Экологиялық білім – елдің тұрақты дамуының кепілі

2023 ж. 13 April
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Владислав Семёнов

Бүгінгі таңда Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы шағын Шонжы ауылында Абай атындағы мектептің оқушылары биоалуантүрлілікті сақтау және өз аудандарын тұрақты дамыту үшін заманауи шешімдер табуда. Мектеп қазіргі кезде қосымша экологиялық білім беру бағдарламасы енгізілген еліміздегі пилоттық мектептердің бірі болып табылады.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Владислав Семёнов

Адалят – тек туған ауылының ғана емес, бүкіл ауданның өзекті мәселелерін шеше алатын экология мен аталмыш «таза» энергия мәселелеріне белсенді қызығатын пилоттық мектептің 10-сынып оқушысы. Сондай өзекті мәселелердің бірі – электр қуатымен жабдықтаудағы іркілістер.

Адаляттың айтуынша, Шелек қаласындағы электр қуатымен жабдықтаудағы іркілістерден Шонжы ауылының тұрғындары да электр қуатынсыз қалады. Электр қуатының проблемасы оқушыны осы жағдайды қалай өзгертуге болатындығы туралы ойлануға мәжбүр етті. Шарын өзенінде қазіргі уақытта жұмыс істемейтін су электр станциясы орнатылғандығы анықталды. Бұл мысал оқушыларды ауылдың өз электр қуатын өндіруіне мүмкіндік беретін жүйені жасауға шабыттандырды.

«Екі апта бойы біз су электр станциясының макетін жасап, қасында дәл сондай жүйе орнатылған жағдайда біздің ауыл басқа елді мекендерге тәуелсіз жаңартылатын қуат көздері есебінен электрмен қамтамасыз етіледі деген қорытындыға келдік», –
деп Адалят өзінің ашқан жаңалығымен бөліседі.

Шонжы ауылы Шарын ұлттық паркіне жақын орналасқандықтан, оқушылар өз ауданының экологиялық проблемалары мен биоалуантүрлілікті сақтау қажеттілігі туралы жақсы біледі. Бүгінгі таңда Абай Құнанбаев атындағы мектеп – Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) мен Жаһандық экологиялық қор (ЖЭҚ) жобасының аясында оқушылардың практикалық жұмысына арналған экологиялық кабинеттер жабдықталған алты пилоттық мектептің бірі.

2021 жылы БҰҰДБ Шығыс Қазақстан, Түркістан және Алматы облыстарында орман экожүйелерін сақтау жөніндегі жобаны іске асыруға кірісті, оның шеңберінде қосымша экологиялық білім беру бағдарламасы әзірленіп енгізілді. Жобаға Алматы облысы Кеген және Ұйғыр аудандарының, Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай және Күршім аудандарының, Түркістан облысы Төле би ауданының мектептері кірді. 

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Владислав Семёнов

Әсел Нұрғалиева – магистрант-эколог. Абай атындағы пилоттық мектепте биологиядан сабақ береді. Оның айтуынша, жобаның арқасында ауыл мектебінде экологиялық кабинет пайда болып, «Экология» пәні 6-8 сыныптардың оқушыларына қосымша сабақ ретінде енгізілген.

«Қазіргі таңда балаларды экологиялық білімге баулу, өскелең ұрпақтың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыра отырып қоршаған ортаға деген сүйіспеншілік пен қамқорлық сезімін ояту бұрынғыдан да маңызды болмақ. Қазір экология саласында сапалы білім беру үшін бізде қажеттінің бәрі бар: Қазақстанның флорасы мен фаунасы туралы сабақ-презентациялар, әдістемелік құралдар мен осы білімді оқушылармен бөлісуге деген ынта», –
дейді Әсел Нұрғалиева.

БҰҰДБ сарапшылары 6-8 сыныптар үшін үш пилоттық аймақтың: Солтүстік Тянь-Шань мен Жетісу Алатауы, Батыс Тянь-Шань мен қазақстандық Алтайдың экожүйелері мен өсімдік пен жануарлар әлемі туралы иллюстрациялық материалдары бар қазақ және орыс тілдерінде 90-нан астам цифрлық сабақ-презентация әзірледі. Әрбір сабақ бойынша биология мұғалімдеріне арналған әдістемелік құрал бар.

