Үзілген үмітке қанат қақтырған бір белес

2026 ж. 27 August
Фото: Марва Васит

Автор: Марва Васит, ЕО қаржыландыратын БҰҰДБ-ның ауған әйелдерінің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі жобасының қатысушысы

Менің есімім Марва Васит. Дүниеге 2002 жылы келіп, Ауғанстанның көне қаласы Кабулда өсіп, білім нәрін де сол топырақтан алдым, дегенмен қаным мен тегім Панджшер өңірінен бастау алады. Ауған қызы болып өсу маған бір ақиқатты ерте жасымнан сездірді: арман деген – жалғыз ниет қана емес, ол жанға бітер батылдықты, тағдырдың соққысына мойымас төзімді, әрі саған қиядан сенер жандардың мызғымас сенімін талап ететін ауыр да қасиетті жүк.

Отбасымның тағдыры мені тас пен темірдей шыңдалған жанға айналдырды.
Фото: Марва Васит

2004 жылы, мен екі жасқа толған кезімде, әкемнің тағдыры кенеттен өзгеріп кетті. Ауғанстанды жылдар бойы шарпыған қақтығыстардан кейін, ол отбасын асырау үшін киноөнер саласында бар күшін салып еңбек етті. Сол кездегі жұмыс орнында болған қайғылы оқиға бір көзінің нұрын мүлде өшіріп, екінші көзін де қатты жарақаттады. Ауғанстандағы қиын жағдай оған қажетті ем алуға мұрша бермеді. Жылдар өткен сайын жарақаттанған көзінің де нұры бірте-бірте бұлыңғырлана берді, ақыр соңында ол тек жарық пен қараңғыны ғана ажырата алатын халге жетті.

Оқиғаның өзін есте сақтауға жасым жетпесе де, оның біздің күнделікті тірлігімізге түсірген салмағын көріп өстім. Әкемнің көзінің көрмеуі отбасымыздың тағдырын бұрса да, оның бізге деген сенімін бұра алмады.

Отбасымызды асырау жүгі анамның мойнына түсті. Өмір қиындай түсті, дегенмен ата-анам тағдырымызды қиындыққа тапсырмады. Олар қыздарының білім жолын үзбеуі үшін түн ұйқысын төрт бөліп еңбек етті. Білім, табандылық және берік құндылықтар – тағдырдың өзі де тартып ала алмайтын жалғыз байлық деген сенімнен таймады.

Олардың еңбегі менің армандарымның қанат қаққан ұясына айналды.
Photograph of a woman in a hijab presenting and pointing at a whiteboard.
Фото: Марва Васит

Кабул маған Ауғанстанның басқа өңірлеріндегі көптеген қыздарда болмаған мүмкіндіктер берді, дегенмен сол жерде де шетелде оқу жас қыздар үшін сирек кездесетін жайт еді. Қаржылық қиындық, қоғамдық үміт пен белгісіздік жолыма кедергі болды. Соған қарамастан, ата-анам менің талпыныстарымды ешқашан тежемеді. Керісінше, олар менің болашағымның мүлдем басқаша бола алатынына сендірді.

Мектепті бітіргеннен кейін бірден университетке түсуді жоспарладым. Алайда COVID-19 пандемиясы ұлттық қабылдау емтиханын кейінге қалдырды. Ақыры емтихан тапсырғанда, мен армандаған мамандыққа түсе алмағаныма қатты қапаландым.

Сол сәтте бүкіл арманым саусағымның арасынан құм секілді сусып бара жатқандай көрінді.

Түңілудің орнына келесі мүмкіндікке дайындаламын деп шештім. Әпкемнің "MomCookies" атты шағын отбасылық бизнесінде жұмыс істеп, тапқан әрбір ауғанимды ағылшын тілі сабақтарына жұмсадым. Әрбір сабақ мені армандаған болашаққа жақындата түсті. Бүгін ойласам, ағылшын тілін меңгеру – өз болашағыма салған ең парасатты қадамдардың бірі екен.

Ағылшын тілім күннен-күнге жетіліп, отбасымның, әсіресе ауған әйелдерге арналған БҰҰДБ жобасы аясында Қазақстанда білім алып жүрген әпкем Сомаяның қолдауымен Қазақстанда білім алу үшін стипендияға өтінім бердім.

Содан кейн 2021 жылдың тағдыр тезін бұрған тамыз айы келді.

Мені стипендияға сұхбатқа шақырды. Бұл көп жылдар бойы аянбай еңбек еткен арманыма жетудің соңғы қадамындай көрінді. Алайда тағдырдың тәлкегін қараңыз: сұхбат Ауғанстанның Талибан қолына өткен күнімен тұспа-тұс келді.

Бір күнде бәрі мүлде өзгеріп кетті.

Миллиондаған ауғандықтар сияқты, мен де отбасыммен бірге қорқыныш, белгісіздік пен абыржудың құрсауында қалдым. Елімізді шарпыған осы тарихи дүрбелеңнің дәл ортасында мен сұхбатыма үлгере алмадым. Сол сәтте көп еңбектеніп жеткен мүмкіндігімнен мүлде айырылдым деп ойладым.

