Орталық Азия жаңа климаттық инвестициялық бағыттарды қалыптастыруда

2026 ж. 22 April
Photograph: three panelists at a conference table with colorful flags behind them.
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ / Ирис Мамбур

Жасыл климат қоры мен БҰҰ Даму бағдарламасы Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігімен әріптестікте Өңірлік экологиялық саммит шеңберінде Орталық Азиядағы климаттық инвестициялар мәселесі бойынша министрлік деңгейіндегі дөңгелек үстел өткізді.

Іс-шара аймақ елдерінің үкіметтерін, халықаралық қаржы институттары мен климаттық қорларды біріктіріп, климат саласындағы нақты инвестициялық шешімдерді талқылауға арналған алаңға айналды. Бұл шешімдер аймақ елдерінің жасыл қаржыландыруды дамыту және ынтымақтастықты нығайту саласындағы келісілген тәсілдерін бейнелейді.

Photograph: panel of officials at a conference with Kazakhstan's Ministry of Ecology and Natural Resources banner.
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ / Ирис Мамбур

Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев келесідей атап өтті:

«Орталық Азия ортақ климаттық қиындықтарға тап болып отыр, және Қазақстан оларға жауап ретінде аймақтық ынтымақтастықты белсенді түрде дамытуда. Ел саясатты жетілдіруді және табиғатқа бағдарланған шешімдерге инвестиция тартудың қолайлы жағдайларын қалыптастыруды қамтитын жүйелі тәсілді дәйекті түрде іске асыруда. Бүгін осы күш-жігердің халықаралық әріптестер тарапынан қолдау тауып жатқаны ерекше маңызды. Донорлар мен қаржы институттарының қолдауы бізге басымдықты бастамаларды жеделдетуге және ел мен тұтастай аймақтың ұзақ мерзімді орнықты дамуы үшін институционалдық іргетасты нығайтуға мүмкіндік береді».
Panel of officials at a conference table with blurred faces, microphones, flags, and a screen.
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ / Ирис Мамбур

Кіріспе сөзінде БҰҰ Бас хатшысының орынбасары және БҰҰДБ Әкімшісінің орынбасары Хаолян Шу ұйымның елдерді климаттық міндеттемелерден нақты инвестициялық шешімдерге апару жолында атқаратын жаһандық рөлін атап өтіп, бұл күш-жігердің Орталық Азия үшін ерекше маңызын баса көрсетті:

«Климаттық міндеттемелерден нақты инвестициялық шешімдерге өту біздің тәсілімізде түбегейлі өзгерісті талап етеді. Біз экологиялық мақсаттарды нақты экономиканың мүдделерімен ұштастыруымыз керек — сонда ғана олар ЖІӨ өсімінің тікелей қозғаушы күшіне айналады. Сөз мынау: шашыраңқы ұлттық өтініштердің орнына трансшекаралық инвестициялардың тұтас портфелін құру — жаңа инвестициялық мәдениетті қалыптастыру туралы. Тек аймақтық ынтымақтастық және тәуекелдерді бірлесіп төмендету механизмдері арқылы ғана Орталық Азияның ұзақ мерзімді өркендеуіне қол жеткізе аламыз».
Three people; man in a suit with a blurred face and lanyard talks to two men facing away.
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ / Ирис Мамбур

Орталық Азиядағы климаттық қаржыландыруды жұмылдыруда ерекше рөл климаттық өзгерістермен күреске бағытталған әлемдегі ең ірі мамандандырылған қор — Жасыл климат қорына тиесілі. Оның портфелі әлемнің 100-ден астам еліндегі жобалар мен бағдарламаларды қамтиды. Сонымен қатар ЖКҚ елдерді әлеует нығайту және ұзақ мерзімді климаттық стратегияларды әзірлеуде қолдайтын Дайындықты арттыру бағдарламасын іске асырады. ЖКҚ-ның аймақтық директоры Томас Эрикссон өз сөзінде:

«Олардың көпшілігі, естіп отырғанымыздай, өз табиғаты бойынша аймақ ішінде тығыз үйлестіруді және ұжымдық тәсілдерді талап ететін аймақтық сипаттағы қиындықтар. Осы аймақтағы министрлік құраммен бізде ол үшін өте мықты негіз қаланған деп есептеймін. Менің көзқарасымша, ілгерілеу үш нәрсеге байланысты: нақты белгіленген және басымдықтары айқын жобалар портфеліне; тығыз үйлестіруге — әсіресе қаржы және салалық министрліктер арасында; және үшіншіден, мемлекеттік және жеке инвестицияларды қажетті ауқымда жұмылдыра алатын платформаларға.
Сондықтан бұл талқылау өте маңызды. Сөз күш-жігерді үйлестіру, іске асыруды жеделдету және Орталық Азияның климаттық және экономикалық болашағын айқындайтын инвестицияларды қалыптастыру туралы. Жасыл климат қоры өз тарапынан аймақтағы осы жұмыста сенімді әріптес болуға әзір».

Сессия барысында Орталық Азия елдерінің министрлері алдағы жылға арналған климаттық инвестициялардың басымдықты бағыттарын белгіледі. Қатысушылар халықаралық қаржыландыруды тарта алатын және климаттық өзгерістерді жеделдете алатын тұрақты инвестициялық портфельдерді қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Талқылау орта мерзімді перспективада іске асыруға дайын жобалар портфеліне, олардың ілгерілеуін тежейтін негізгі кедергілерге, сондай-ақ қажетті саяси және институционалдық өзгерістерге шоғырланды.

Сессияның екінші бөлігінде халықаралық қаржы институттары мен климаттық қорлар — Еуропалық қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі, Дүниежүзілік банк, Ислам даму банкі, Еуразиялық даму банкі және басқа да әріптестер — қолжетімді қаржыландыру құралдарын және климаттық жобаларды кеңейту мүмкіндіктерін таныстырды.

Сессия Орталық Азия елдерінің климаттық инвестициялармен жүйелі жұмыс жасауға — жобаларды қалыптастырудан бастап оларды Париж келісімі шеңберіндегі мүмкіндіктерді қоса алғанда халықаралық қаржы механизмдеріне енгізуге дейін — өтуге деген өсіп келе жатқан дайындығын растады.

Қорытындылай келе, қатысушылар аймақтың сапалы және инвестициялық тұрғыдан тартымды климаттық жобалардың тұрақты ағынын қалыптастыру әлеуетін іске асыру үкіметтердің, халықаралық әріптестер мен қаржы институттарының бірлескен және келісілген күш-жігеріне тікелей байланысты екенін атап өтті.