Пластикпен күрес

Қазақстандық белсенді бүгінде «эко-френдли» болудың неліктен пайдалы ғана емес, тиімді болып табылатынын түсіндіреді

2023 ж. 31 May

Пакизат Сайлаубекова

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Алексей Мальченко

5 маусымда адамзат БҰҰ Бас Ассамблеясы жариялаған Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнінің 50 жылдығын атап өтеді. Бұл күні миллиондаған адамдар «жасыл» болашақты қолдауға арналған акциялар мен марафондарға қатысады. Биылғы науқанның слоганы: #Пластикпенластануменкүрес.

Жыл сайын ғаламшар тұрғындары 400 миллион тоннадан астам пластик өндіреді. Бұл дегеніміз қанша? Әйгілі Мысыр пирамидаларын елестетіп көріңіз. Жаңағы қоқыстың барлығын осындай пирамида пішінінде үйіп қоятын болсақ, сондай 67 пирамида шығар еді. Оған қоса, бұл қоқыстың жартысы – пайдалануда өте қысқа уақыт болған бір реттік пластик. Осы бір тау пластиктің тек оннан бір бөлігі ғана қайта өңделеді. Сонда қалғаны қайда? Ол ауада ұшып, қоқыс тастайтын орындарда, ормандар мен далаларда жатыр, сондай-ақ су қоймаларында қалқып жүр. Көлдерге, теңіздер мен өзендерге жыл сайын 23 миллион тоннаға дейін пластик ағызылып отыр.

Қазақстан пластикпен қаншалықты ластанған, оны қайта өңдеу саласындағы ахуал қандай және біздің әрқайсымыз қазірдің өзінде жерімізді таза ұстау үшін не істей аламыз деген мәселелер төңірегінде біз алматылық экобелсенді Сайлаубекова Пакизатпен әңгімелестік.

Пакизаттың өзі экологиялық салауатты өмір салтын ұстанып, оны басқаларға үйретеді. Ол «Recycle BIRGE» экологиялық қоғамдық қозғалысының негізін қалаушылардың бірі және «Экология без паники» подкастының авторы болып табылады. Пакизат Қазақстандағы БҰҰДБ бастамаларын белсенді түрде қолдап, климаттың өзгеруіне қарсы күреске өз үлесін қосып келеді.

Пакизат Сайлаубекова Алматыдағы «МЕГА» сауда орталығының қайта өңдеу бекетінде

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Алексей Мальченко

- Пакизат, табиғаттың пластикпен ластануы – бүкіл әлем үшін көкейтесті мәселе. Бұл мәселемен көптен бері айналысып келе жатқан сарапшы ретінде оның Қазақстанда қаншалықты өзекті екендігіне өз бағаңызды беріп өтсеңіз.

- Бірге санап көрейік, себебі цифрлар ешқашан алдамайды. Қазақстанда жыл сайын орта есеппен 5 миллион тонна тұрмыстық қалдықтар пайда болатынын білеміз. Мемлекеттік статистиканың соңғы деректері бойынша, 2021 жылы Қазақстанда қайта өңдеуге жіберілген пластик қалдықтары 132 000 тоннаға жетпейді, бұл елімізде жыл сайын өндірілетін пластик қалдықтарының жалпы көлемінің 21,9%-інен аспайды. Демек, жыл сайын біз бүкіл ел болып 602 740 тонна пластик қалдықтарын шығарамыз.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Алексей Мальченко

Күн сайын тек Алматыдан 1000-1200 тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылады. Орташа есеппен қаладағы ҚТҚ-ның морфологиялық құрамы: тамақ қалдықтары – 34%; қағаз бен картон – 23%; полимерлер (пластик, пластмасса) – 26%; шыны – 8%; металл сынықтары – 3%; тоқыма – 3%; қауіпті қалдықтар – 1%; өзге қалған қалдықтар – 2%. Сонда қала тұрғындары күніне 260 тонна пластик қалдықтарын шығаратын болып тұр. (Бұл деректерді мен Алматы қаласының Экология департаментінен Е-otinish порталы арқылы алдым).

Тұтыну деңгейі жылдан жылға өсіп келе жатқанын ескерсек, 2023 жылдың көрсеткіштері одан да жоғары болатыны анық. Менің ойымша, бұл – Қазақстан үшін өзектілігі бойынша қоқыспен ластанудың экологиялық проблемасын ауа мен судың ластануы проблемасынан (ауыз судың жетіспеушілігі мен су экожүйелерінің ластануы) кейінгі үшінші орынға қоятын ауқымды құбылыс. Иә, еліміздің ұлан-байтақ екенін бәріміз де түсінеміз, бірақ бұл қоқысты жерге шексіз көме аламыз дегенді білдірмейді. Әр нәрсенің шегі бар.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Алексей Мальченко

- Сіздің ойыңызша, бұл мәселені шешудің қандай жолдары бар? Қазірдің өзінде тиімділігін көрсеткен мысалдар бар шығар?

- Менің ойымша, кешенді шаралар қажет. Дамыған және озық елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау мен қайта өңдеу саласын одан әрі кеңірек дамыту қажет деп нақты айта аламын. Қалдықтарды сұрыптауға ынталандыру үшін көтермелеу жүйелерін енгізу керек, мысалы, сұрыпталған қалдықтарды шығару үшін төменірек ақы төлеуге, сондай-ақ жұмыс істейтін айыппұлдар жүйесін енгізуге болады. Біздің халық өз қалталарынан ақша төлегенде осындай нәрселерді тез меңгеретіні өкінішті болса да, ақиқат.

