Неліктен қазақстандық компанияларға табиғат туралы деректерді ашу қажет?
2026 ж. 3 March
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ
3 наурыз - Дүниежүзілік жабайы табиғат күні қарсаңында табиғат тек экологиялық құндылық қана емес, сонымен қатар экономикалық капитал екені барған сайын айқын болуда.
Табиғат туралы деректерді ашу – орнықты бизнестің жаңа стандарты. Қазақстандық компаниялар үшін бұл тек имидж немесе жаһандық трендтерге сәйкестік мәселесі ғана емес, тәуекелдерді басқарудың, инвестиция тартудың және бәсекеге қабілеттілікті сақтаудың маңызды құралы.
Климаттық және экологиялық сын-қатерлер жағдайында табиғи капиталды уақытылы есепке алу салалардың орнықтылығына, қаржылық орнықтылыққа және болашақтың қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.
Мемлекеттер жағдайға бейімделіп үлгергенше, климат асқан жылдамдықпен өзгеріп жатыр, табиғат ең маңызды экономикалық факторлардың біріне айналуда. Орнықтылық енді тек жаһандық күн тәртібінің элементі ғана емес - ол мемлекеттер мен компаниялардың стратегиясын қалыптастырады.
Жаһандық негіздемелік тәсілдер мен орнықты есеп беру стандарттары елдер үшін де, бизнес пен қаржы институттары үшін де жаңа нормаларды қалыптастырады. Олар табиғи капиталға байланысты тәуекелдерді, әсерлерді және мүмкіндіктерді бағалауға, өлшеуге және ашуға мүмкіндік береді. Осы факторларды ескеру экономиканың орнықтылығын арттыруға, «жасыл» инвестицияларға қолжетімділікті кеңейтуге және неғұрлым болжамды экономикалық саясатты қалыптастыруға жол ашады.
Табиғи капитал – бұл адамдар мен экономика үшін пайда ағындарын қамтамасыз ететін жаңартылатын және жаңартылмайтын табиғи ресурстар қоры. Ұйымдар үшін табиғи капиталға тәуелділікті және оған әсерді бағалау табиғи факторларды стратегиялық, инвестициялық және қаржылық жоспарлауға интеграциялаудың негізі болып саналады.
Мысалы, сексеуіл ормандары Қазақстанның бірқатар өңірлерінде шөлейттенудің алдын алып, болашақта жерді қалпына келтіруге жұмсалатын шығын көлемін азайтады. Алайда әзірге мұндай экожүйелік қызметтер қаржылық модельдерде, инвестициялық бағалауда және тәуекелдерді басқару жүйелерінде әлі де толық көрініс таппай отыр. Бұл олардың экономикалық маңыздылығын жүйелі түрде төмендетеді.
Табиғи капиталдың экономикалық маңыздылығын, сондай-ақ оған байланысты тәуекелдер мен тәуелділіктерді мойындаудың артуына байланысты, бизнес пен қаржы институттарының табиғатқа әсері туралы ақпаратты ашу мәселесі жаһандық деңгейде институционалдық түрде бекітілді.
Биологиялық әртүрлілік туралы конвенция аясында қабылданған Куньмин–Монреаль жаһандық биоалуантүрлілік негіздемелік бағдарламасында 15 міндет белгіленген. Ол мемлекеттерді ірі компаниялар мен қаржы институттарының бүкіл құн тізбегі бойынша биоалуантүрлілікке қатысты тәуелділіктерін, әсерлерін, тәуекелдері мен мүмкіндіктерін бағалауды, ашуды және қысқартуды қамтамасыз етуге шақырады.
Бұл міндеттердің енгізілуі биоалуантүрлңіліктің жойылуы мен экожүйелердің деградациясы тек экологиялық мәселе ғана емес, сонымен қатар жүйелік экономикалық және қаржылық проблема екенін мойындауды көрсетеді.
Осы тұрғыда БҰҰ Даму бағдарламасының Биологиялық алуантүрлілікті қаржыландыру жөніндегі жаһандық бастамасы (БИОФИН) 2024 жылы Қазақстанның табиғатқа қатысты ақпаратты ашуға дайындығына бағалау жүргізді. Бұл зерттеу БИОФИН-нің 15 елді қамтыған жаһандық талдауының бір бөлігі болды: Ботсвана, Замбия, Үндістан, Индонезия, Қазақстан, Колумбия, Коста-Рика, Мадагаскар, Мексика, Непал, Перу, Руанда, Филиппин, Оңтүстік Африка және Эквадор.
Қазақстандағы ұлттық бағалау аясында табиғи капиталға байланысты ақпаратты ашу жүйесін енгізудің институционалдық, нормативтік-құқықтық және ұйымдастырушылық аспектілері талданып, сондай-ақ мұндай есептілік тәжірибесін дамытудағы кедергілер мен әлеует анықталды.
