идея құрылып, оның бірі Ұлытау облысы әкімдігінің грантын жеңіп алды.

Өңірде ұзақ жылдар бойы ер адамдардың өнеркәсіптегі жұмысы басым болса, бүгінде әйелдер де қоғам өміріне белсенді араласуда. БҰҰДБ мен Қазақстан Үкіметінің жобасы оларға қонақүй қызметі, қолөнер және тұрақты кәсіпкерлік бойынша дағдыларын дамытуға көмектесуде. Тренингке қатысқан әйелдер қонақ үйлер ашу, тамақтану қызметтерін ұсыну, экскурсиялар ұйымдастыру жолдарын үйренді. Жоба аясында жүргізілген сауалнамаға сәйкес, қатысушылар арасындағы әрбір төртінші әйел қонақ үй ашқысы келсе, 21 пайызы – тамақтану қызметін көрсетіп, жергілікті өнімдерді сатуға ниетті. Мұндай бастамалар жергілікті экономиканы нығайтып қана қоймай, ауыл әйелдері үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Woman sits in a garden on a white circular chair, wearing an orange top and a colorful scarf.

Еркеназ Бегаева – Ұлытау ауылындағы кәсіпкер.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Елігай Әбіш

Ұлытау ауылынан Еркеназ Бегаева - тренингке белсенді қатысқан жандардың бірі. Мамандығы бойынша бастауыш сынып мұғалімі. Еркеназ бірнеше жыл бұрын кәсіпкерлікке бет бұрып, шағын дәмхана ашқан. Бүгінде бұл кәсібі оның отбасына қосымша табыс әкелуде.

«Менің екі хоббиім бар - ән айту және аспаздық. Екінші қызығушылығым арқылы кәсібімді бастадым. Қазір мен тез әзірленетін тағамдар дайындаймын», - дейді Еркеназ.

Оның айтуынша, дәмханаға орын табу оңайға түспеген. Қазір Еркеназға екі ауыл тұрғыны көмектеседі, ал тапсырыстар көбейген кезде, мысалы, іс-шаралардағы кофе-брейктер үшін - қосымша қызметкерлерді тартады.

Person wearing orange sweater and pink apron stands at kitchen counter with fresh herbs.

Аспаздыққа деген сүйіспеншілігі Еркеназды өз дәмханасын ашуға шабыттандырды.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Елігай Әбіш

Кәсіпкер әйел тренингтерде клиенттермен тиімді жұмыс істеуді, тапсырыстарды жоспарлауды және сервисті ұйымдастыруды үйренгенін айтады. Оның ойынша, ауыл әйелдерін және олардың кәсібін қолдау өте маңызды, өйткені бұл - экономиканы дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және қауымдастықтың тұрақты дамуына ықпал етеді.

«Ұлттық нақышта безендірілген этно-кафе ашуды армандаймын. Этно-кафеге әрбір қонақ мен дайындаған қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татар еді», – дейді Еркеназ.

Person in orange top with teal scarf in front of a dark wall with a gold eagle logo, blue sofa behind.
Photo of a room with a wooden door, lattice divider, red patterned rug, and wall painting.

Еркеназ болашақта қазақстандық және шетелдік саяхатшыларды қарсы алатын этнодәмхана ашуды армандайды.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Елігай Әбіш

Ұлытауда экотуризмді дамыту жергілікті тұрғындар мен ел экономикасы үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. 2024 жылы Қазақстан ұлттық парктеріне келген туристер саны 2,8 миллион адамды құрады, бұл бір жыл бұрынғы мерзіммен салыстырғанда 18 пайызға артық.

Стихиялық туризмнің алдын алу үшін тренинг қатысушыларына тамақтану, атпен серуендеу және экскурсияларды қамтитын қонақ үйлер ашу, сондай-ақ киізден, саз балшықтан кәдесый дайындау және ұлттық нақыштағы киім тігу арқылы табыс табу жолдары ұсынылды. Осындай бастамалар арқылы Ұлытауда табиғатты аялауға негізделген, көшпелі халықтың дәстүрлі қонақжайлығын сақтаған жаңа мәдениет қалыптасып келеді.