БҰҰДБ мен ХҚЕС қоры орнықты есептілік пен басқару мәселелері бойынша вебинарлар өткізді

2025 ж. 23 April
A small green tree grows from a pile of coins in soil, with a hand supporting it.

БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) мен Халықаралық қаржылық есептілік стандарттары (ХҚЕС) қоры 2025 жылғы 2 және 9 сәуірде Орнықты есептілік пен басқару жөніндегі жаһандық хабтар (SDMHs) бағдарламасы аясында екі онлайн оқыту сессиясын өткізді. Бұл вебинарлар ЕО орнықты қаржы бойынша консультациялық хабының (SFAH) қолдауымен және БҰҰДБ-ның Қаржылық орталықтарды орнықтыру (FC4S) бастамасының көмегімен ұйымдастырылды. Іс-шараларға Қазақстан мен өзге елдерден 300-ден астам қатысушы қатысып, ұлттық орнықты есептілік және әсерді басқару жүйелерін нығайту жолдарын талқылады.

Сессиялар қатысушыларға жаһандық стандарттарға сай орнықты басқару мен есептілік тәжірибелерін енгізу үшін қажетті білім мен құралдарды ұсынып, көпшілік пен жекеменшік сектор арасындағы диалог пен әлеуетті арттыру алаңына айналды.

Сараптамалық баяндамалармен орнықтылық саласындағы жаһандық көшбасшылар – ХҚЕС қорынан Белла Чэн, Жаһандық есептілік бастамасынан (GRI) Камила Коради Бракко, ISO ұйымынан Салли Свингевуд және GSG Impact өкілі Себастьян Велисейко сөз сөйледі.

Вебинарлардың негізгі ойлары

Сарапшылар орнықты тәжірибелер мен стандарттарды ұйым қызметіне енгізу жолдарын ортаға салды. Қатысушылар ХҚЕС орнықты есептілік стандарттары (IFRS S1 және IFRS S2) туралы ақпарат алып, түрлі стандарттардың үйлесімділігімен танысты.

Жаңа халықаралық стандарттар ұйымдарға климат тәуекелдерін басқару немесе жасыл экономика мүмкіндіктерін пайдалану секілді экологиялық және әлеуметтік факторлардың бизнеске әсерін айқын көрсетуге көмектеседі. Бұл стандарттар арқылы компаниялар инвесторлар мен мүдделі тараптарға өздерінің ұзақ мерзімді орнықтылық стратегиясын нақты көрсете алады.

Вебинарлар орнықтылықтың жай есептілік қана емес, тиімді басқару екенін көрсетті. ISO-ның басқару жүйесі стандарттарын қолданатын ұйымдар мақсаттарына жетуде анағұрлым тиімді. Айқын есептілік ұйымдарға уақыт өте келе жақсарып, инвестор сеніміне ие болуға және орнықты қаржы көздеріне жол ашуға мүмкіндік береді.

Есептілік пен басқару бір-бірімен тығыз байланысты: сапалы деректер – дұрыс шешім қабылдаудың негізі, ал ашықтық – ресурстар тартудың және ұзақ мерзімді нәтижеге қол жеткізудің кепілі.

Бұл вебинарлар БҰҰДБ-ның орнықты даму мақсаттарымен үйлесетін, әділетті әрі инклюзивті жасыл көшу жолында ұлттық процестерді дамыту мен жеке секторды тарту жөніндегі кең ауқымды жұмысының бір бөлігі болып табылады.