Бірақ мен тағдырға қарсы шығып, оңай берілмеймін деп шештім.

Университеттің қабылдау комиссиясына хат жазып, не болғанын түсіндірдім де, тағы бір мүмкіндік бере алар ма екен деп сұрадым. Үлкен жеңілдікпен, олар менің жағдайымды түсініп, сұхбатты қайта жоспарлауға келісті.

ҚБТУ-да менеджмент мамандығы бойынша бакалавриатқа стипендия жеңіп алғанымды білген сәтте, төңірегімде есіктер бірінен соң бірі жабылып жатқан шақта, тағдыр маған жаңа бір есікті айқара ашқандай болды.

Алайда стипендия алу тек басы ғана еді.

Woman in blue hijab sits at a desk with a laptop in a bright office.
Фото: Марва Васит

Виза алу рәсімі ұзаққа созылды, сол себепті мен бірінші семестрді Ауғанстаннан онлайн оқуға мәжбүр болдым. Сол айлар оқу жолымдағы ең қиын кезеңдердің қатарынан орын алады.

Электр қуаты тұрақсыз, интернет байланысы үзіліп тұратын, әр онлайн сабақ шыдамдылық пен табандылықты талап ететін. Мен қараңғы бөлмеде, жарық өшкен кезде, әпкемнің ноутбугін пайдаланып университет сабақтарына қатысқаным әлі есімде. Кейде сабақ ортасында интернет байланысы үзіліп қалғанда, мен маңызды тақырыптарды өткізіп алудан қатты қорқатынмын.

Ештеңеге қарамастан, мен бір сабақты өткізбей, қатыса бердім.

Түңілген сәттерде мен осы жолға не үшін бет бұрғанымды ұмытпадым. Бұл тек өзім үшін ғана емес, бар өмірін құрбан еткен ата-анам үшін, олардың маған деп салған әрбір мүмкіндігі үшін де еді.

Бірнеше ай күтіп, визамды да алдым.

2021 жылдың желтоқсан айында мен өмірімде алғаш рет ұшаққа мініп, туған елімнен тұңғыш шығып, жолымды мүлде жалғыз жалғастырдым.

Жүрегімде қуаныш пен қорқыныш қатар тебіренді. Тілі бөтен, жаны бөтен, отбасымнан мыңдаған шақырым қашықтықтағы бейтаныс елде мені не күтіп тұрғанын білмедім.

Ата-анамның жүрегі де екіге жарылғандай еді. Жас қызының жападан-жалғыз жолға шығып, бөтен жерде жаңа өмір бастағанын көру оларға жан азабындай тиді. 

Дегенмен сол азаптың түбінде үміт те өшпей жанып тұрды – өйткені олар бұл мүмкіндіктің маған Ауғанстанда енді мүмкін болмайтын болашақ сыйлай алатынын жүрегімен сезінді.

Талибанның бұрынғы режимін өз көзімен көрген ата-анам қыздардың білім алудан және жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылуының не екенін жақсы білетін.
Calm woman in a light hijab and blue patterned dress stands beside a colorful UN SDG banner.
Speaker in pink shirt presenting slides beside a projector screen.
Фото: Марва Васит

Тарих тағы да өз тезін бұрып жатқанда, олар мені Ауғанстанда қалдырса, менің армандарымның өшкенін көретінін білді. Мені шетелге жіберу – ата-анамның қабылдаған ең ауыр шешімдерінің бірі болды, бірақ бұл – оқуымды жалғастырып, армандаған болашағымды жүзеге асыруымның бірден-бір мүмкіндігі екеніне олар күмәнсіз сенді.

Жолға шығар алдында олар маған армандаған өмірімді өз қолыммен тұрғызуыма кәміл сенетіндерін айтты.

Осы бірнеше ауыз сөз бүкіл сапарым бойында мені демеп жүрген күш қайнарына айналды.

Қазақстанға келгенде бәрі бейтаныс еді. Мен жаңа мәдениетке, өзге тілге және мүлдем жаңа білім беру ортасына бейімделуім керек болды, бұл кезде отбасымнан алғаш рет алыс өмір сүрген едім. Жалғыздық пен сағыныш сезінген, күйзеліске түскен күндерім де болды, бірақ әрбір қиындық маған не үшін келгенімді еске салып отырды.

Әпкем Сомаяның Қазақстанда оқуы жаңа өмірімнің осы белесінде маған да, ата-анама да зор тірек еді. Алғашқы жылы оның қасымда болуы жат жерге бейімделуімді айтарлықтай жеңілдетті. Кейін ол Қазақстаннан кеткен соң, мен жолымды жалғыз жалғастырып, университет жатақханасында тұрдым – бұл тәжірибе маған дербестік пен төзімділікті үйретті.

