Миллиардтарсыз шешім: қалдықтарды қайта өңдеу қалай табыс көзіне айнала алады

2026 ж. 18 March
Man in green shirt gestures beside a large bale of crushed cans at a scrapyard.

Владислав Голярко, қоршаған ортаны қорғау белсендісі, кәсіпкер және «Истоки добра» қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/ Самат Мырзалиев

Біз күн сайын тұрмыстық қалдықтардың көп мөлшерін тастаймыз: тамақ қалдықтары, қағаз, пластик контейнерлері, шыны және қаңылтыр банкалары. Бұл қалдықтардың ыдырау процесінде метан бөлінеді — ол денсаулыққа қауіпті улы газ, әрі климаттың өзгеруін күшейтетін фактор. 

ЮНЕП баяндамасының деректері бойынша, 2050 жылға қарай қатты тұрмыстық қалдықтардың көлемі 3,8 млрд тоннаға дейін ұлғаяды. Қатты қалдықтар секторы метанның антропогендік көздерінің ішінде көлемі бойынша үшінші орында. Ол жаһандық метан шығарындыларының шамамен 11 пайызын құрайды. 

Infographic panel titled METAN with Kazakh text on a desert landscape background.

Дереккөздер: 1) Климаттың өзгеруі жөніндегі Үкіметаралық сарапшылар тобының алтыншы бағалау баяндамасы, 2) Methane emissions (European comission: Energy, Climate change, Environment), 3) What a Waste: A Global Review of Solid Waste Management (World Bank, Washington, DC, 2012-03) Hoornweg, Daniel; Bhada-Tata, Perinaz

Қазақстан қалдықтарды қайта өңдеу бойынша әлемдік рейтингте бар болғаны 3,8 пайыз көрсеткішімен 179 орын ішінде 175-ші орында тұр. Елімізде қазір tabigat.gov.kz платформасы арқылы қоқыс таситын көліктерді GPS бақылау жүйесі енгізілді, ретсіз қоқыс үйінділері үшін жауапкершілік күшейтілді, техниканы сатып алу үшін жеңілдетілген несие бағдарламалары, мамандырылған кәсіпорындар үшін «ЭкоҚолдау» бағдарламасы және қоқыс газды қайта өңдеуге арналған жобалары жұмыс істейді.

Рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері ірі қалаларда да, ауылдық елді мекендерде де ең күрделі экологиялық проблемалардың бірі болып қалуда. Олардың пайда болуының негiзгi себептерi — қалдықтармен жұмыс iстеуге жүйелi көзқарастың болмауы, жергiлiктi атқарушы органдар тарапынан бақылаудың жеткiлiксiздiгi және экологиялық мәдениеттiң төмен деңгейi. Қоқыс үйінділер проблемасы тек парниктік газдар шығарындыларында ғана емес. Қалдықтар топырақты және жер асты суларын ластайды, жергілікті флора мен фауна зардап шегеді: жануарлар ауырады, жұқпалы ауруды таратады. Сонымен қатар, қоқыс үйінділер көбінесе өздігінен жанады, бұл қоршаған ортаға және адамдардың денсаулығына қосымша қауіп төндіреді.

Industrial yard beside blue warehouse; red forklift, pallets, and large bags.

Пластик, шыны және қағаз қайта өңдеуге сұрыпталған

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/ Мадина Какимжанова

Бірақ осындай күрделі жағдайда да шешім табатындар бар. Қазақстанның оңтүстігіндегі Сайрам ауданының Ақсу ауылында бір ретсіз қоқыс үйіндісі өзгерістердің бастамасына және ауыл тұрғыны қалдықтарды басқарудың тиімді жүйесін қалай құрғанының үлгісіне айналды. Владислав Голярко білімінен эколог болмаса да, оны тағдыр тағылымы арқылы таңдады. Ол мәселені ресурсқа айналдырып, жергілікті қауымдастықты тартты және бүгінгі таңда бүкіл елге таратуға болатын модель ұсынды.

«Біз көпқабатты үйдің бірінші қабатында тұрдық, ал біздің терезелеріміз ретсіз қоқыс үйінділер жаққа қарайтын. Сұмдық иіс болатын, жануарлар үнемі аралап жүретін. Біздің үйдің тұрғындары да, көршілер де үнемі оны толықтырып отырды, ал бұл үйінді әрдайым өсіп жатты. Мен осы қоқыс үйіндісін қалай алып тастауға, оны ретке келтіруге және, ақыр соңында, қалдықтарды өңдеу жолдарын қалай өзгертуге болатынын іздей бастадым», – деп бөліседі Владислав.

Photo: man in dark shirt stands beside a small white van in a rubble-filled construction site.

Владислав Голярко, қоршаған ортаны қорғау белсендісі, кәсіпкер және «Истоки добра» қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/ Самат Мырзалиев

Ол қиындықтың қандай екенін біледі. 1990 жылдардың басында, Қазақстан тарихындағы ең қиын кезеңдердің бірінде, оның анасы жұмыстан айырылып, күнкөріссіз қалды. Ұлының аман қалуы үшін, оны екі жылға балалар үйіне беруге мәжбүр болды.