Бүгінгі таңда жоба аясында Қазақстанның пилоттық аудандарындағы жаратылыстану пәндерінің 130-дан астам мұғалімі жаңа білім беру бағдарламасы бойынша оқудан өтті. Тренингтерде мұғалімдер экология бойынша қосымша білім беру бағдарламасын оқытудың материалдары мен әдістемесімен танысты. Жаңа әдістеменің мәні экологиялық аспектілерді жергіліктендіріп, білім беру материалын белгілі бір аймақ мысалында құрылымдауға келіп саяды. Осылайша, нақты облыс пен аймақтың флорасы мен фаунасы туралы алынған білім мұғалімдерге де, оқушыларға да назарды шешімдерді табуға аударып, оларды іс жүзінде қолдануға көмектеседі.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Владислав Семёнов
«Экология бойынша жаңа сабақтар цифрлық форматта жасалып, танымдық ақпаратты, ландшафттардың, өсімдіктер мен жануарлардың сапалы фотосуреттері мен бейнелерін, интерактивті схемаларды қамтиды. Өңіріміздің табиғаты туралы жаңа нәрселерді үйрену мен білу өзімізге де өте қызық. Біз үшін осындай мазмұнды да сапалы оқу материалы бар бағдарлама бойынша сабақ беру бір ғанибет», –
дейді Әсел Нұрғалиева.

Климаттың өзгеруі мен табиғи ресурстарды ұтымсыз пайдаланудың әсері орын алып отырған тұста жастар арасында экологиялық жауапкершілікті қалыптастыру аса өзекті болып отыр. Шонжы ауылының оқушылары қазірдің өзінде-ақ өз ауданының табиғатын сақтаудың маңыздылығын түсінетіндерін мойындайды. 9-сынып оқушысы Бағжанның айтуынша, экология сабақтары оның құрдастарының экологиялық мәдениетін дамытуға пайдалы.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Владислав Семёнов
«Мен өз отаныма экологияны жақсартуға қалай көмектесе аламын деп жиі ойланамын. Мысалы, мектеп аумағында мен қоқыс тазалап, ағаштар мен гүлдер егіп, оларды суара аламын. Бізге қоршаған ортада өзімізді ұстауды және онымен әрекеттесуді үйрететін экология сабақтарының маңызы зор», –
деп бөліседі Бағжан.

Шонжы ауылының пилоттық мектебінде қосымша экологиялық сабақтардан басқа мектеп орманшылығы бар. Шарын ұлттық паркінің мамандары оқушылар үшін тұрақты түрде арнайы сессиялар өткізеді – оқушылар табиғат мұражайына экскурсияларға барып, экологиялық акцияларға белсенді қатысады.

Қазақстанның көпшілік аумағындағы құрғақ климаттың салдарынан елдегі орман өрттерінің қаупі әлі де өзектілігін сақтап отыр. Бұл мәселеге қатысты өзінің шешімін 8-сынып оқушысы Еркебұлан ұсынады. Досымен бірге олар өрт сөндірушілерге алдын ала дыбыстық хабарлау жүйесін ойлап тапқан.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Владислав Семёнов
«Жобамыз үшін біз өрт салдарынан пайда болатын от пен газға әрекет ететін сенсорларды қолдандық. Осылайша, өрт пен газ пайда болған жағдайда өрт сөндірушілерге қауіп туралы хабарлайтын дыбыстық сигнал іске қосылады. Біздікі сияқты жобалар жақын арада Қазақстанның орман шаруашылығы мекемелерінде енгізіледі деген үміттемін», –
дейді Еркебұлан.
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Владислав Семёнов

Жалпы алғанда, қосымша экологиялық білім беру бағдарламасын әзірлеу мен енгізу жөніндегі БҰҰДБ бастамасы Шығыс Қазақстан, Түркістан мен Алматы облыстарының 100-ден астам мектебін қамтыды.

БҰҰ-ң Экожүйелерді қалпына келтіру онжылдығында (2021-2030 жж.) белгіленген мақсаттарды ұстана отырып, БҰҰДБ Қазақстан Үкіметіне тұрақты ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығын, бағалы ағаш түрлерін өсіру, тозған жерлерді қалпына келтіру, ағаштардың реликті түрлерін жаңғырту және орман дақылдарын өсіру процестеріне жаңа технологияларды енгізу бойынша орман тәлімбақтарын дамытуда тұрақты қолдау көрсетіп келеді.

Бірлескен жоба шеңберінде БҰҰ Даму бағдарламасы мен ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі тарапынан Жаһандық экологиялық қордың (ЖЭҚ) қолдауымен Қазақстанда орман ресурстарын сақтау және басқару жүйесін жақсарту, Қазақстанның ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісі (ЕҚТА) шекараларында табиғатты қорғау маңызы жоғары ормандардың және олармен байланысты экожүйелер мен биоалуантүрліліктің жоғалуы мен тозуын болдырмау бойынша жұмыс жүргізілуде.