Қазақстандағы ормандарды адамдардың игілігі үшін сақтау

2023 ж. 20 March
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Мухамеджан Саматұлы

Ормандар тіршілік үшін өте маңызды. Олар таза ауамен, баспанамен, азық-түлікпен, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіп, адамзатқа қажетті қызметтерді ұсынады, табиғи апаттардан қорғайды. Орман экожүйелері көптеген өсімдіктер мен жануарлардың мекені – мұнда қосмекенділердің 80%-і, құстардың 75%-і мен сүтқоректілердің 68%‑і мекендейді. Сонымен қатар, ормандар көміртекті сіңіру мен жер шарындағы температураны реттеу арқылы климаттың өзгеруіне қарсы күресте шешуші рөл атқарады. Олардың құрамында 660 миллион тонна көміртегі бар – бұл топырақ пен өсімдіктердегі жаһандық көміртегі қорының жартысынан астам.

ХХ ғасырда экономика мен адамдардың әл-ауқаты белсенді түрде өсті – жаңа қалалар салынып, бұрыннан бері тұрған қалалар кеңейтілді, тау-кен өндірісі, өндіріс көлемі ұлғайды, ауыл шаруашылығы мен туризм белсенді дамыды. Бұл секіріс тек экономикалық өрлеумен ғана емес, сонымен бірге табиғат үшін жағымсыз салдармен де қатар жүрді.

1990 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңнің өзінде планетамыз 420 миллион га ормандардан айырылды. Ормандарды кесу қарқыны төмендегенімен, біз әлі де жылына 10 миллион гектарға дейінгі ормандардан айырылып отырмыз. Ормандардың жойылуына адамның антропогендік әрекеті, орман өрттері, заңсыз кесу мен ағаш дайындау, тұрақсыз ауыл шаруашылығы мен зиянкестер себеп болады.

Ормандар жоғалған сайын биоалуантүрлілік те азаяды, экожүйелер жойылады, шөлейттену процестері дамып, жануарлар мен өсімдіктердің тіршілік ету ортасы ғайып болады. Осы факторлардың барлығы жергілікті халықтың экономикалық және әлеуметтік осалдығына тікелей әсер етеді, себебі орман алқаптарының азаюы ең алдымен азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіреді.

Қазақстанда ормандар салыстырмалы түрде аз аумақты алып жатыр – елдің ормандылығы небәрі 5%. Мұнда ормандардың негізгі төрт түрі бар: орманды-далалық және далалық аймақ ормандары, таулы ормандар, тоғай ормандары мен сексеуіл ормандары.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Елдегі ормандарды сақтап, қалпына келтіру жұмыстары басым міндеттердің қатарында. Ормандарды қалпына келтіруге бағытталған бастамалардың арқасында мемлекеттік орман қоры аумағының ұлғаю үрдісі байқалады. Соңғы 10 жылда орман қоры 8%-ке өсіп, бүгінде ел аумағының 11%-інен астамын құрайды.

Қазақстандағы ормандарды қорғауды 122 орман шаруашылығы мекемесі, сондай-ақ 31 ерекше қорғалатын табиғи аумақ (ЕҚТА) қамтамасыз етеді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) Қазақстанның ормандарды сақтау мен қалпына келтіруге бағытталған күш-жігерін қолдап, елдің ормандылығын арттыруға атсалысады. Негізінде ерекше құнды ормандарды сақтаудың халықаралық тәжірибесін қолдану мен ормандарды тұрақты басқару элементтерін енгізу жатқан заманауи тәсілдерге ерекше назар аударылады.

