БҰҰДБ қазақстандық БАҚ өкілдері үшін климатқа қатысты күн тәртібі бойынша тренинг өткізді
2025 ж. 5 June
Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен негізгі экологиялық мәселелерді жұртшылық назарына жеткізуде бұқаралық ақпарат құралдарының (БАҚ) рөлін күшейтуге бағытталған ақпараттық-ағарту науқанын бастағаны туралы хабарлады. Науқан журналистер, блогерлер мен медиа-сарапшылар үшін мамандандырылған медиа тренингтер өткізуді, сондай-ақ климаттың өзгеруі, биоалуантүрлілікті сақтау және қоршаған ортаның ластануының алдын алу мәселелері бойынша журналистік материалдар байқауын өткізуді қамтиды.
«Бұқаралық ақпарат құралдары экологиялық күн тәртібін және қоғамды сананы қалыптастыруда аса маңызды рөл атқарады. Журналистер қоғамдастығы ғылыми деректер мен стратегиялар тілін түсінікті және шабыттандыратын оқиғаларға айналдыру арқылы қоғамға күрделі климаттық және экологиялық мәселелерді түсінуге және қабылдауға көмектеседі», — деп атап өтті Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов өз сөзінде.
Байқауға бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, блог авторлары және тәуелсіз журналистер шақырылады. Қазақ, орыс немесе ағылшын тілдерінде жарияланған материалдар қабылданады. Қатысудың толық шарттары Инстаграм, Фейсбук және ЛинкедИн әлеуметтік желілеріндегі БҰҰДБ ресми парақшаларында орналастырылады.
Бүгінгі таңда әлем бұрын-соңды болмаған үштік планеталық дағдарысқа тап болып отыр: климаттың өзгеруі, биоалуантүрліліктің жоғалуы және қоршаған ортаның ластануы орнықты болашаққа қауіп төндіреді. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның мәліметі бойынша 2024 жыл бүкіл бақылау кезеңінде рекорд орнатқан ең жылы жыл болды. Орташа жылдық температура өнеркәсіпке дейінгі деңгейден 1,55°С-қа асып түсті.
Қазақстан климаттық осалдығы жоғары мемлекет ретінде соның салдарын қазірдің өзінде сезініп жатыр: жиілеп кеткен құрғақшылық, су тасқындары, су ресурстарының азаюы, экожүйелердің құлдырауы. Соңғы жылдары елде 2022-2023 жылдары Абай және Қостанай облыстарында 100.000 гектардан астам орман жойылған алапат өрттер орын алды. 2024 жылы 10 облыстағы жойқын су тасқыны 300 миллиард теңгеге шығын келтіріп, соңғы 80 жылдағы ең ірі ауқымды құбылысқа айналды.
Қазақстан климаттық сын-қатерлерге жауап беру үшін дәйекті қадамдар жасап жатқан жайы бар. БҰҰДБ және Жасыл климат қорының қолдауымен климаттың өзгеруіне бейімделудің ұлттық жоспары әзірленіп жатыр. Аталмыш құжат климаттық тәуекелдерді стратегиялық жоспарлауға кіріктіруге және орнықты дамуды қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ БҰҰДБ техникалық қолдауымен және Жаһандық экологиялық қордың қаржыландыруымен 2025–2035 жылдарға арналған биоалуантүрлілікті сақтау және орнықты пайдалану тұжырымдамасы бойынша жұмыстар аяқталуға жақын қалды. Бұл құжат ұлттық басымдықтардан да, биоалуантүрлілік жөніндегі Куньмин-Монреаль жаһандық негіздемелік бағдарламасы аясындағы жаһандық міндеттемелерден де айқын көрініс береді. Болашақ табиғатты қорғау саясатының тиімділігі оны салалық стратегияларға және қаржыландыру тетіктеріне кіріктіруге байланысты болады, Қазақстан халықаралық серіктестердің қолдауымен дәл соған ұмтылып отыр.
БҰҰДБ Қазақстанға Париж келісімі, Сендай негіздемелік бағдарламасы және биоалуантүрлілік жөніндегі Куньмин-Монреаль жаһандық негіздемелік бағдарламасы сияқты келісімдер аясында халықаралық міндеттемелерін орындауда қолдау көрсетіп, 30 жылдан астам уақыт бойы көмек көрсетіп келеді.
Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары арасында төмен көміртекті даму стратегияларын әзірлеу; қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру; «жасыл» инвестицияларды жұмылдыру; табиғи ресурстарды басқару саласындағы институционалдық дамыту сынды тұстарды атап өтуге болады. Мысалы, 2015 жылдан бері халықаралық серіктестердің, соның ішінде Еуропалық Одақтың, Германия және Швейцария үкіметтерінің, сонымен қатар жеке меншік сектордың көмегімен БҰҰДБ биоалуантүрлілікті сақтау жобаларына 15,9 млн АҚШ долларынан астам қаражат тартты.
Экологиялық хабардарлықты және бұқаралық ақпарат құралдарында мәлімет тарату сапасын жақсарту экологиялық қауіптерге кешенді ден қою шараларының ажырамас бөлігі болып табылады.