Орман болашақтың капиталы ретінде
2026 ж. 21 March
Бір кездері орман шаруашылығы инспекторы болып жұмыс істеген кезімде таңертең орманға жиі баратын едім. Мұндай сәттерде тұман қарағайлардың арасынан баяу көтеріліп, ауа шайыр мен ылғалды жердің хош иісіне қанып тұратын. Осы кездері орманның тынысы мен оның үнсіз қуатын ерекше сезінесің. Мен үшін орман тек абстрактілі экожүйе немесе мемлекеттік статистикадағы жансыз көрсеткіш емес. Бұл ‒ жерді жел мен құрғақшылықтан қорғайтын, ылғалдық пен топырақтың құнарлылығын сақтайтын жанды әлем. Орман табиғи қорғаныш секілді: ол жерді барынша қорғайды және түгел қоршаған ортаның тепе-теңдігін сақтайды.
Ормандардың экономикалық рөлі дәстүрлі түрде ағаш өндірумен байланысты. Орман секторына ағаш дайындау және оны қайта өңдеу, құрылыс материалдарын өндіру, жиһаз және целлюлоза-қағаз өнеркәсібі және биоэнергетиканы дамыту кіреді. Өнімнің қосымша құнын арттыруға мүмкіндік беретін және экономиканы әртараптандыруға ықпал ететін ағашты терең өңдеу ‒ ерекше маңызға ие.
Алайда ормандардың экономикалық әлеуеті тек ағаш ресурстарымен шектелмейді. Орманның ағаштан басқа өнімдері — жидектер, саңырауқұлақтар, дәрілік өсімдіктер, бал және басқа да жабайы ресурстар маңызды рөл атқарады. Ауылдық аймақтар үшін мұндай қызмет түрлері қосымша табыс көзіне айналады және шағын кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік туғызады. Шектеулі экономикалық баламалар жағдайында орман ресурстары жергілікті қауымдастықтардың тұрақтылығын сақтауға көмектеседі.
Орман шаруашылығы, жұмыспен қамтуда маңызды рөл атқарады, әсіресе ауылдық және шалғай аймақтарда. Жұмыс орындары орман шаруашылығында, орманды қалпына келтіруде, ағашты қайта өңдеу, ағаштан басқа өнімдерді жинау және экологиялық туризмді дамыту салаларында құрылады. Ұлттық саябақтар, табиғи маршруттар және қорғалатын табиғи аумақтар инфрақұрылымды, шағын бизнесті және аймақтық экономиканы дамытуды ынталандыру арқылы туристердің назарын тартады. Жергілікті қауымдастықтар үшін бұл табиғи және мәдени мұраны сақтауға ықпал ететін және халықтың көші-қонын төмендететін балама табыс көздерін ұсынады.
Алайда ормандардың маңызы экономика және жұмыспен қамту мәселелерімен шектелмейді. Олардың табиғи жүйелердің тұрақтылығына және адамдардың әл- ауқатына қосқан үлесі әлдеқайда ауқымдырақ.
Бұл рөл әсіресе климаттың өзгеру қарқыны артқан бүгінгі жағдайда аса байқалады. Ормандар төмен көміртекті даму моделіне көшудің негізгі құралдарының бірі болып табылады. Атмосферадан көміртекті сіңіру арқылы ормандар парниктік газдар шығарындыларын азайтуға ықпал етеді. Сонымен бірге, тозған жерлерді қалпына келтіру табиғи ландшафттардың тұрақтылығын арттырады. Орманды тұрақты басқару елдердің халықаралық климаттық тетіктерге қатысуына және биоэнергетиканы дамытуына мүмкіндіктер жасайды.
Бұл жаһандық үрдістер әсіресе Қазақстан үшін өзекті болуда. Ел аумағы 272,5 млн гектарды құрайды. 2025 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша орман қоры 31,4 млн гектарды алып жатыр, бұл ел аумағының шамамен 11,5% құрайды. Орманмен жабылған жерлердің ауданы 13,9 млн гектарды, ал ормандылық деңгейі шамамен 5,1% құрайды. Бұл көрсеткіштер Қазақстанды ормандарды сақтау және қалпына келтіру мәселелері стратегиялық маңызы бар орманы аз мемлекеттерге жатқызады.
Елдің орман саясаты ормандардың экологиялық функцияларын, яғни су қорғау, климатты реттеу, топырақ қорғау және санитарлық-гигиеналық функцияларды күшейтуге көбірек көңіл бөлуде. Қабылданған Орман кодексі ормандардың жалпымемлекеттік маңыздылығының басымдығын бекітті және аумақтардың едәуір бөлігінде шаруашылық қызметті реттеуді күшейтті. Ерекше қорғалатын орман алқаптары кеңейтілді, есептік ағаш кесу қысқартылды, өртке қарсы қауіпсіздік талаптары күшейтілді және орманды қалпына келтіру бойынша міндеттемелер енгізілді. Бұл шаралар антропогендік ықпалды азайтуға және ормандардың табиғи әлеуетін сақтауға бағытталған.
2025 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша ұзақ мерзімді орман пайдалануға 761,1 мың гектар берілді, бұл орманмен қамтылған алаңның шамамен 5,48%-ын құрайды. Бұл ретте орманды пайдалану үлесі алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда едәуір қысқарды, бұл орман ресурстарын басқарудың неғұрлым орнықты моделіне көшуді айқындауда.
Орман — тұрақты дамудың негізі. Оның рөлі табиғи ресурстың шегінен әлдеқайда асып түседі. Тұрақты орман басқаруға, ормандарды қалпына келтіруге, заманауи мониторинг жүйелеріне және өртке қарсы инфрақұрылымға инвестициялар салу ұзақ мерзімді экономикалық тұрақтылықтың, биоалуантүрлілікті және болашақ ұрпақтың әл-ауқатын сақтаудың маңызды шарты болып табылады.