Қазақстанның жабайы табиғаты – болашақ ұрпаққа

2023 ж. 1 March

Жабайы табиғат – әлеміміздің ажырамас бөлігі. Жануарлар мен өсімдіктер экожүйелердің тазалығын қамтамасыз ету үшін маңызды және жер бетіндегі тіршілікті қамтамасыз ететін қоректік тізбекті құрайды. Жабайы табиғат азық-түлік, су, оттегі, тұрғын үй, дәрі-дәрмектің көзі болып қана қоймай, сонымен қатар жергілікті қауымдастықтарды миллиондаған жұмыс орнымен қамтамасыз етіп, адамзатқа экожүйелік қызметтер көрсетеді.

Жабайы табиғатқа не қауіп төндіреді?

Адамның белсенді қызметі, тұрақсыз ауыл шаруашылығы, браконьерлік, өнеркәсіп пен ағаш дайындаудың дамуы мыңдаған жануар мен өсімдік түрлерінің жойылып кету қаупін туғызып отыр. Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының есебіне сәйкес, 1970-2022 жылдар аралығында жабайы табиғаттың шамамен 69%-і жоғалып кеткен.

Флора мен фаунаның азаюы адамдар мен табиғат тепе-теңдігінің сақталуына қауіп төндіріп, ол өз кезегінде адамның өзінің тіршілігіне тікелей қауіп төндіреді. Климаттың өзгеруі мен соның салдарынан жиі болатын құрғақшылық, су тасқындары, ормандардың жойылуы планетадағы жабайы табиғат пен тіршілік деградациясының негізгі қауіптері болып табылады.

Қазақстанның жабайы табиғаты

Қазақстанның табиғаты алуан түрлі.

Ел аумағының 60%-іне жуығы – шөлдер мен шөлейттер, қалғанын алуан түрлі жабайы табиғат өкілдерінің мекені болып табылатын далалар, ормандар мен таулы аймақтар алып жатыр. Бүгінгі таңда Қазақстанда омыртқалы жануарлардың 835 түрі, оның ішінде сүтқоректілердің 178 түрі, құстардың 489 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 49 түрі, балықтардың 104 түрі және т.б., қызыл кітапқа енгендерінің арасында – қар барысы, құлан, сабаншы, қиқылдақ аққу, Каспий итбалығы және басқалары бар. Қазақстанның Қызыл кітабына өсімдіктердің 387 түрі және омыртқалы жануарлардың 131 түрі енген.

Жабайы табиғатты қорғау

Соңғы жылдары Қазақстанда жабайы табиғатты қорғауда оң беталыс байқалуда. Қар барысы, құлан мен кермарал сияқты жануарлардың аса құнды түрлерін сақтауда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді.

2004 жылдан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) Жаһандық экологиялық қордың қаржылық қолдауымен, сондай-ақ Қазақстан Үкіметімен бірге байланысты гранттар шеңберінде биоалуантүрлілікті сақтау саласында 10 ауқымды бастаманы іске асырды. Қазақстанның жаһандық маңызы бар экожүйелерін сақтау жөніндегі іс-шараларға қосылған үлес 29 млн АҚШ долларынан асады.

Қазіргі уақытта БҰҰДБ Жаһандық экологиялық қордың (ЖЭҚ) қаржылық қолдауымен Қазақстан Үкіметімен әріптестікте жабайы табиғатты сақтау бойынша бірқатар бастамаларды жүзеге асыруда.

Олардың ішінде – жабайы жануарларды қорғауға бағытталған шаралар, оның ішінде табиғатты қорғау іс-шараларын жүргізу, браконьерлікке қарсы күрес, экологиялық коридорлар құру, ормандарды қалпына келтіру, жабайы жануарларды бақылау мен есепке алу, халық арасында экологиялық білім деңгейін арттыру, экологиялық туризмді дамыту және басқа да шаралар.

БҰҰДБ баса назарды Қазақстанда ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісін (ЕҚТА) құруға және дамытуға аударады. Бүгінгі таңда елде 14 ұлттық парк, 10 қорық, 7 резерват бар, оларды Тянь-Шань қоңыр аюы, қара дегелек, кермарал, Оңтүстік-Батыс Азия қабыланы, сұр келес сияқты алуан түрлі жануарлар мен құстар мекендейді.

2018 жылдан бері БҰҰДБ тарапынан табиғат қорғау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын күшейту, сондай-ақ фототұзақтар, жылукөргіштер, дрондар сияқты заманауи технологиялардың көмегімен жануарлар әлемін мониторингілеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда Қазақстандағы 14 ЕҚТА-да мамандарға сирек кездесетін жануарлар түрлеріне зерттеулер жүргізуге, олардың санын, көші-қон жолдарын есептеуге және ықтимал қауіптерді анықтауға көмектесетін 294 фототұзақ орнатылған.

Қар барысы

Қазақстан қар барысы көші-қонының трансшекаралық аймағы ретінде халықаралық ғылыми қоғамдастық үшін үлкен қызығушылық тудырады. Бұл жануар Халықаралық табиғатты қорғау одағының (ХТҚО) Қызыл тізіміне енгізіліп, ол мекен ететін барлық 12 елде, соның ішінде Қазақстанда сирек кездесетін немесе жойылып бара жатқан жануар түріне жатады.