Дәл осы мақсатта 2019 жылдан бастап Қазақстанда БҰҰДБ мен Жаһандық экологиялық қордың (ЖЭҚ) жобасы іске қосылды, оның бағыттарының бірі табиғи құндылығы жоғары ормандар (ТҚЖО) тұжырымдамасын енгізу болып табылады. Бұл жұмыс Қазақстанда алғаш рет іске асырылып, мемлекеттік орман қоры аумағында орман орналастыруды жүргізумен және Қазақстанның бүкіл аумағында орман қорын есепке алумен айналысатын Қазақ орман орналастыру кәсіпорнымен бірлесіп жүргізіліп отыр.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Жоба іске асырылып жатқан үш жыл ішінде Қазақстанға арналған Табиғатты қорғау құндылығы жоғары ормандар (ТҚЖО) тұжырымдамасы әзірленді. Оның негізіне елдің орман қорының жағдайын талдау және бағалау жатты. Тұжырымдаманы енгізу Қазақстанға ерекше құнды ормандарды бөліп көрсетуге ғана емес, оларды орман шаруашылығы қызметінің барысында сақтау бойынша да қосымша шараларды айқындауға көмектеседі.

Тұжырымдамадан бөлек, Табиғатты қорғау құндылығы жоғары ормандарды бөліп көрсету, бағалау және басқару бойынша нұсқаулық әзірленді. Оған сәйкес, анықтау барысында халықаралық тәжірибе мен Қазақстан заңнамасы, сондай-ақ ғылыми және әлеуметтік-экономикалық зерттеулердің нәтижелері ескерілген ТҚЖО-ң 6 санаты бөліп шығарылды.

Қазақ орман орналастыру кәсіпорны директорының орынбасары Нұрлан Сүлейменовтің айтуынша, ТҚЖО-ны анықтау жұмысы биоалуантүрлілікті, ормандардың экожүйелік функцияларын сақтау үшін өте маңызды және Қазақстанға әлеуетті экономикалық пайда әкелуге қабілетті болып табылады.

«Бүгінгі таңда жоба Қазақстандағы 8 пилоттық орман шаруашылығын қамтиды, олардың аумағында табиғи құндылығы жоғары ормандарды бөліп көрсету және бағалау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл деректер ерікті орман сертификациясын жүргізу үшін, мысалы, Қазақстанда дамыған жағдайда Орман қамқоршылық кеңесінің (FSC) сұлбасы бойынша сертификаттау үшін негіз бола алады», – дейді Нұрлан Сүлейменов.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Айнұр Сәлімбаева

Айта кететін болсақ, орман өнімдерін FSC сертификатымен таңбалау олардың орман басқарудың әлеуметтік, экономикалық және экологиялық қағидаттарының теңгерімі сақталатын ормандардан алынғанын білдіреді.

Ормандарды FSC сұлбасы бойынша сертификаттау ерікті болып табылатынына қарамастан, ТҚЖО санаттарын айқындап, оларды Қазақстанның ұлттық стандартына енгізу одан өту үшін қажетті шарт болған.

Жетісу облысындағы Жаркент орман шаруашылығында ТҚЖО бөліп көрсету мен бағалау жұмыстары аяқталды. Бүгінгі таңда орман шаруашылығы аумағының 35%-ін таулы, жайылмалы және сексеуіл ормандары алып жатыр. Орман шаруашылығының орман қорының жартысынан астамын сексеуіл ормандары құрайды – олар 32,000 га аумақты, ал таулы ормандар 8,000 га аумақты алып жатыр. Сексеуілден басқа орман қорына ақ тораңғы, шөл шегіршін, Тянь-Шань шыршасы сияқты құнды ағаш тұқымдары кіреді.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Жаркент орман шаруашылығы директорының орынбасары Бауыржан Түйебаев ормандарды бөліп көрсету ормандарды мақсатты пайдалану мен басқаруға оң әсер етеді деп санайды.

«БҰҰДБ сарапшылары барынша назар аударып тиісті қорғауды қамтамасыз етуді қажет ететін табиғи құндылығы жоғары ормандарды бөліп көрсетті. Бұл ормандарда тораңғы мен шөл шегіршін сияқты аса құнды ағаш түрлері өсіп қана қоймай, әлемдік биоалуантүрлілік үшін ерекше құндылығы бар жануарлардың Қызыл кітапқа енгізілген түрлері де мекендейді», – дейді Бауыржан Түйебаев.