Зерттеуге бизнес, қаржы секторы және мемлекеттік органдардың 90-нан астам өкілі қатысты. Нәтиже мынадай: тақырыпқа қызығушылық жоғары, әлеует айтарлықтай, алайда, деректерді жүйелі түрде ашуға көшу құқықтық негізсіз, бірыңғай тәсілдерсіз, әдіснама мен ашық үйлестірусіз мүмкін емес.
Бүгінгі таңда Қазақстанда табиғи капитал мен биологиялық алуантүрлілікке қатысты мәселелер бизнес тарапынан негізінен қаржылық емес есептілікте – интеграцияланған жылдық есептерде немесе орнықты даму есептерінде ашылады. Бұл ретте компаниялар көбіне климаттық тәуекелдерге назар аударады, ал табиғаттың инвестицияларға, инфрақұрылымға, тәуекелдерді басқаруға және бәсекеге қабілеттілікке әсері жеткілікті деңгейде көрсетілмей отыр.
Сонымен қатар су тапшылығы, жердің деградациясы, климаттың өзгеруі және экожүйелер өнімділігінің төмендеуі қазірдің өзінде инфрақұрылымға, өнеркәсіпке, ауыл шаруашылығына және энергетика саласына әсер етуде. Табиғатқа қатысты деректердің жеткіліксіздігі корпоративтік және қаржылық есептілікте «соқыр аймақтың» қалыптасуына әкеледі - бұл ескерілмейтін, бірақ активтердің құны мен жобалардың табыстылығына елеулі әсер етуі мүмкін экономикалық тәуекелдер.
Нәтижесінде табиғи капиталды және оған байланысты тәуелділіктер мен әсерлерді жүйелі түрде есепке алмау бизнес пен жалпы экономиканың орнықтылығына тікелей ықпал ететін ескерілмеген табиғи тәуекелдердің қалыптасуына алып келеді.
Ескерілмеген табиғи тәуекелдер:
орта және ұзақмерзімді перспективада бизнес-модельдердің орнықтылығын төмендетеді;
қаржылық және инвестициялық тәуекелдерді күшейтеді;
экономиканы болжап-білуді қиындатады әрі орнықсыз етеді;
азық-түлік, су және климаттық қауіпсіздікке қатер төндіреді.
Орнықты есептіліктің жаһандық негізгі тәсілдері мен стандарттары халықаралық құралдардың кең ауқымын қамтиды. Қазіргі уақытта ең көп қолданылатындарының қатарына TNFD, ISSB және GRI кіреді. Бұл құралдар компанияларға табиғи капиталға байланысты тәуекелдерді, әсерлерді және мүмкіндіктерді бағалауға әрі ашуға көмектеседі, атап айтқанда:
Соңғы жылдары елде экономиканы және қаржы секторын басқаруда экологиялық және табиғи факторларды есепке алуға байланысты институционалдық негіз қалыптасты. Бұл құралдардың жиынтығы табиғатқа әсер ету туралы ақпаратты неғұрлым жүйелі түрде ашуға негіз болады.
Атап айтқанда, жасыл таксономия биоалуантүрлілікті сақтау және экотуризмді дамытуға байланысты бағыттарды қамтиды. Сонымен қатар, ESG-ақпаратты ашу тәсілдері дамып келеді: қолданыстағы әдістемелік ұсынымдар орнықты даму мақсаттары мен климаттық күн тәртібіне бағдарланған және біртіндеп халықаралық стандарттарға сәйкестендірілуде.
Тәуекелдерді басқару саласында экологиялық және әлеуметтік аспектілер бойынша жаңартылған талаптар тек климаттық емес, сонымен қатар, табиғи тәуекелдерді де қамтиды. Бұл жүйені табиғи статистиканың дамуы толықтырады: 2019 жылдан бастап елде SEEA шоттары жүргізілуде, ал биоалуантүрлілік жөніндегі ресми статистиканы Ұлттық статистика бюросы жариялап келеді.
БИОФИН зерттеуі табиғатқа тәуелді әрі оған әсер ететін қаржы саласы, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, ресурстарды өндіру, құрылыс, инфрақұрылым, энергетика және транспорт сияқты негізгі секторларды қамтыды.
Осылайша, Қазақстанда табиғи тәуекелдер мен әсерлер туралы ақпаратты ашуды дамытуда компаниялардың тәжірибесіне ғана емес, сонымен қатар нормативтік-құқықтық ортаға да байланысты жүйелі шектеулер анықталды.
Біріншіден, табиғатқа тәуелділік мойындалады, бірақ есептілік талаптарында бекітілмеген.
Компаниялар мен қаржы ұйымдары өз қызметтерінің экожүйелер мен табиғи ресурстарға тәуелді екенін түсінеді, алайда қолданыстағы заңнама мен реттеуші талаптар бұл тәуелділіктер мен әсерлерді ашуды міндеттемейді. Соның салдарынан мұндай ақпарат есептілікте және қаржылық жоспарлауда сирек көрініс табады.
Екіншіден, ESG-есептілік дамып келеді, алайда табиғи компоненті шектеулі күйде қалып отыр.
