БҰҰДБ, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму министрлігі және KazAID Орталық Азиядағы инклюзивті цифрлық трансформацияны ілгерілету ниеті туралы мәлімдемеге қол қойды

2023 ж. 13 October
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Асхат Нурекин

Бүгін Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен және Қазақстандық халықаралық даму агенттігімен (KazAID) бірлесіп Ниеттер туралы мәлімдемеге қол қойды. Бұл ынтымақтастық «ешкімді артта қалдырмау» әмбебап қағидасына негізделген инклюзивті цифрлық трансформацияны ілгерілетуге, инновацияларды және білім алмасуды ынталандыруға бағытталған.

Осы ынтымақтастықтың маңыздылығын түсіндіре отырып, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов келесідей айтты:

«Біз БҰҰДБ-мен орнықты дамудың жаһандық мақсаттарына қол жеткізу үшін цифрлық технологиялардың күшін бірлесіп пайдалану үшін тығыз қатынаста жұмыс істеп жатырмыз. Біз бірге Қазақстанның цифрлық трансформациясына үлес қостық. Біз БҰҰ-ның штаб-пәтерінде өткен арнайы шарада таныстырған «Отбасының цифрлық картасы» жобасын ерекше мақтан тұтамыз. Қазақстан цифрлық саладағы тәжірибесін басқа елдермен бөлісуге дайын және біз БҰҰДБ және KazAID-пен ынтымақтаса отырып, цифрландыру саласындағы аймақ елдерінің өзара іс-қимылын жақсарта аламыз деп сенеміз».

Өзінің кең желісін пайдалана отырып, БҰҰДБ Цифрлық штаб-пәтердегі сарапшылар тобының қолдауымен аймақтық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды ынталандыру үшін Қазақстанға цифрлық трансформация сапарында көмектесуге дайын.

Бұл үшжақты ынтымақтастықтың негізгі мақсаты – аймақтық деңгейде Қазақстанның табысты мемлекеттік технологиялар (govtech) шешімдерін ілгерілету.

«Біздің миссиямыз тек техникалық көмек көрсету ғана емес, сонымен қатар Орталық Азиядағы нақты өңірлік мәселелерді шешуге бағытталған мүдделі тараптардың күш-жігерін үйлестіру», -
деді KazAID халықаралық даму жөніндегі Қазақстан агенттігінің басқарма төрағасы Аркен Арыстанов.

Бұл миссия Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауына сәйкес келеді. Онда ол еліміздің цифрлық индустриясының қызметтері мен тауарларының экспортын ұлғайту мақсатын атап өтіп, биылғы жылдың соңына қарай экспорт көлемі 500 миллион долларға жетуі мүмкін деп болжады. Бұл еліміздің осы саладағы өсу перспективаларын көрсетеді.

БҰҰДБ-ның 2022-2025 жылдарға арналған стратегиялық жоспары цифрлық технологияларды орнықты даму мақсаттарына жетудің негізгі факторы ретінде айқындап, олардың өсіп келе жатқан рөлін ерекше атап өтеді. Осы мақсат туралы айта келе, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов келесідей сөз айтты:

«Біздің басты ұстанымымыз цифрлық технологияларды адам мен институционалдық дамудың инклюзивті күші ретінде пайдалану болып табылады. Біз Қазақстан өзгерістерді ынталандыру үшін мемлекеттік цифрлық шешімдерді пайдаланудың аймақтық катализаторы бола алатынына және бұл серіктестіктің цифрлық тәжірибемен алмасудың маңыздылығының мысалы болатынана сенімдіміз».

Бұл ынтымақтастық БҰҰДБ, Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен KazAID-тің ортақ мақсаттарының дәлелі болып табылады. Технологиялық инновациялар бойынша жұмыс істеумен қатар, тараптар осы трансформациядан адамдарға іс жүзінде пайда әкелуге көңіл бөледі.

Қазақстанда БҰҰДБ барлық портфолиолар мен жұмыстың тақырыптық бағыттары бойынша даму нәтижелерін арттыру үшін цифрлық мүмкіндіктерді пайдаланады. Жұмыс спектрі кең ауқымды және трансформациялық: отбасының цифрлық картасынан және IT қызметкерлерінің біліктілігін жетілдіруден бастап мемлекеттік сектордағы цифрлық трансформацияны жеделдетуге, жабайы табиғатты бақылау үшін спутниктік телеметрияны енгізуге және Қазақстанның моноқалаларындағы цифрлық гендерлік алшақтықты жоюға дейін. Осы инновациялық саяхаттар арқылы БҰҰДБ елге инклюзивті және орнықты цифрлық қоғам құруға көмектеседі.