Бір топ қар барысының бірегей кадрлары Жамбыл облысында фототұзаққа түсті

2021 ж. 3 March

2021 жыл 3 наурыз, Нұр-сұлтан - Осы жылдың қаңтар айында үш қар барысы Жамбыл облысы әкімдігінің Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының Меркі орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің аумағындағы фототұзақтар объективіне түсті.

Жабайы жануарлардың бірегей кадрлары БҰҰ Даму Бағдарламасы (БҰҰДБ) ұсынған Ғаламдық Экологиялық Қордың (ҒЭҚ) қаржылық қолдауымен ұсынылған 11 фототұзақтың арқасында мүмкін болды. Жалпы БҰҰДБ тарапынан жабайы жануарларды қорғау және сандық көрсеткіштерін бақылауды жақсарту мақсатында Қазақстанның 13 ерекше қорғалатын табиғи аумағына 294 фототұзақ берілген болатын.

Алғаш рет қар барысы Жамбыл облысы өңірінде 2019 жылдың соңында түсірілген. Соңғы екі жылда БҰҰДБ-ҒЭҚ-тың фототұзақтары Меркі орман шаруашылығы аумағында ілбістерді шамамен 20 рет тіркеген. Барыстардың осы аймақта мекендеуі тау экожүйелерінің жағдайы, азық қорының қолайлылығы және Меркі орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі жүзеге асыратын табиғатты қорғау іс-шараларының тиімділігінің дәлелі болып табылады. Бұл Меркі ауданының аумағында ерекше қорғалатын табиғи аумақ құру үшін жеткілікті негіз дейді мамандар.

«Ерекше қорғалатын аймақ құру қар барысы мен басқа да сирек кездесетін жануарларды қорғауға көмектеседі. Сондай-ақ экотуризмнің дамуына және жергілікті халық арасында жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді,- деп БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Якуп Бериш атап өтті.

Ерекше қорғалатын табиғи аумақты құру үшін жаратылыстану-ғылыми негіздеменің әзірленген жобасы қазіргі уақытта тиісті уәкілетті мекемелердің қаралуында.

 «Жамбыл облысы бірнеше табиғи аймақта орналасқан, флорасы мен фаунсы бай өңір. Бізге қар барысы мен басқа да жабайы жануарлардың популяциясын сақтап қана қоймай, олардың табиғатта еркін көбеюіне қажетті жағдайларды жасау қажет», - деді өз сөзінде Аслан Оразбеков.

Бүгінгі таңда қар барысы-әлемнің 12 елінде мекендейтін жабайы мысықтардың сирек кездесетін және аз зерттелген өкілдерінің бірі. Мамандардың бағалауы бойынша, Қазақстанда қар барысының 130-дан 150-ге дейін дарағы бар. Популяцияның азаю және жойылу қаупіне байланысты қар барысы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.