III Халықаралық энергия үнемдеу форумы

Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілі Якуп Бериштің сөзі

2021 ж. 28 May

 

 

Министр Атамқұлов, жоғары мәртебелілер,

Құрметті қонақтар,

Бүгінгі Халықаралық энергияны үнемдеу форумына қатысу мен үшін үлкен мәртебе және ғанибет.

Бұл форум бұрын-соңды болмаған уақытта, әлем елдерінің барлығы дерлік COVID-19 індетінен зардап шегіп отырған кезде өткізіліп отыр. Алайда, бұл мезет үлкен сын-қатерлерге толы болса да, ол біздің даму стратегиямызды қайта қарастырып, болашақта бұрынғыдан да жақсы өмір құру үшін қажетті реформаларды жеделдетуге мүмкіндік беріп отыр. Дағдарыстан шығудың жолын іздей отырып, біз өмірімізді «бұрынғыдан да жақсы» қағидатына сәйкес қалпына келтіруіміз қажет, ал ол үшін біздің осы күш-жігеріміз бұрынғыдан да «жасыл» болуға тиіс.

Қазақстан төмен көміртекті даму мен климаттың өзгеруіне бейімделуге қатысты тұрақты жолдар мен нақты стратегияларға бет бұрып отырған тұста біз былтыр желтоқсан айында өткен Климаттың өзгеруіне байланысты өршіл міндеттер жөніндегі саммитте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу жөніндегі Қазақстанның өршіл міндетін жоғары бағалаймыз. Қазақстан экономикасы энергияны және көміртекті ең көп қажет ететін елдердің бірі болып отырғанын ескерсек, энергетикалық сектордың трансформациясы Қазақстан экономикасын көміртексіздендіруде басты рөл атқаратын болады. Сондықтан Президент Тоқаевтың Кен өндіруші салалардағы мәселелер жөніндегі жаһандық дөңгелек үстел отырысында электр энергетикасын дамыту жөніндегі іс-қимылға батыл шақыруы келешек өзгерістердің айқын нышаны болып табылады.

Денсаулық сақтау мен білім беру салаларындағы пайданы ескерсек, 2050 жылға қарай әлемдік экономиканы көміртексіздендірудің пайдасы шығындардан сегіз есе асып кете алады (IRENA зерттеуі). Тиісінше, әлемдік ЖІӨ 2050 жылға қарай оған дейінгі кезеңдегі әдеттегі деңгеймен салыстырғанда 98 триллион АҚШ долларына өссе, жаңартылатын энергия көздері саласындағы жұмыс орындарының саны төрт есе өсіп, 42 миллионға жете алады. Елдердің үкіметтері инвестициялау жолдарын айқындау кезінде қазбалы отынды пайдаланатын салалар мен бұрынғы жүйеден қалған басқа да өнеркәсіптерді ынталандыру немесе инклюзивті «жасыл» экономикаға инвестиция салу арасында таңдауы қажет.

Дүние жүзіндегі қалпына келтіру шараларынан алынған тағы бір сабақ – көптеген жағдайда «жасыл» ынталандыру саясатының дәстүрлі салықтық және бюджеттік ынталандырмалардан артықшылығы бар. Мысалы, жылу оқшаулағыштарды жаңарту немесе экологиялық таза энергия инфрақұрылымын салу сияқты «жасыл» құрылыс жобалары жоғары мультипликативтік нәтиже бере алады. Қалалардағы, ғимараттар мен көлік жүйелеріндегі тиімділікті арттыру арқылы энергияны үнемдеу шаралары жаңа жұмыс орындарын құру сияқты әлеуметтік-экономикалық пайдалар әкеледі. Мысалы, үйлердің энергиялық тиімділігін арттыруға жұмсалатын шығындардың 60%-ке дерлігін жергілікті және ұлттық экономиканы ынталандыру үшін жұмыс орындарын құруға және жергілікті өндірістік-өткізу тізбектерін құруға бағыттауға болады.