Соңғы онжылдықтарда елде осынау сирек кездесетін жануарды зерттеуде айтарлықтай жетістіктер орын алды. ЕҚТА құру және кеңейту шаралары жануар санының өсу серпініне оң әсерін тигізіп, 1990 жылдардың басында оның саны 100 бастан аспаған болса, бүгінгі таңда ғалымдардың бағалауы бойынша 141-183 басты құрайды.

2018 жылдан бастап БҰҰДБ Қазақстан Республикасы Зоология институтымен бірлесіп Солтүстік, Батыс Тянь-Шань, Қырғыз Алатауы, Жетісу-Алатау, Алтай және Сауыр-Тарбағатай аумақтарында қар барысы популяциясына зерттеулер жүргізіп келеді. Осы бастаманың арқасында мамандар тарапынан сирек кездесетін түрдің мекендейтін аймақтары, көші-қон жолдары анықталды, қауіп-қатерлер айқындалып, оларды азайту бойынша ұсыныстар әзірленді. Осылайша, 2010-2020 жылдар аралығында Қазақстанда қар барысының жаңа мекендері тіркелді. 2019 жылы фототұзақтар қар барысын алғаш рет Жамбыл облысының Меркі ауданында, ал 2021 жылы Жетісу облысындағы «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық паркінде тіркеді.

Сондай-ақ, БҰҰДБ жұмысы аясында 2021 жылы Қазақстанда алғаш рет қар барысының жерсеріктік телеметрия әдісі қолданылды. Жерсеріктік телеметрия – әлемнің көптеген елдерінде кеңінен қолданылатын және ғалымдарға жануарлардың орналасқан жері, ықтимал қауіптері, жемшөп қоры туралы барынша сенімді деректер алуға мүмкіндік беретін қауіпсіз де тиімді әдіс.

БҰҰДБ-ң негізгі міндеттерінің бірі – барыстың ықтимал ауруларын зерттеу және диагностикалау. 2022 жылы ұлттық сарапшылардың қатысуымен үш қар барысының қан үлгілерінің қан сарысуындағы антигендердің антиденелермен әрекеттесуін зерттеу үшін гермоплазма криобанкі құрылды. Бұл деректер жануардың ықтимал ауруларын анықтап, олардың алдын алу және азайту шараларын әзірлеуге көмектеседі.

Кермарал

ХХ ғасырдың басында ғана аңшылық пен мекен ортасының тозуына байланысты кермаралдың толығымен жойылып кеткенін қазір елестету қиын. Өткен ғасырда оны Қазақстанда ғана емес, Орталық Азия елдерінде де қайта жерсіндіру бойынша бірқатар әрекеттер жасалды. Бүгінде кермарал халықаралық Қызыл кітап пен Қазақстанның Қызыл кітабына еніп, оның республикадағы популяциясы 1052 басқа жетіп отыр. 2000 жылдан бастап Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) кермаралды ол мекендейтін төрт елде, оның ішінде Қазақстанда сақтау және қалпына келтіру бағдарламасын іске асыра бастады.

Кермаралды 100 жыл өте Балқаш ауданына қайтару Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры, БҰҰДБ және Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі іске асырып отырған Қазақстандағы тұран жолбарысын қайта жерсіндіру жөніндегі ауқымды жобаның бір бөлігі болып табылады. Жоба бірқатар табиғатты қорғау іс-шараларын, сондай-ақ 2018 жылы БҰҰДБ көмегімен құрылған «Іле-Балқаш» табиғи резерватындағы кермаралдың санын бақылап, есепке алу жұмыстарын жүргізеді. 2018 жылдан бастап резерватқа 140 дерлік кермарал әкелінді, олар жақсы бейімделіп, төлдеп жатыр.

Құлан

Кермарал сияқты құлан да Қазақстанда толығымен жойылған еді. Еуразияны мекендеген тарпаң, жабайы есек пен жылқының аман қалған жалғыз ұрпағы болып табылатын құлан 1930 жылдары мүлдем ғайып болған.

Алайда, 1950 жылдардан бастап қолға алынған жаңғырту жобаларының арқасында Қазақстанда құланның саны 4500-ден астам басқа жетті. Құланның Қазақстандағы ең көп саны «Алтынемел» ұлттық паркінде. Құлан санының өсуі оң беталыс көрсетсе де, бұл жануардың популяциясы әлі де аз және елдегі бұрынғы ареалдың 1%-тен кемін құрайды, ал Орталық Қазақстан даласында мүлдем кездеспейді.

Қазіргі уақытта БҰҰДБ құланды бұрын мекендеген жерлеріне қайта жерсіндіруге бағытталған бастаманы іске асыруда. 2022 жылы «Іле-Балқаш» табиғи резерватының аумағына 60-қа жуық жануар апарылды. Заманауи технологиялардың арқасында резерват қызметкерлері жануарларға мониторинг жүргізіп, олардың жай-күйі мен көші-қон жолдарын бақылай алады.

Құстардың, жануарлар мен өсімдіктердің мол алуан түрлілігін қорғау үшін адамзат бүгін-ақ батыл әрекет етуге тиіс. Жабайы табиғатты сақтау адамдар мен планетаның тұрақты болашағы үшін маңызды шарттардың бірі болып табылады.