Ол бүгінгі таңда Қазақстанда орман экожүйелеріне тек ормандар ғана емес, сонымен қатар көбінде мал жаюға пайдаланылатын жайылымдық жерлер де кіретінін атап өтті. Қазақстанда ауыл тұрғындарының мемлекеттік орман қоры жерлерін жайылымға пайдалануы кең таралған. Алайда, мал жаю нормалары сақталмағандықтан, ауылшаруашылық қызметтің бұл дәстүрлі түрі жайылымдардың азып-тозуы сияқты жағымсыз салдарға алып келеді.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Азамат Жантөрин

Қазақстанның орман секторында ТҚЖО тұжырымдамасы мен FSC сұлбасы бойынша ерікті орман сертификациясын енгізу орман ресурстарын тұрақты басқаруға кезекті қадам жасауға және жергілікті қауымдастықтардың мүдделері, биоалуантүрлілік пен ормандардың экожүйелік функцияларын сақтау арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Осындай мүмкіндіктердің бірі – экотуризмді дамыту. Соңғы жылдары ормандардың рекреация, туризм нысандары ретіндегі рөлі жылдам өсіп келеді. Қазақстанның экотуризмді дамыту әлеуеті өте жоғары. Елде кең табиғи аумақтардың, флора мен фаунаның алуан түрлілігінің, ЮНЕСКО Әлемдік мұра мәртебесіне ие табиғат ескерткіштері мен нысандардың арқасында бұл үшін барлық алғышарттар бар. Сондықтан Тұжырымдамада, сонымен қатар, қасында ауыл халқы тұратын табиғи аумақтарда ТҚЖО-ны монетизациялау бойынша ұсыныстар да қамтылған.

Бүгінгі таңда экономикалық тұрақтылық жағынан ең шектеулі әрі тұрақты табыс көзі жоқ халық тобы – ауыл тұрғындары, ал орман мекемелерінің орман ресурстарын пайдаланудан кіріс алуға мүмкіндігі жоқ болып отыр. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, соңғы жылдары Қазақстанда туризмді, оның ішінде экологиялық туризмді дамыту үрдісі байқалады – ел табиғи ландшафттардың алуан түрлілігі есебінен шетелдік туристерді қызықтырады. ТҚЖО тұжырымдамасын енгізу және пайдалану ЕҚТА мен орман шаруашылықтарындағы құнды ормандар елдің табиғи және тарихи-мәдени мұраларының құнды нысандарын сақтауды ескере отырып, жергілікті қауымдастықтардың мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ететін жаңа тәсілді енгізуге көмектесе алады.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Айнұр Сәлімбаева
«Табиғи құндылығы жоғары ормандарды сертификаттау Қазақстанда экотуризмді дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, сол арқылы жергілікті тұрғындарға экономикалық пайда әкеледі», – деп толықтырады Нұрлан Сүлейменов.

Адамдар мен табиғат арасындағы тепе-теңдікті сақтау арқылы адамзат лайықты тұрақты болашаққа жету жолында пайда ала отырып, орман ресурстарының алуан түрлі құндылықтарын жан-жақты пайдалана алатын уақыт келді.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

ТҚЖО тұжырымдамасы «Құрлық экожүйелерін қорғау мен қалпына келтіру және оларды ұтымды пайдалануға жәрдемдесу, орманды ұтымды пайдалану, шөлейттенуге қарсы күрес, жердің азып-тозу процесін тоқтатып кері қайтару және биоалуантүрліліктен айырылу процесін тоқтату» атты 15-ші Тұрақты даму мақсатына жетуге арналған бизнес құралдардың тізіміне енгізілген.