Энергия тиімділігін арттыруға бағытталған инвестицияларды тез арада жұмылдыруға болатынын ескерсек, олар шешім қабылдаушылар үшін тек бар жұмыс орындарын қорғау үшін ғана емес, сонымен қатар COVID-тен кейінгі қалпына келтіру кезінде жаңа жұмыс орындарын құру үшін де ең дәйекті инвестиция болып табылады. Мұның себебі энергия тиімділігі мен жаңартылатын энергия көздеріне салынатын инвестициялардың көп еңбекті қажет ететіндігінде: мұнда энергия тиімділігіне жұмсалған 1 миллион АҚШ доллары секторға байланысты орта есеппен 6-15 жұмыс орнын ашады деп есептелген (IEA, 2020). Жаңартылатын энергия инфрақұрылымына салынған 1 миллион АҚШ доллары мөлшеріндегі инвестиция 7,49 жұмыс орнын құрса, қазба отын көздері саласында 2,65 жұмыс орнын құрады (Garrett-Peltier, 2017).

Біз Қазақстан экономикасының құрылымы себепті климатқа теріс әсер ететін немесе оған мүлдем әсер етпейтін кейбір саяси шараларды қолданбаса болмайтынын түсінеміз. Алайда, тіпті сондай саяси шаралар тиісті шарттар қолданылған кезде ұзақ мерзімді оң климаттық нәтижелерге алып келе алатындай жүзеге асырыла алады.

Дүниежүзілік ауқымда Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы елдерге 2030 жылға қарай қойылған мақсаттарға жету жолына оралуға және Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге көмектесе отырып, үкіметтермен қазіргі және ұзақ мерзімді қажеттіліктерді қанағаттандыратындай әрбір елдің өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып қалпына келтіру жолдарын бағалау және әзірлеу бағытында жұмыс істейді.

Біздің Қазақстандағы елдік бағдарламамыз алдағы бес жылдағы климаттың өзгеруіне қарсы күрес бойынша жұмысты қамтиды, ол «жасыл» және әлеуметтік тұрғыдан әділ қаржы акселераторының көмегімен экологиялық таза технологияларды қаржыландыру, энергияны үнемдеу мен төмен көміртекті кәсіпкерлікті дамыту тетіктерін кеңейтуге бағытталатын болады. Бұл жұмыс кейін басқа секторларға кеңейту мақсатында «Даму» қорымен бірлесіп сыналған энергия тиімділігі мен жаңартылатын энергия көздерін қаржыландыру тетіктеріне сүйенетін болады. Төмен көміртекті кәсіпкерліктің дамуына «жасыл» облигациялар, жаңартылатын энергия көздері бойынша өткізілетін аукциондар мен атмосфераға көмірқышқыл газының шығарындыларына квоталар сату, сондай-ақ басқа да инновациялық тетіктер арқылы ықпал жасалатын болады.

Тұрақты даму мақсаттарын басшылыққа ала отырып және экономиканы көміртексіздендіруді жеделдету мен елдің әлеуметтік және табиғи капиталын қорғауға атсалыса отырып, бағдарламамыздың жұмысы арқылы біз энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-қимылдар мен экологиялық таза және жаңартылатын энергия көздерін дамытуға салынатын инвестицияларды тарту арқылы Қазақстанның экономикасын қалпына келтіру процесіне тұрақты әрі көміртекті бейтараптылық қағидаттарын енгізу үшін қажетті сарапшылық білімді ұсынамыз.

Қазақстанда экономиканы қалпына келтіру жөніндегі біздің жұмысымыз үкімет, БҰҰДБ, басқа да халықаралық агенттіктер мен жеке сектордың «жасыл» экономикаға көшуге деген ұмтылысына негізделеді.

Бұл саладағы жетістіктер қазірдің өзінде айтарлықтай: миллиардтаған теңге жеке инвестициялар жұмылдырылып, «жасыл» жұмыс орындары құрылып жатыр; сондай-ақ, жеке сектор өнеркәсіптері мен қызмет көрсету саласы тұрақты әрі қарқынды дамып келе жатыр.

