Мемлекеттік қызметтің үш тағаны: "Меритократия. Адалдық. Инновациялар"

2023 ж. 17 May
Фото: Астана мемлекеттік қызмет хабы

Әлемнің 30 елінің өкілдері мемлекеттік қызметтің тұғырлы үш мәселесін Астана мемлекеттік қызмет хабының «Меритократия. Адалдық. Инновациялар» атты жыл сайынғы конференциясында талқылауда.

Конференцияның ашылуында Астана хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Алихан Байменов, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Халықаралық мемлекеттік қызмет комиссиясының төрағасы Ларби Джакта, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали, Қазақстандағы БҰҰ-ның Даму Бағдарламасының тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа, ЭЫДҰ-ның Мемлекеттік басқару директоратының басшысы Эльза Пиличовски, Кореяның Персоналды басқару министрлігінің бұрынғы министрі, Американың Мемлекеттік басқару қауымдастығының халықаралық директоры Пан Сук Ким сөз сөйледі. Сондай-ақ Әзірбайжан, Словения, Тәжікстан, Өзбекстан, Филиппин мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет саласындағы уәкілетті органдар басшылары, Шығыс өңірлік және Африка мемлекеттік басқару қауымдастықтары Бас хатшылары лебіздерін білдірді.

Фото: Астана мемлекеттік қызмет хабы

Өз сөзінде Алихан Байменов: «Пандемия көрсеткендей, қысылтаяң шақта азаматтар үкіметтерден уақытылы және тиімді шешімдерді күтеді. Өз кезегінде бұл кәсібилік және ашықтықпен қатар халықаралық озық тәжірибені өз елінің игілігі үшін пайдалануды қажет етеді. Бұл да Хаб жұмысының өзектілігін айқындайды», - деді.

"Кәсіби мамандардың идеялары мен ой толғаулары" пленарлық сессиясында ЭЫДҰ Халықаралық іскерлік операциялардағы парақорлық жөніндегі жұмыс тобы бұрынғы төрағасы Драго Кош, сондай-ақ Пан Сук Ким, Рекс Фейсер (АҚШ) және Виктор Гузун (Эстония) басты баяндамашылар болды.

«Меритократияны жүзеге асыру: Астана мемлекеттік қызмет хабына қатысушы елдердің үздік тәжірибелері» атты бірінші панельдік сессияда Бельгия, Корея, Канада және Қазақстан уәкілетті органдары басшылары мен өкілдері осы саладағы өздерінің жетістіктері туралы айтты. Мемлекеттік қызметшілерді ынталандыру теориясының негізін қалаушы Дж. Перри (АҚШ) өз сөзінде меритократия мен үкіметтің тиімділігі арасындағы байланысты атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі әділдік сыбайлас жемқорлық пен мемлекеттік шығындарды азайтып қана қоймай, елдің экономикалық өсуінің маңызды тетігі саналады.

Арнайы сессияда мемлекеттік қызметте таланттарды басқару, сыйақы, дебюрократизация және т.б. сияқты маңызды бағыттарды қамтитын Хабтың жаңа он зерттеуі таныстырылады. Жалпы, Хаб мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет саласында 70-тен астам зерттеу жасаған, олар тиісті экспозицияда ұсынылды.

Словенияның сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі Бас комиссары Роберт Шуми «Мемлекеттік қызметтегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және этика» сессиясында арнайы баяндама жасайды. Сонымен бірге бұл сессияда Филиппиннің Ішкі істер және жергілікті өзін-өзі басқару министрі Бенджамин Абалос, Қытай Ұлттық басқару академиясының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы зерттеу орталығының жетекшісі Джу Лингджун және басқа да бірқатар елдердің өкілдері өз тәжірибелерімен бөліседі.

Алғаш рет «Мемлекеттік басқаруды дамытудың мәдени-өркениеттік аспектілері: Лагаш пен әл-Фарабиден бүгінгі күнге дейін» атты дөңгелек үстел өтеді. Онда Қазақстан, Өзбекстан және Түркия сарапшылары Әл-Фараби, Әмір Темір, Әлихан Бөкейхан және Мұстафа Шоқайдың мемлекеттік басқаруды дамыту контекстіндегі еңбектері туралы айтады.

Мемлекеттік органдардың халықпен коммуникацияларының 15 арнасының жұмысы туралы бірегей зерттеу арнайы панелдік сессияда таныстырылады. Бұл сессияда, сондай-ақ, цифрлық медиа жөніндегі грузиялық сарапшы Ани Сирбиладзе өз ойын ортаға салады. 

Конференцияға қатысушылар Корея Республикасы және Орталық Азия елдерінде мемлекеттік қызметтің HR цифрландырылуы қалай жүріп жатқаны туралы үшінші күні талқылайды.

Конференция аясында мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау үшін өзгерістерді басқару жөніндегі өңірлік екі күндік семинар өтеді. Корея Республикасының, Дүниежүзілік Банктің және ЭЫДҰ-ның жетекші практиктері мен халықаралық сарапшылары Орталық Азия мен Кавказдың жеті елінің мемлекеттік қызметшілерімен өзгерістерді басқару құралдары мен әдістемесімен бөліседі. Бұл семинар Корея Республикасы Үкіметінің, Астана мемлекеттік қызмет хабының және БҰҰДБ бірлескен жобасы шеңберінде өткізіледі.

Қорытынды сессияда мемлекеттік басқару академиялары мен мектептерінің өкілдері мемлекеттік басқаруды оқытудың және зерттеулер жүргізудің өзекті мәселелерін талқылайды.

Фото: Астана мемлекеттік қызмет хабы

Конференцияға 100-ден астам ұйым мен 30 елден 300-ге жуық қатысушы қатысады. Конференцияны ұйымдастырушылар: Астана мемлекеттік қызмет хабы, Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы.

Қазақстан Үкіметі мен БҰҰДБ бастамасымен 2013 жылы құрылған Астана мемлекеттік қызмет хабына 43 ел және 80-нен астам институционалдық серіктес кіреді. Хаб он жыл ішінде мемлекеттік қызметтің институционалдық және адами әлеуетін арттыруда жаһандық платформаға айналды. Бұл күндері Хаб- меритократияны күшейту, персоналды басқаруды цифрландыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, әдепті нығайту, қоғаммен тиімді өзара іс-қимыл құру, мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруда мәдени-өркениеттік аспектілер мен мемлекеттік басқаруды оқытудың рөлі туралы пікірталастардың драйвері.

Астана Мемлекеттік қызмет хабының сайтында толығырақ танысуға болады: https://www.astanacivilservicehub.org/