БҰҰДБ қолдауымен Катонқарағай ұлттық паркінде жаңартылған туристік маршрут таныстырылды

2023 ж. 21 July
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Тілеубек Шаяхмет

Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) қолдауымен Қазақстандағы ең ірі табиғи парктердің бірі Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде жаңартылған «Орман жолдары» туристік маршрутының ашылуы өтті. Орман жолдары – әрбір келуші орман қонағы болатын концептуалды маршрут. Орман өз тарихы, ережелері мен болмыс философиясы бар көп қырлы тірі механизм ретінде ұсынылған, ол адам өміріне қолданылатын өмірдің үйлесімді формуласымен бөлісуге дайын.

Соңғы жылдары Қазақстанда ішкі туризмге үлкен қызығушылық бар. Әсіресе туристер арасында ұлттық саябақтар танымал, олар да экологиялық туризмді дамытуда басты рөл атқарады. Қазақстанда 14 ұлттық саябақ бар. Мәселен, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің (ҚР ЭТРМ) мәліметтері бойынша 2022 жылы еліміздің ұлттық парктеріне 2 миллионға жуық турист келді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 25 пайызға жоғары. Ұлттық саябақтарға осындай жоғары сұранысқа байланысты қажетті туристік инфрақұрылымды құру және экологиялық туризмнің заңнамалық негіздерін жетілдірумен қатар халықты тиісті оқыту мен тәрбиелеу де талап етіледі.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Тілеубек Шаяхмет (1), Сергей Нохрин (2-3)

Катонқарағай ұлттық паркінің аумағы 643.477 гектарды құрайды. 2017 жылдан бастап Катонқарағай ұлттық паркі Қазақстан-Ресей трансшекаралық биосфералық резерват ретінде ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне енгізілген. Ұлттық парк аумағында жалпы ұзындығы 680 шақырымнан асатын 10 туристік маршрут пен төрт соқпақ бар. 2022 жылы Катонқарағай ұлттық паркіне 7.061 адам келген.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Сергей Нохрин
«Шығыс Қазақстан облысы – еліміздің орманды аймақтарының бірі. Облыстың орман қорының ауданы 2.9 миллион гектарды құрайды, оның 1.6 миллион гектары ормандар. Біздің облыс климатты, суды реттеуде маңызды рөл атқаратын, өсімдіктер мен жануарлардың мыңдаған түрлерінің мекені болып табылатын бағалы қылқан жапырақты және жапырақты ормандарға бай. Сондықтан, климаттың жылдан-жылға құрғап бара жатқанын ескерсек, Алтайдың таулы ормандарын қорғау – біздің басты міндетіміз. Экологиялық маршруттардың дамуы ұлттық паркке келушілер үшін жануарлар мен өсімдіктер әлеміне зиян келтірмей, қауіпсіздік пен табиғаттың бірегей бұрыштарына қолжетімділікті қамтамасыз етеді», -
дейді Шығыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Қайрат Мейрембеков.
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Сергей Нохрин

«Орман жолдары» бағытында ұлттық парктің биологиялық әртүрлілігі туралы ақпараттан тұратын кіреберіс топ, өнер нысандары, бес аншлаг, навигациялық белгілер мен ақпараттық стендтер орнатылды. Маршруттың ұзындығы 20 шақырымнан асады және оны жаяу және ат соқпақтарымен еңсеру үшін шамамен бір-екі күн қажет.

БҰҰ Даму бағдарламасы көптеген жылдар бойы Қазақстанға биологиялық әртүрлілікті сақтау және елдегі аймақтардың тұрақты дамуын қамтамасыз ету шараларының бірі ретінде экологиялық туризмді дамытуда қолдау көрсетіп келеді. Табиғи аймақтардағы туристік маршруттар мен соқпақтарды жақсарту саяхат әуесқойларының қауіпсіздігін арттырады, сонымен қатар рекреациялық жүктемені біркелкі бөлуге мүмкіндік береді.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Сергей Нохрин
«Болашақ ұрпақ үшін табиғат пен адамның тепе-теңдігін сақтау әрбір елдің Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі ең маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. БҰҰДБ ел экономикасы үшін экологиялық туризмнің маңыздылығы мен әлеуетін түсіне отырып, осы саланы дамытуға жүйелі қолдау көрсетуде. Мұндай қолдаудың әртүрлі нысандарының қатарында озық тәжірибелер мен жалпыға танылған халықаралық стандарттарды ескере отырып, экологиялық туризмнің заңнамалық базасын жетілдіру, сараптамалық және әдістемелік көмек көрсету, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар (ЕҚТА) үшін экотуризмді дамыту стратегиясын әзірлеу, туристік маршруттар мен жаяу жүргіншілер жолдарын ұйымдастыру, ЕҚТА қызметкерлерін оқыту және ЕҚТА-ға шекаралас аймақтарда «жасыл» бизнесті дамыту», -
деді Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов.
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Тілеубек Шаяхмет

Соңғы 14 жылда БҰҰДБ қолдауымен сегіз жаңа ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрылып, үшеуінің аумақтары кеңейтілді. Бұл жұмыста материалдық-техникалық жарақтандыруды нығайтуға және қызметкерлердің біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Қазақстан Үкіметімен серіктестікте жүзеге асырылып жатқан БҰҰДБ жобасы аясында Ғаламдық экологиялық қордың (ҒЭҚ) қаржылық қолдауымен Катонқарағай ұлттық паркіне жол талғамайтын көліктер, радиотехника, орман өрттеріне қарсы шағын кешендер, квадрокоптер, фотоаппарат және камералар, қар барысын және т.б. бақылауға қажетті құрал-жабдықтар берілді.

Сонымен қатар, жоба аясында қуаттылығы 2 кВт жел-күн батареяларының үш жиынтығы орнатылып, саябақтың шалғай қоршауларын электр қуатымен, байланыспен қамтамасыз етіп, инспекторлардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға мүмкіндік берді. Катонқарағай ұлттық паркінің қызметкерлері ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды тұрақты басқару, биоәртүрлілік мониторингі, орман өрттері, SMM және т.б. бойынша семинарларға тұрақты түрде қатысады.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Сергей Нохрин (1), Тілеубек Шаяхмет (2)

Айта кететін жайт, жергілікті тұрғындардың белсенді әлеуметтік-экономикалық қатысуы және олардың осы қызметтен пайда табуы экологиялық туризмнің негізгі қағидаттарының бірі болып табылады. Осылайша, жалпы білім беретін мектептерде қосымша экологиялық білім беру бағдарламасы енгізіліп, жергілікті халықпен жұмыс жүргізіліп, тұрақты бизнесті дамыту үшін жергілікті кәсіпкерлерге қолдау көрсетілуде.