«Анам мені жалғыз өсірді. Ол кезде жұмыс та, ақша да, азық-түлік те болған жоқ. Қиын болды, аман қалу үшін анам қиын шешім қабылдады - мені балалар үйіне берді. Онда мен 4 және 5 сыныптарын оқыдым. Содан кейін өз мектебіме оралып, оны бітіріп, әскерге аттандым. Балалар үйіндегі тәжірибе менің кейінгі өміріме қатты әсер етті», -
деп еске алады Владислав.

Бүгінде ол – экологиялық белсендісі, кәсіпкер, «Истоки добра» қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы. Осы жылдар ішінде ол өз идеясын жүзеге асырып, көптеген адамдардың өмірін өзгертті. 

Бәрі жастардың «Алпамыс» қоғамдық бірлестігімен танысуынан басталды — бұл үкіметтік емес ұйым халықаралық гранттардың қолдауымен жергілікті қауымдастықтар үшін түрлі іс-шаралар ұйымдастыратын.

«Әскерден кейін мен үйге оралдым. Жергілікті газетте журналист болып жұмыс істеген анам маған еріктілерді, соның ішінде балалар үйінің тәрбиеленушілерін қабылдайтын қоғамдық бірлестік туралы айтып берді. Мен бірден жазылып, спорттық іс-шараларды ұйымдастыруға көмектесе бастадым. Сонымен қатар ресми жұмыста жеке объектілердің күзетшісі болып жұмыс істедім. Уақыты өте келе қоғамдық жұмысқа араласып кеттім, түрлі тренингтерде көп нәрсе үйрендім: мақсаттарды міндеттерден қалай ажырату, өз жобаларын қалай қорғау, гранттарға өтініш жазу, жалпы өз идеяңды қалай ұсыну керек», –
деп әңгімелейді Владислав.

2017 жылы ол өзінің жеке қоғамдық бірлестігін тіркеді. Оның миссиясы қоқысты бөлек жинау және қайта өңдеу, сондай-ақ туған ауылының тұрғындарының өмірін жақсарту болды. Сол кезде Владиславқа қоқыс үйіндісін қайта өңдеуге арналған қалдықтарды сату алаңына айналдыру идеясы келді. Бірақ ол үшін қоқыс жинау орындарын жабдықтап, қоршаулар мен контейнерлер орнату қажет болды. Владислав Жаһандық экологиялық қордың шағын гранттар бағдарламасына және БҰҰ Даму бағдарламасына қатысуға өтінім берді. Грант алып, іске кірісті. 

Қайта өңдеуге сұрыпталған қалдықтар

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/ Самат Мырзалиев

«Бұл проблеманы жалғыз шешу мүмкін емес еді, тұрғындарды тарту қажет болды. Бірақ қоқысты жай ғана ешкім сұрыптамайды, сондықтан мен тұрғындар пайда көретін жүйені ұсындым, мысалы, ақша түрінде. Арнайы контейнерлер орнатылғаннан кейін адамдар пластик, шыны және қағазды бөле бастады. Біз мұның бәрін қайта өңдеуге алып кететінбіз. Ал қайталама шикізат үшін ақша үйдің шотына түсіп, кіреберістерді жөндеуге, көгалдандыруға және аумақты жинауға бағытталды», - дейді Владислав.

Бастапқыда ауыл тұрғындары бұл идеяға күмәнмен қарады, бірақ нақты төлемдерді көріп, белсенді түрде қосыла бастады. Содан кейін Владислав тұрғын үйлердің энергия тиімділігін және энергия үнемдеуді арттыруды ұсынды. Осылайша, түскен ақшаға кіреберістерде энерготиімді жарықдиодты шамдар орнатыла бастады және сол арқылы жарықтың болмау мәселесі де шешілді.

Бір ауылдағы тәжірибеден кейін Владислав барлық Сайрам ауданының тұрғындарын тартуды көздеді. Осылайша мобильді қосымша пайда болды. 

Person's hand holding a green-cased smartphone displaying a chat app on a sunny sandy beach.

Владислав мобильді қосымша интерфейсін көрсетеді

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/ Самат Мырзалиев

«Біз қосымшаны өткен жылы іске қостық. Ол такси іздеу сервисі сияқты қағидамен жұмыс істейді: қалдықтарды қабылдайтын кәсіпорындар мен қолында жиналған қалдықтары бар тұрғындар бір-бірін осы арқылы табады. Тұрғын жиналған қоқыстың суретін және өтінімді жүктейді, ал кәсіпорын келіп қалдықтарды алып кетеді. Тапсыру кезіндегі баға килограмына 25-30 теңге аралығында өзгереді. Одан кейін кәсіпорындар жиналған қалдықтарды тазалап, зауытқа 100 теңгеден тапсырады», - деп түсіндірді ол.