Зерттеуге қатысқан ұйымдардың 29 пайызы интеграцияланған есептерді, 26 пайызы орнықты даму жөніндегі есептерді жариялайды. Алайда су ресурстары, топырақ және биоалуантүрлілікке қатысты көрсеткіштердің ашылуы шектеулі әрі жүйесіз болып отыр.
Үшіншіден, негізгі кедергі – табиғи аспектілерді ашу бойынша бекітілген әдістемелер мен стандарттардың болмауы.
Іс жүзінде Қазақстандағы ESG-ақпаратты ашу көбінесе климаттық тәуекелдерге және TCFD ұсынымдарына, сондай-ақ қалыптасып келе жатқан ISSB стандарттарының талаптарына бағдарланған. Ал табиғи тәуекелдер мен әсерлерді ашудың стандартталған тәсілдері ұлттық талаптар мен есептілік практикасына әлі енгізілмеген.
Төртіншіден, нарық мемлекет тарапынан неғұрлым нақты үйлестіруді күтуде.
Табиғи капитал жөніндегі деректерді жинау, үйлестіру және басқарудың бірыңғай жүйесінің болмауы негізгі шектеу болып қала береді. Респонденттердің 55 пайызы табиғи капитал туралы деректерді үйлестіруді Экология және табиғи ресурстар министрлігі жүзеге асыруы тиіс деп санайды. Сонымен қатар, бұл тізімде басқа да ұйымдар - Ұлттық экономика министрлігі, Қаржы министрлігі және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бар.
БИОФИН зерттеуіне қатысушылардың 43 пайызы табиғи капитал туралы ақпаратты ашу тәжірибесін дамытуға мүдделі тараптарды оқыту ықпал етеді деп санайды. Ал 38 пайызы бұл үдерісте уәкілетті органдар тарапынан ұлттық әдістемелерді, нұсқаулықтар мен басшылықтарды әзірлеу маңызды екенін атап өтті.
Қалған шаралар қатарында қатысушылар төмендегі мәселелерді де көрсетті:
табиғи ресурстарды пайдалану статистикасын цифрландыру, сондай-ақ өнімнің шығу тегі мен қозғалысын қадағалау;
табиғи капиталды пайдалану саласында ақпаратты ашу бойынша стандарттар мен рейтингтердің болуы;
нормативтік және әдіснамалық база қалыптастыру;
қаржылық емес ақпаратты ашуда жоғары нәтижелерге қол жеткізген компанияларды қаржылай ынталандыру;
орнықты даму туралы ақпаратты ашу бойынша міндетті талаптарды заңнамалық деңгейде енгізу;
деректерді жинауға арналған технологияларды, соның ішінде жасанды интеллект пен спутниктік деректерді пайдалану.
БИОФИН бағалау қорытындысы бойынша Қазақстанда табиғи капитал туралы ақпаратты ашу жүйесін енгізудің негізгі бағыттары айқындалды:
нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру;
табиғи капитал туралы ақпаратты ашуға арналған деректер сапасын және институционалдық әлеуетті нығайту;
табиғи капитал туралы ақпаратты ашуға ынталандыру тетіктерін қалыптастыру;
нарық қатысушыларының әлеуеті мен құзыретін арттыру.
Елде табиғи капиталға қатысты ақпаратты ашу тәжірибесін жетілдіруге арналған егжей-тегжейлі талдау, практикалық ұсынымдар мен бастапқы бағыттар БИОФИН-нің аналитикалық жазбасында ұсынылған.
Табиғи капитал туралы деректер басқарушылық және қаржылық шешімдердің бір бөлігіне айналған кезде, бұл экономиканың орнықтылығын арттырып, негізгі қатысушылар үшін нақты артықшылықтар қалыптастырады.
Бизнес үшін
Құн тізбегі бойынша табиғатқа тәуелділікті және оған әсерді жүйелі бағалау компанияларға материалдық тәуекелдер мен мүмкіндіктерді анықтауға, операциялық қызметтің орнықтылығын арттыруға және орта және ұзақмерзімді перспективада неғұрлым негізделген инвестициялық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
Қаржы институттары үшін
Табиғи тәуекелдер мен тәуелділіктер туралы ақпаратты ашу несиелік және инвестициялық портфельдерді бағалау сапасын арттырады, активтердің құнсыздану қаупін төмендетеді және орнықты әрі «жасыл» қаржылық құралдарды дамытуға негіз болады.
Мемлекет үшін
Табиғатқа қатысты деректерді экономикалық және қаржылық жоспарлауға интеграциялау жүйелі тәуекелдерді азайтуға, инвестициялық тартымдылықты арттыруға және экологиялық дағдарыстарға реактивті жауап беруден орнықты дамуды алдын ала басқаруға көшуге мүмкіндік береді.
Табиғи капитал туралы деректерді ашу орнықтылық, инвестициялық тартымдылық және табиғатты сақтау бір-бірін өзара күшейтетін жаңа экономикалық логиканың ажырамас бөлігіне айналуда.