БҰҰДБ-мен кездесуде Жамбыл облысының «жасыл» даму мәселелері талқыланды

2022 ж. 19 October
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Бүгін Тараз қаласында БҰҰДБ Тұрақты өкілінің міндетін атқарушы Сухроб Ходжиматов пен Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов кездесті. Кездесу барысында тараптар өңірде жүргізіліп жатқан бірлескен іс-шараларды, соның ішінде өңірдің бірегей биоалуантүрлілігі мен экожүйелерін сақтау және қорғау үшін қорықтық аймақтарды кеңейту, өңірдің экотуризм әлеуетін ашу және ауыл тұрғындарына қолдау көрсету мәселелерін талқылады.

Өз сөзінде облыс әкімі орман шаруашылығына арналған жабдықтар мен өрт сөндіру құралдарын жетілдіру қажеттілігіне назар аударды. Оған қоса, ол жаңартылатын энергия көздері саласындағы өңір әлеуетінің зор екендігіне баса назар аудара отырып, «таза» энергетиканы дамыту қажеттілігін ерекше айтып өтті. Атап айтқанда, кездесуде жергілікті билік органдары БҰҰДБ-ға тұрақты энергетика мен «жасыл» қаржыландыру құралдары саласындағы шешімдер мәселелері жөнінде кеңес алу үшін жүгінген Жауғаш батыр ауылындағы пилоттық жоба талқыланды.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Сонымен қатар, тараптар өңірлердегі «жасыл» жобаларды қолдау бағдарламасын жүзеге асыру үшін шығарындыларға төленетін төлемдерді пайдалану мүмкіндіктерін одан әрі зерттеу жөнінде келісімге келді. БҰҰДБ өкілі Қазақстанның Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі БҰҰДБ-мен бірлесіп Қазақстан өңірлеріндегі «жасыл» жобалар арқылы шығарындыларға төленетін төлемдерді пайдалану тиімділігін арттыруға бағытталған қаржыландыру тетіктерін сынақтан өткізу жөнінде келіскенін атап өтті.

Өз баяндамасында Ходжиматов мырза, сондай-ақ, экологиялық мәселелерді шешуге және әлеуметтік-экономикалық дамуға жәрдемдесе алатын жаңартылатын энергия көздерін дамытуды қолдауға, энергияны сақтауға және тұрғын үй-коммуналдық секторда жылу жүйелерін жаңғыртуға бағытталған БҰҰДБ-ның бірқатар қаржылық құралдарын көрсетті.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