Біздің соңғы жемісті бастамаларымыздың бірнешеуін атап өтсек:

2019 жылы біз нақты нысана үшін жаңартылатын энергия көздері бойынша Қазақстандағы алғашқы аукционды ұйымдастыруға қатыстық. Аукцион жеңімпазы – Түркістандағы 50 мегаваттық күн сәулелік электр қондырғысы Қазақстанда осы күнге дейінгі жаңартылатын энергия көздері аукциондарындағы ең төмен бағамен – киловатт-сағаты 12,49 теңге – 19 миллиард теңгеден астам қаражат тартты.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорымен бірге біз Қазақстанда тұңғыш рет «жасыл» облигацияларды шығарып, елдегі «жасыл» дамуға 200 миллион теңге жеке меншік қаржыландыруды тарттық.

Біз сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктер, ЭЖК келісімдері мен басқа тетіктер арқылы төмен көміртекті қалалық жобаларға жеке меншік сектор инвестицияларын тарту үшін тағы екі қаржылық тетік құрдық. Осы уақытта тартылған жеке инвестициялардың жалпы сомасы 12 миллион АҚШ долларынан асатын 36 жоба іске асырылуда. Бұл бізге 1 теңге субсидия шамамен 10 теңге мөлшерінде жеке меншік инвестицияларды жұмылдырып, салық төлемдерін 3-6 теңгеге ұлғайтатынын және энергия қызметтерін көрсету жобаларында «жасыл» жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретінін көрсетті.

Ақмола облысындағы туристік қонақ үйді энергия тиімділігін арттыра отырып жаңарту жобасы осы жұмыстың көрнекі мысалы болып табылады. 19 миллион теңге мөлшеріндегі жеке инвестиция мен 4,5 миллион теңге мөлшеріндегі БҰҰДБ-ҒЭҚ грантының нәтижесінде жылыту мен жарықтандыру шығыстары 50-75 процентке азайтылды.

Жақында біз ENI компаниясымен Түркістандағы орта мектепте энергия тиімділігін арттыру бойынша 150 000 АҚШ доллары мөлшеріндегі келісімге қол қойдық. Бастама мектептегі электр энергиясын жалпы тұтыну мөлшерінің 20 процентіне дейінгі электр қуатын күн энергиясымен қамтамасыз ету үшін жаңартылатын энергия көздерін енгізуді мақсат етіп отыр. Мектептегі энергияны тұтыну, оған жұмсалатын шығын мен CO2 шығарындылары кем дегенде 20 процентке қысқарады деп күтілуде.

БҰҰДБ сондай-ақ биыл Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірге энергия тиімділігі саласындағы жобаларға кепілдік беру құралын әзірлеу мен сынақтан өткізуге бағытталған жаңа жобаны бастап, ол осы секторға одан әрі жеке меншік инвестицияларды тартуға ықпал етеді.

2020 жылы тұрмыстық техника мен жабдықтардың энергия тиімділігінің ең төменгі стандарттарын қабылдау және мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне энергия тиімділігінің жоғары стандарттарын енгізу бойынша жалғасып жатқан жұмыстар – біздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен сындарлы әрі бірлескен жұмысымыздың тағы бір мысалы. Осы мүмкіндікті пайдаланып, министрлікпен тығыз ынтымақтастығымыз үшін Министр Атамқұловқа алғыс білдіруге рұқсат етіңіз.

Барлық осы нақты мысалдар мен болашақта маңызды жұмыстарды кеңейту мүмкіндіктерін ескере отырып, БҰҰДБ Қазақстан үкіметімен және барлық басқа әріптестермен осы Форумның пайымын ілгерілетуге және оны барша адамзат үшін тұрақты әрі гүлденген болашаққа апару мақсатындағы жемісті ынтымақтастықты жалғастыруға айнымас бейілділік танытатынын атап өтуге рұқсат етіңіз.

Назар бөліп тыңдағандарыңыз үшін алғысымды білдіремін және Сіздерге аса нәтижелі әрі жемісті пікірталас тілеймін.