Сусыма құмға тосқауыл

Қазақстандағы жер ресурстарын басқару әдістерін жетілдіру

2022 ж. 22 April
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ
«Бұрын Арал көрші елдердің көпшілігіне балық жеткізетін айлақ пен балық порты болатын. Менің ата-анам осынау суы мол, жұмыс келешегі зор, аудандары өркендеген және топырағы құнарлы жерде өмір сүретіндерін мақтан тұтатын еді. Менің өмірлік арманым — әкемнің лайықты ұлы болу, одан аманат ретінде қалған ферманың өнімділігін сақтап, ағаштарды өлтіріп алмау, содан кейін ұлыма салауатты ферманы қалдыру.»
Жандос Молдағұлов, 52 жас, Қазақстанның оңтүстігі мен Өзбекстанды байланыстыратын Арал теңізінің дәл маңында орналасқан Арал қаласының тұрғыны

Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін еліміздің оңтүстігінде өнеркәсіптік ауқымда қарқынды ауыл шаруашылығы кеңінен таралған болатын. Уақыт өте келе бұл ауыр зардаптарға – кең ауқымды жел мен су эрозиясына, топырақтың улы қалдықтармен ластануы мен «сортаңдардың» (тұзды жерлердің) пайда болуына алып келді.

Жандостың қауымына ұқсас жергілікті қауымдастықтардың жағдайын одан әрі ушықтыратын нәрсе – бір кездері үлкендігі жағынан әлемдегі төртінші көл болған Арал теңізі көп ұзамай қолдан жасалған жаңа шөлге айналу ықтималдығы. 1960 жылдары Арал теңізіне құятын негізгі өзендер жаппай суару үшін бөлініп, теңіз баяу тарыла бастады да, адамдардың денсаулығы мен әл-ауқатына әсер ететін қырғын экономикалық, әлеуметтік және экологиялық салдарларға әкеп соқты. Бір кездері мұнда Аралдың ұшы-қиырсыз айдынында жайылған 1100-ден астам арал болған. Қазіргі уақытта бұл өңір теңізге шыға алмай, жұмыссыздық пен көші-қонның жоғары деңгейіне ұшырап отыр: халықтың 85%-ы жағдайын жақсартуға үміттеніп, шетелге кетіп қалған.

Тозаңдандырғыштар, тозаңдану және тамақ өнімдерін өндіру және жердің тозуы мен қалпына келтіру бойынша БЭҚҮҒСТ тақырыптық бағалауларының тұжырымдары мен ұсынымдарына негізделе отырып, БҰҰДБ-ның «Биоалуантүрлілік пен экожүйелік қызметтер желісі» (BES-Net) жобасы Қазақстанның оңтүстігіндегі шөлейттену салдарларымен күресу, жердің өнімділігін қалпына келтіру және халықтың өмір сүру жағдайын жақсарту үшін жер ресурстарын орнықты басқару іс-тәжірибесін ілгерілетеді. BES-Net жобасын БҰҰДБ БҰҰ-ның басқа әріптестерімен (ЮНЕСКО және ЮНЕП-тің Дүниежүзілік табиғатты қорғау мониторингінің орталығы) бірге және Германия үкіметі мен SwedBio-ның қолдауымен БЭҚҮҒСТ бағалауларының қорытындыларын жер-жердегі биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі нақты шешімдерге айналдыру мақсатында жүзеге асырады. Ғылым, саясат және іс-тәжірибе секторларының өкілдерін біріктіретін бұл жоба жердің тозуын бейтараптандыруды (ЖТБ) көздейтін Орнықты даму мақсаттарының (ОДМ) 15.3-міндетіне қол жеткізу бойынша елдің жасап жатқан күш-жігерін қолдауға бағытталған.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ
«Сол кездері мен үйімнен жүгіріп шығып, көкпеңбек теңізге қойып кетуші едім. Енді мен бұл туралы тек армандай аламын. Мен бұрынғы басшылардың осындай ойластырылмаған саясатының кесірінен келешек ұрпақтар үшін теңізді сақтай алмаймыз деп қорқамын. Өзім өскен үйден Арал теңізінің суын көре алмағанымызға, міне, 25 жыл болды. Біз үйлерімізден, жұмысымыздан, құнарлы жерлеріміз бен көршілерімізден айырылдық»
Жандос Молдағұлов

