Жапония мен БҰҰДБ Қазақстанда «Адам құқықтары саласындағы тиісті сақтық» корпоративтік рәсімін ілгерілету және климаттың өзгеруіне қарсы күрес бойынша екі бірлескен жобаны іске қосты

2022 ж. 9 September
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Батыр Аубакиров

2022 жылғы 9 қыркүйек, Нұр-Сұлтан – Бүгін Жапония мен БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) Қазақстанда екі әріптестік бастаманы іске қосты. Жобалар «Адам құқықтары саласындағы тиісті сақтық» (HRDD) корпоративтік рәсімі мен бизнесті жауапты жүргізуді ілгерілетуге, сондай-ақ климаттық тұрғыдан оңтайландырылған агротехнологияларды енгізуге бағытталған.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Батыр Аубакиров
«Жапония көптеген жылдар бойы бүкіл әлемдегі елдерге жәрдемдесіп, көмек көрсетіп келеді. Біз бұл жобалардың адам құқықтарының компаниялар тарапынан бұзылуынан болатын залалды азайтатынына және көміртексіздендіруге ықпал ететініне өте қуаныштымыз. Біз осы жобалардың кедергісіз іске асырылып, табысты болуы үшін БҰҰДБ мен Қазақстан Республикасымен өз ынтымақтастығымызды тереңдете бергіміз келеді.»
Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джун Ямада мырза

Бірінші бастама – «Бизнес және адам құқықтары» жобасы – елдер үкіметтерінің, жапон кәсіпорындарының, олардың жеткізушілері мен әріптестерінің  БҰҰ-ның Адам құқықтары тұрғысынан кәсіпкерлік қызметтің басшылыққа алынатын қағидаттарын (АҚБҚ) іске асыру саласындағы түсінігі мен әлеуетін нығайтуға бағытталған.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Батыр Аубакиров

Қазақстан Жапония үкіметі Қазақстандағы жапон компаниялары мен олардың жеткізілім тізбектерінде жауапты іскерлік тәжірибені ілгерілету жөніндегі осы жаһандық жоба үшін басым елдер ретінде айқындаған 17 елдің бірі болып табылады. Бюджеті 300 000 АҚШ долларына тең жоба жапон компаниялары мен олардың жеткізілім тізбектеріне арналған тренингтер мен нұсқамалар өткізу арқылы АҚБҚ-ның негізгі элементі болып табылатын адам құқықтары саласындағы тиісті сақтық қағидатын ілгерілетуге бағытталады.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Батыр Аубакиров

Осы жаһандық бастамамен бірге Жапония «Климаттық уәде» бастамасын іске асырудың «Уәдеден – іс-қимылға» деп аталатын келесі кезеңінде БҰҰДБ-ның жаңа және ірі әріптесіне айналып, Қазақстанға ұлттық климаттық уәдені орындау үшін климаттық қорларды ұсынады. Бюджеті 974 408 АҚШ долларына тең климаттық тұрғыдан оңтайландырылған агротехнологияларды енгізу жөніндегі жаңа жоба Қазгидрометтің қолданыстағы бақылау жүйесін цифрлық форматта да, жаңа заманауи жабдықты орнату арқылы да жақсартуға көмектеседі. Жоба аясында Қазақстан өңірлеріндегі фермерлерге қолдау көрсету жоспарлануда. Жаңартылатын энергия көздерін (жел және күн) пайдалану жөніндегі шешімдер әртүрлі ауылшаруашылық өндірістерде цифрлық мониторингті қолдана отырып, пилоттық режимде сынақтан өткізілетін болады.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Батыр Аубакиров
«Біз Жапония үкіметімен көп жылдық ынтымақтастығымызды және Қазақстандағы адам құқықтары тұрғысынан бизнес жүргізу мәселелері жөніндегі жұмысымызды ұйымдастыруда, сондай-ақ елімізге оның климат саласындағы халықаралық міндеттемелерін орындауда көмек көрсетудегі жомарт қолдауын жоғары бағалаймыз. БҰҰДБ қызметі мен Жапония үкіметінің басымдықтары көптеген салаларда сәйкес келеді: екеуіміз де елдерге COVID-19 індетінің әсерінен одан сайын күрделеніп отырған даму проблемаларын, соның ішінде заң үстемдігі мен климаттың өзгеруі мәселелерін шешуге көмектесеміз.»
Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілінің міндетін атқарушы Сухроб Ходжиматов