Қазір Владислав жобасына тұрғын үйлерден басқа, 1.000-ға жуық жеке тұлға, ауданның 170-тен астам заңды кәсіпорны қатысады, олардың 11-і – мектептер. Ең үлкен мектеп – М.Горький атындағы мектебі, онда 2.300 оқушы оқиды. Владислав апта сайын қаңылтыр банкаларды, шыны ыдысты, дәптерлер мен қағазды әкетіп отырады. Қайталама шикізаттан түскен ақшаға бүкіл мектепте жарықдиодты шамдар орнатылды.

2.300 оқушысы бар жергілікті М. Горький атындағы мектебі қайта өңдеуді белсенді түрде қолдайды

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/ Самат Мырзалиев (1,2,3), Мадина Какимжанова (4)
«Қалдықтарға деген көзқарас пен мінез-құлық формасын өзгерту қажет. Патриоттық ұрандар жұмыс істемейді. Өз үлгіңмен көрсету керек, сондай-ақ сұрыптау қалыпты жағдайға айналатындай жағдай мен инфрақұрылым жасау қажет. Сонда ғана мәдениет өзгереді»

Серіктестерімен бірге Владислав жобаны кеңейтті: макулатура, қаңылтыр, пластик, шынының барлығы сұрыпталып, қайта өңдеу зауыттарына жіберіледі.  Қазір өндірістік цехта 12 адам жұмыс істейді. Олар барлық қалдықтарды тазартады, басады және жөнелтуге дайындайды. 

«Біз қалдықтарды қайта өңдеу үшін мұқият дайындаймыз. Құрғақ, таза макулатура қымбат тұрады, сондықтан, мысалы, қораптардан жабысқақ таспаны, қағаз қыстырғыштарды, жіпті алып тастаймыз. Бір жылда 320 тоннадан астам қайталама шикізатты жинап, қайта өңдеуге жіберуді жоспарлап отырмыз», - деп бөлісті Владислав.

Өндіріс орнында Владиславтың жұмысшылары қалдықтарды тазалап, тығыздап, жөнелтуге дайындайды

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/ Самат Мырзалиев

Владиславтың жоспарында жобаны “жасыл” бюджетке айналдыру, мұнда қалдықтарды қайта өңдеу табыс әкеліп, оны қоқыс шығару қызметінің төлемін толық немесе ішінара өтеуге бағыттауға болады. Владиславтың идеясы бойынша алдымен тұрғын үйлерден немесе сұрыптау пункттерінен қайта өңдеуге болатын барлық қалдықтарды бір компания алып кетеді, ал содан кейін қайта өңдеуге келмейтін қалдықтарды екінші компания жинайды. Сұрыпталған шикізат зауыттарға сатылады, одан түрлі өнімдер өндіріледі, ал түскен пайда қайта өңдеушілер, әкімдіктер және халық арасында бөлінеді.

«Мен үкімет деңгейінде қалдықтарды жинау және қайта өңдеу осындай жүйесі енгізіледі деп үміттенемін. Мұндай трансформация полигондар мен жергілікті бюджеттерге жүктемені азайтады, ал бөлек қалдықтарды жинау өседі. Адамдар экологиялық таза өмір салтын сақтай алады, яғни, егер олар қоқысты сұрыптау кезінде белгілі бір норманы орындаса, онда қоқысты шығару үшін ақы төлеудің қажеті жоқ. Өз кезегінде әкімдіктер түскен қаражаттың бір бөлігін сол компанияларға қалдықтарды шығару үшін, ал бір бөлігін жергілікті бюджетке жібере алады», -
деп бөлісті Владислав.

Владислав үшін бұл жай ғана қоқысты қайта өңдеу жобасы емес өмір салты болып табылады: 

«Ауданда біз құрған жүйе жұмыс істейді: тұрғындар қатысады, қалдықтар сұрыпталады, ресурстар экономикаға қайтарылады. Мен осындай модельдер мемлекеттік бағдарламалар деңгейінде ескерілсе деп қалар едім, әсіресе ауылдық өңірлер үшін. Олар миллиардтарды талап етпейді, бірақ нақты нәтижелер әкеледі».

 


Жергілікті әрекеттер = Жаһандық әсер

Шағын  гранттар  бағдарламасы Шағын гранттар бағдарламасы (SGP) 30 жылдан астам уақыт бойы азаматтық қоғам ұйымдарына және жергілікті қауымдастықтар деңгейіндегі бастамаларға жаһандық экологиялық мәселелерді шешуге, сонымен қатар өмір сүру жағдайларын жақсартуға бағытталған қаржылық және техникалық қолдау көрсетіп келеді. 1997 жылдан бері бағдарлама Қазақстан бойынша биоалуантүрлілік, жердің тозуы, климаттың өзгеруі, химиялық заттар мен қалдықтар, сондай-ақ халықаралық сулар салаларында 374 жобаны қолдады.

Елдегі SGP жұмысы туралы толығырақ ақпарат алу үшін SGP Қазақстан парақшасына өтіңіз. 

SGP ның жаһандық портфелі туралы ақпарат алу үшін SGP жаһандық сайтына өтіңіз.