Жойылып бара жатқан теңіз, жойылып бара жатқан егістер

Балық өнеркәсібінің қысқаруымен ауыл шаруашылығы аймақтың көптеген тұрғындары үшін табыс пен жұмыспен қамтудың жалғыз көзі болып отыр. Жандостың әкесі 142 гектар жерге ие болған, онда ол жемістер мен көкөністер – үлкен, тәтті қауын-қарбыз бен өрік өсіруші еді. Алайда, судың шектеулі болуы, климаттың жоғары өзгергіштігі мен жерді пайдаланудың тұрақсыз әдістері нәзік топырақтың тозуына әкеледі.  Жандос жерді өңдеудің жаңа тәсілі қажет екенін түсінді.

Көптеген жергілікті фермерлер құрғақ жерлер мен қатал климат үшін қолайлы болатын жерді пайдаланудың қазіргі заманғы әдістері туралы жаңа білім алуға ұмтылып, саясат, ғылым және іс-тәжірибе секторлары өкілдерінің қатысуымен өткен BES-Net үш жақты талқылауына, немесе, басқаша айтқанда, тозаңдандырғыштар мен жерді қалпына келтірудің өзара байланысты мәселелеріне арналған 2019 жылы Алматыда өткізілген Триалогқа қатысуға қуанышты болды. Алынған нәтижелерге сүйене отырып, «Қызылорда» фермерлерге арналған бейресми білім беру орталығы BES шешімдер қорының қаржылық қолдауымен жер ресурстарын тұрақты басқару бойынша оқыту курстары мен демонстрациялық іс-шараларды ұсынады. Курстар Сырдария мен Арал теңізінің атыраулық аудандарындағы тозған жерлерде тұратын ұсақ фермерлерге арналған.

Эксперименттік тәжірибе учаскелерінде фермерлер дақылдардың алуан түрлілігін қалай арттыруға болатынын; тозған жерлерде органикалық егіншілікті жүргізуді; тозаңдандырғыштарды сақтауды; беткейлерді тұрақтандыруды, құмдар мен эрозиялық жыраларды жылжытуды; топырақтың жоғарғы қабатын қалпына келтіру мен топырақ құнарлылығын арттыруды; мал мен жайылымдарды ұтымды басқаруды; және табыс әкелетін балама қызмет түрлерінің көмегімен өз кірістерін әртараптандыруды үйренді. Фермерлерге арналған бейресми білім беру орталығының оқыту саласындағы қолдауы фермерлердің жердің тозуы мен шөлейттену мәселелерін шешу, осал ауылдық фермерлер қауымдастықтарын неғұрлым тұрақты әрі экономикалық тұрғыдан қауіпсіз ету мүмкіндіктерін кеңейту үшін өте маңызды болып табылады.

Жандос фермерлік бизнесті жүргізу, тұқым қорын басқару, тозаңдандырғыштар үшін қолайлы топырақ пен суды сақтау тәжірибесі, тозаңдандырғыштардың көмегімен тозған немесе қараусыз қалған жерлерді қалпына келтіру және қолайлы дақылдарды өсіру бойынша тақырыптық және «практикалық» курстардан өтті. «Оқуымның аяғына қарай мен әкемнің ұмыт болған бақшасын қалпына келтіру үшін қандай нақты тәжірибелерді қолдану керектігін біліп алдым». Бұл Жандос үшін маңызды болды.

Қайта өрлеу: өмірдің тозған топыраққа оралуы

Алған білімдерін қолдана отырып, Жандос оған мұраға қалған 101 гектар жерді қалпына келтірді. Ол өз жерін жандандыру процесін топырақ құнарлылығын арттыру шараларын ендіре отырып, ауыспалы егіс пен дақылдарды алмастыру әдістерін қолдана отырып, сонымен қатар аралардың ең бейімделген түрлерін өсіруден бастады. Ол топырақтың бетін пластик жабынмен жауып және тұзды топырақтағы жер асты суларының деңгейін көтеріп топырақтың ылғалдылығын арттырды. Сондай-ақ, ол тұзға төзімді ағаштар отырғызу арқылы топырақтың дренажын жақсартты – мұнда ол топырақ тұздануының одан әрі өсуіне жол бермеу үшін үнемді суаруды қолданады. Топырақтың жоғарғы қабаттарын жел эрозиясы мен сырғыма құмның басып кетуінен қорғау үшін Жандос ақ теректерден қорғаныс белдеуін екті. Ол қаржылық жағдайы қолайлырақ болған кезде әкесінің қалған гектарларын да қалпына келтіруді жоспарлап отыр.

