Мемлекеттік қызметшілер БҰҰ Мемлекеттік қызмет форумында жасанды интеллектті қоғамдық мүдде үшін пайдалану тәжірибесімен алмасты

2026 ж. 26 June
Delegates seated in a conference hall with colorful country flags in the foreground.
Фото: Астана мемлекеттік қызмет хабы

Тбилисиде Орталық Азия, Кавказ және Азия-Тынық мұхиты өңірінен келген 40-тан астам мемлекеттік қызметші мен сарапшылар «Мемлекеттік басқарудағы жасанды интеллект: тиімділік пен қоғамдық мүдде арасындағы тепе-теңдік» атты өңіраралық семинарға қатысты. Іс-шара 2026 жылдың 24-25 маусымында БҰҰ Мемлекеттік қызмет форумы аясында ұйымдастырылды.

Жасанды интеллект саласындағы өз тәжірибелерімен Корея Республикасы Ішкі істер және қауіпсіздік министрлігінің, БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің, Дүниежүзілік банктің, Халықаралық электр байланысы одағының және Румынияның Ұлттық информатика саласындағы зерттеулер және әзірлемелер институтының өкілдері бөлісті. Олардың баяндамалары жасанды интеллектті басқару, цифрлық инфрақұрылымды дамыту, есеп берушілік және мемлекеттік секторда жасанды интеллектті жауапты қолданудың халықаралық тәжірибесі мен үздік практикаларына арналды.

Photograph: man in a blue suit delivering a speech at a podium, with a red backdrop.
Фото: Астана мемлекеттік қызмет хабы

Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Алихан Байменов жиынды аша отырып, адам мен жасанды интеллект қатар өмір сүретін дәуір мемлекеттік басқаруда жаңа мүмкіндіктер беретіндігін айтты. Сонымен қатар ЖИ қарқынды дамуы ашықтық, деректерді қорғау, адам құқықтарын сақтау және этикалық қағидаттарға, сондай-ақ, тиімділік пен қоғамдық мүдде арасындағы тепе-теңдікті сақтау жолдарын іздестіруге айрықша назар салуды қажет ететіндігіне тоқталды. Ол ЖИ дамуымен байланысты мүмкіндіктер мен сынақтар ғаламдық сипатқа ие екендігін және бұл халықаралық ынтымақтастық пен білім алмасуды қажет ететіндігін атап өтті.

Man in blue suit speaks at a podium on a stage with a red backdrop.
Фото: Астана мемлекеттік қызмет хабы

Корея Республикасы Ішкі істер және қауіпсіздік министрлігіне қарасты ЖИ үкіметі офисі директоры Джинхон Сим «ЖИ-демократиялық үкімет» тұжырымдамасын қатысушыларға таныстырды. Онда жасанды интеллект тек технология ретінде ғана емес, азаматтар өмір сапасын арттырудың, олардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндігін кеңейтудің және неғұрлым ашық, жауапты әрі адамға бағдарланған мемлекет қалыптастыру құралы ретінде қарастырылған. Сондай-ақ оның инклюзивті цифрлық трансформация тетігі екендігі де айтылды. 

Фото: Астана мемлекеттік қызмет хабы

Грузия әділет министрі орынбасары Тамар Зоделава, бастамаға қатысушы елдер атынан Бангладеш Халық Республикасы Пошта, телекоммуникациялар және ақпараттық технологиялар министрі Факир Махбуб Анам, БҰҰ Даму бағдарламасы Грузиядағы Тұрақты өкілі Дуглас Уэбб қатысушыларға жылы лебіздерін білдірді. 

Фото: Астана мемлекеттік қызмет хабы

Семинардан бөлек, Астана мемлекеттік қызмет хабының басшысы Алихан Байменов Бангладеш Халық Республикасы пошта, телекоммуникациялар және ақпараттық технологиялар министрі Факир Махбуб Анаммен, Камбоджа Корольдігі пошта және телекоммуникациялар министрі Вандет Чеамен, Филиппин Республикасы ақпарат және коммуникациялық технологиялар вице-министрі Дэвид Альмиролмен және Лаос Халық-Демократиялық Республикасы технологиялар және коммуникациялар министрлігі бас директоры Тависак Манодхаммен екіжақты кездесулер өткізді. Сондай-ақ ол БҰҰ мен Еуропа Кеңесінің өкілдерімен жүздесті. Келіссөздер барысында тараптар цифрлық мемлекеттік басқару саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мүмкіндіктерін талқылады.

Фото: Астана мемлекеттік қызмет хабы

Семинар БҰҰДБ, Корея Республикасының Ішкі істер және қауіпсіздік министрлігі, Корея Республикасының Ұлттық ақпараттық қоғам агенттігі және Астана мемлекеттік қызмет хабы бірлесіп жүзеге асырып отырған өңіраралық жоба аясында өткізілді. Жоба Орталық Азия, Кавказ және Азия-Тынық мұхиты өңірінің 12 еліндегі мемлекеттік қызметшілердің әлеуетін арттыруға бағытталған. 2024–2026 жылдары жоба шеңберінде цифрлық трансформацияны және цифрлық мемлекеттік басқаруды дамытуға ықпал ететін семинарлар, зерттеу іс-шаралары мен Корея Республикасына таныстыру сапарлары ұйымдастырылуда.

Іс-шараның тең ұйымдастырушысы ретінде Грузияның Әділет министрлігі де қатысты.

Group photo of professionals in formal attire at a conference in a modern meeting room.
Фото: Астана мемлекеттік қызмет хабы