Екі жылдан кейін, 2023 жылы, тағы бір мүмкіндік менің өмірімді қайта бұрды. "Ауған әйелдері" жобасы аясында Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму Бағдарламасының қолдауымен жүзеге асатын, қаржы саласындағы TVET (техникалық және кәсіптік білім беру) бағдарламасы бойынша стипендия иегері атандым. Университеттің стипендиясы оқу ақымды жапқанымен, күнделікті тұрмыс шығынына толық жетпейтін. Ал БҰҰДБ стипендиясы маған қаржылық тұрақтылық пен оқуымды жалғастырып, жаңа кәсіби дағдыларды игеруге мүмкіндік берді.

Екі күрделі бағдарламаны қатар алып жүру – өмірімдегі ең қиын сынақтардың бірі болды. Тапсырма үстіне тапсырма, мерзім қуған мерзім, емтихан мен түн жарымына созылған дайындық - күндерім осылайша тізбектеле берді. Кейде бәрін көтере аламын ба деп өзіме сұрақ қойып та қалатынмын. Бірақ шаршаған сайын көз алдыма ата-анамның аямай жасаған еңбегі, жанымда жүрген әпкемнің қолдауы, әрі Алла маған бұйырған мүмкіндіктер келе қалатын. Осы мүмкіндіктерді бекерге жібермеу жауапкершілігін терең сездім – себебі әрбір қадамым өзге ауған қыздарына жол көрсетіп, оларға білім мен табыс есігі ашылғанда қандай мүмкіндіктер пайда болатынын аңғартады деп сендім. Дәл осы ой маған түңілуге жол бермей, әр таңда тік тұрғызып отырды.

2025 жыл мен үшін қос жетістіктің жылы болды: ҚБТУ-дан менеджмент мамандығы бойынша бакалавр атанып, сонымен қатар қаржы саласындағы TVET бағдарламасын да мақтанышпен тәмамдадым.

Young woman in a beige coat and hijab, smiling, holds blue and maroon notebooks outdoors.
Graduate woman in cap and gown with pink folder, wearing hijab, blue backdrop and balloon arch.
Фото: Марва Васит

Оқу бітіру салтанатының жаңғырығы басылмай жатып, тағдыр маған тағы бір есік ашты. Мен ЮНИСЕФ Қазақстан қатарына адвокация және коммуникация жөніндегі маман ретінде БҰҰ халықаралық еріктісі болып қосылдым.

Мен үшін бұл қызмет – жай ғана мансап баспалдағы емес, ол – үміттің өзі, көзге көрінген айғағы.

Бірнеше жыл бұрын ғана мен қараңғы бөлмеде отырып, армандарым қашан шындыққа айналарын біле алмай толғанатынмын.

Ал бүгін әлем бойынша балалар мен жастардың тағдырын жақсартуға еңбек ететін ұйымға қызмет ету құрметіне ие болдым. ЮНИСЕФ ұйымына қабылдану туралы хабарды естіген кезде, ойым бірден ата-анама ауды – мені осы белеске жеткізу жолында олар аттаған бар қиындық көз алдыма келді.

Осы жол маған мүмкіндіктің жан тағдырын өзгертетін құдіретін көрсетті – кейде саған сенген бір жүрек, уақытында ашылған бір есік және күдіктің үстінен аттап өтетін табандылық қана жеткілікті.
Фото: Марва Васит

Артқа қарасам, әрбір қиындықтың мені өмірімнің жаңа белесіне жетелеп келгенін көремін. Ата-анамнан төзім мен өзін-өзі құрбан ету үлгісін алдым, апа-сіңлілерімнен сенім мен табандылықты бойыма сіңірдім. Ал әрбір кедергі – қиыншылық ешқашан адам тағдырын билей алмайды деген нанымымды одан бетер бекітті.

Ауған қызы ретінде мен өз оқиғамның мыңдаған оқиғалардың бір ғана бұтағы екенін білемін. Қаншама ауған қыздары кедергілерге қарамастан бүгін де оқуды, мансап құруды, өз қоғамдастығына қызмет етуді армандап келеді. Менің жолым оларға ең үмітсіз сәтте де үміттің жанатынын, табандылықтың жаңа жол салатынын, ал бір мүмкіндіктің өзі-ақ адам тағдырын жарқын белеске бағыттайтынын көрсетеді деп сенемін.

Бүгін де жасаған әрбір қадамымда отбасымның үкілі үмітін арқалап келемін. Мен жеткен әрбір жетістіктің алтын діңгегі – олардың жасаған жанқиярлығы, және сол ерен еңбек маған күн сайын сарқылмас шабыт береді.

Менің өмірлік сапарым әлі де жалғасуда, десе де көңілге түйген бір ақиқат айнымас: үміт өзгемен бөліскен сайын қанаттана түседі. Сынбас жігер, жақын жандардың сенімі және дер кезінде ашылған бір есік адамның тек ертеңін емес, бүкіл болмысын өзгерте алады – менің жолым осының дәлелі.