Қазақстанда полиция қызметкерлеріне арналған психологиялық төзімділік пен деэскалация бойынша тренерлер даярланады
2026 ж. 14 July
Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігімен серіктестікте және Астанадағы АҚШ Елшілігінің Халықаралық есірткіге қарсы күрес және заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету бөлімінің (INL) қаржылық қолдауымен тренерлерді даярлауға арналған (Training of Trainers, ToT) төрт күндік қарқынды бағдарламаны бастады. Бағдарлама полиция қызметкерлерінің психологиялық төзімділігін нығайтуға, қызметтік міндеттерін тиімді орындауына және жоғары кәсіби жүктеме жағдайында психологиялық әл-ауқатын сақтауға бағытталған.
Шілденің 13–16 аралығында шақырылған сарапшылар тобы өңірлік психологтар мен ведомстволық жоғары оқу орындарының оқытушыларын озық тәжірибелерге баулиды. Дәстүрлі дәрістердің орнына бағдарлама стрессті басқару мен кәсіби күйіп кетудің алдын алуға, дағдарыстық кеңес беруге және ауыр әрі психологиялық тұрғыдан қиын оқиғалардан кейін қызметкерлерге шұғыл қолдау көрсетуге, эмоционалдық интеллектіні дамытуға, сондай-ақ азаматтармен өзара іс-қимыл барысында күрделі жағдайларды бейбіт жолмен реттеу дағдыларын жетілдіруге басымдық береді.
Тренингтің маңызды бағыттарының бірі – жинақталған тәжірибені кеңінен тарату. Бағдарлама қатысушыларды кейін өңірлерде жеке құрамды оқыту үшін өздерінің білім беру бағдарламаларын әзірлеуге даярлауды көздейді.
Іс-шараны аша отырып, ҚР ІІМ Кадр саясаты департаменті бастығының орынбасары Әмина Алмағамбетова келесідей атап өтті:
«Полиция қызметкерлерінің психологиялық әл-ауқатын сақтау – олардың кәсібилігі мен психологиялық төзімділігінің кепілі. Өз құзыреттерін жетілдіріп қана қоймай, заманауи білім мен тәжірибені өңірлердегі әріптестеріне жеткізе алатын тренерлердің үздіксіз кәсіби дамуына ерекше назар аудару қажет».
Өз кезегінде Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілінің міндетін атқарушы Сухроб Ходжиматов аталған курстардың стратегиялық маңызын атап өтті:
«Психологиялық қолдау қызметі құқық қорғау органдарында қолайлы ахуалды сақтауда шешуші рөл атқарады. Тиімді полиция оның қызметкерлерінің ішкі ресурстарынан басталады, ал олардың психологиялық әл-ауқаты – сапалы қызмет пен қоғам сенімінің негізі».
Курс қорытындысы бойынша қатысушылар теориялық біліммен қатар тәжірибелік дағдыларды да меңгереді. Олар жарақаттан кейінгі күйзеліс бұзылысының (ЖКБ) және созылмалы стресстің белгілерін дер кезінде анықтауды, мамандандырылған диагностикалық әдістерді (соның ішінде Эрик Вартегг тестін) қолдануды, сондай-ақ жанжалдардың ушығуын болдырмауға бағытталған кәсіби тренингтер өткізуді үйренеді. Алынған құзыреттер азаматтардың қауіпсіздігін күн сайын қамтамасыз ететін полиция қызметкерлеріне сапалы психологиялық қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.