«Біз үйренген әдістер шынымен де осы құрғақ топырақтарда жұмыс істейді. Менің жерімнің өнімділігін екі есе арттырып, әкемнің бақшасынан қалған ағаштардың өнімділігін ішінара арттыру үшін бір жылға жуық уақыт кетті».  Оның әл-ауқаты жақсарды, өйткені бұршақ тұқымдастарының өнімділігі артып, ірі қара малы екі есе дерлік өсті. Ол өндірістік қуаты 21 тоннаға тең жеке қордалы шұңқырын жасап, қымбат синтетикалық тыңайтқыштарды қолдануды азайту үшін органикалық қорданы өз жерінде тыңайтқыш ретінде қолдана бастады. Жобаға тартылған агрономдардың көмегімен ол өрік, алма, шие, бадам және қараөрік ағаштарын егіп, ерте өнім жинау үшін ерте пісетін сұрыптарды таңдады. Түсімділікті екі есе көбейту мақсатымен өзінің омарталарын айқас тозаңдандыру үшін қолданды. Ұлдарымен бірге ол БҰҰДБ-ның «Суармалау суына және инфрақұрылымға қол жеткізу арқылы әйелдердің экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту» атты тағы бір жобасының арқасында қалпына келтірілген басты арнадан қосымша арна қазып, су тартты.

«Менің ұлдарым енді облыс орталығына такси жүргізушісі немесе қара жұмысшы болып жұмыс істеу үшін бармайды. Қазір бәріміз бірге өз жерімізде жұмыс істеп, ұлымның екеуі де жаңа кәсіпорындар ашып алды – біреуі мал өсірсе, екіншісі ара шаруашылығымен айналысады. Өзіміз жеп отырған барлық жаңа піскен жемістер мен көкөністер қазір өз бақшамызда өседі, бұл бізге жылына шамамен 1 800 АҚШ долларын үнемдеуге мүмкіндік береді. Жақында менің қызым тұрмысқа шығады, бұл орайда үйлену тойын дүркіретіп өткізіп, оған тәуірірек сыйлық жасау үшін менде жаңа піскен жемістер, көкөністер, ет пен ақша жеткілікті болады.»
Жандос Молдағұлов

Жандостың бизнесі де өсіп, қазір оның 8 тұрақты және 27 маусымдық жұмысшысы бар. Бұл бизнес жұмыс орындарын қамтамасыз етіп қана қоймай, адамдарға жарқын болашаққа деген үміт береді. «Мен тозаңдандырғыштарға тәуелді дақылдарды өсіру әдістері туралы білімімді тереңдетіп, тұрақты егіншілікпен айналыса бастағаным үшін ғана бүкіл отбасымның өмірі өзгергеніне әлі сене алмай жүрмін. Ата-бабаларының жеріне оралған көптеген жаңа көршілеріміз пайда болды, және мен болашақта Арал өңірі гүлдене беретініне сенімдімін», – дейді Жандос мақтанышпен.

Жандос сияқты 700-ден астам фермерге тұрақты ауылшаруашылық әдістер мен технологияларға қол жеткізу түрінде қолдау көрсетілді. Қазіргі уақытта климаттың өзгеруі, жердің тозуы мен судың бір-бірімен байланысып, Арал өңіріндегі экономикалық әл-ауқат пен жұмыс орындарына қалай әсер ететінін зерттеу үшін Арал өңіріндегі осы үш фактордың арасындағы өзара байланыс зерттелуде. Зерттеу барысында бұл өзара байланыстардың қандай дәрежеде кеңірек әлеуметтік, экономикалық және сумен байланысты салдарларға әкеле алатыны зерттеледі.

Алдағы БҰҰШҚКК Тараптары Конференциясының 15-сессиясына байланысты, қазақстандық тәжірибеге ұқсас жақсы мысалдар мүше мемлекеттердің бейілділігін нығайтуға және барлық деңгейдегі іс-әрекеттерге шабыттандыруға көмектеседі. Табыс пен әл-ауқатты арттыруға және биологиялық алуантүрлілікті сақтауға бағытталған Арал теңізі мен Арал өңірін қалпына келтіру жөніндегі осынау күш-жігер тарихта өшпес із қалдырады.