Сондай-ақ, қайталама шикізат жинайтын компанияларға қолдау көрсету қажет. Статистика мен практикалық тәжірибе көрсеткендей, ондай компанияларға, әсіресе нарыққа енді келгендеріне бірден пайда табу қиын, сондықтан оларға қолданыстағы EcoQoldau жүйесі бойынша қолдау көрсетуді жалғастырған дұрыс болар еді.

Жергілікті әкімдіктер деңгейінде қала тұрғындары арасында экологиялық ағарту ерекше орын алады. Ақпараттық ресурстар (БАҚ, әлеуметтік желілер, әкімдік сайттары және т.б.) арқылы қоқысты сұрыптау ережелері, қоқыс қауіптілігі, оны шығару құны мен айыппұлдар туралы үнемі айтып отыру қажет. Мұны қолданыстағы ПИК жүйесі мен жаңа МИБ жүйесі деңгейінде түсіндіру де маңызды.

Осы шаралардың барлығы орындалғанда ғана қайта өңдеуге келмейтін ҚТҚ түрлері үшін арнайы қоқыс өртеу зауыттарын салуға болады.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Алексей Мальченко

- Ал бүгінгі таңда әрқайсымыз қоқысты азайту үшін не істей аламыз?

- Бұрын мен өзім де экологиялық таза құралдар қымбатырақ болады және экологист болу өте қымбат ғанибет деп долбарлайтын едім. Бірақ, іс жүзінде экологиялық таза өмір сүру тіпті үнемдірек те екенін кейіннен түсіндім.

Мысалы, пластик бөтелкедегі суды алайық. Көбісі мұндай бөтелкедегі суды сатып алғанда, осы құнның шамамен 60%-ін барлық ҚҚС-тан бөлек пластик қаптама мен оны одан әрі кәдеге жаратуға төлейтінімізді ойламайды. Ал жаздыкүні ондай ыдыстың қаншасын тұтынамыз? Оған қоса, болат бөтелкені бір рет сатып алған тұтынушы өз ақшасын ғана емес, сонымен қатар бір пластик бөтелкені өндіруге жұмсалатын мұнай, электр энергиясы, қаптама, тасымал және басқа да соған байланысты шығындар түріндегі ресурстарды да үнемдейді.

Пластик жайында сөз қозғасақ, ол расында да түрлері, пішіндері мен қасиеттері сансыз қаптаманың ең жеңіл түрі. Және де өндірушілердің өз қызметі үшін оның ең арзан түрін пайдалануы қисынды, ал ол болса, өз кезегінде адам денсаулығына әсер етеді.

Осы тәжірибеден бөлек, мен ең алдымен пластик пакеттерден бас тарту керек деп санаймын. Орташа алғанда, біз күніне төрт пакетті қолданамыз, олардың әрқайсысы бізге шамамен 20 минут қызмет етіп, содан кейін ол, өкінішке орай, қажет болмайды. Менің әріптесім мынадай эксперимент жүргізген: санап отырып, ол бір жыл ішінде оның отбасы (бес адам) шамамен 1500 дана пакетті қолданбағанын анықтаған. Олардың орнына олар экодорбаларды қолданды. Қазір олардың түрлері мен үлкендіктері сан алуан. Иә, оларды өзіңізбен бірге тасып жүру барлық кезде ыңғайлы бола бермейді. Алайда, өзіңізді үйретсеңіз, бұл әдетке айналады. Тіпті оларды үйде ұмытып кетсеңіз де, сізге қарапайым пластик пакеттерді уақытша қолдануға ешкім тыйым салмайды, сіз оларды кез келген кезде қайта өңдеуге жібере аласыз.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Алексей Мальченко

- Сіз оқыту және әлеуметтік жобаларды енгізу арқылы қоғамдық ой-санаға оң әсер етудің жарқын мысалы болып табыласыз. Сіз Қазақстанның экологиялық белсенділігіндегі әйелдердің рөлін қалай бағалайсыз?

- Жастар мен еріктілермен жұмыс істей жүріп, мен экологиялық белсенділіктегілердің 90%-і әйелдер, бойжеткендер мен қыздар екендігін нақты айта аламын. Мысалы, біздің қоғамдық қорды да төрт қыз құрған. Тіпті, әлеуметтік желілеріміздің статистикасы да бізге жазылғандардың 92%-і әйелдер екенін көрсетеді.

Мен әйелдердің экологиялық белсенділіктегі еңбегін өте жоғары бағалаймын. Және менің тәжірибемде экобелсенділікке болашақ ұрпақтың қамын ойлап келгендердің мысалдары көп. Менің ойымша, бұл қасиет бізге табиғаттың өзінен дарыған. Экологиялық проблемалармен күресетін қоғамдық бірлестіктер, қорлар мен қауымдастықтарды құратындардың басым көпшілігі – әйелдер.

Сонымен бірге, мен экобелсенділердің проблемалар туралы айтып қана қоймай, оларды шешу жолдарын да ұсынатынын қадір тұтамын. Олар білім жинайды, түрлі экологиялық жобаларды жүзеге асырады, қоғам қайраткерлеріне айналады.

- Соңғы жылдары Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнін Қазақстанда да белсенді түрде атап өтеді. Бұл күнге қатысты жоспарларыңыз қандай?

- Қоршаған ортаны қорғау күні мен Эколог күні қарсаңында, 4 маусым күні біз үлкен топпен Almaty Pop Up Store жәрмеңкесінде «ЭкоХикаялар» экологиялық науқанын өткізгіміз келеді. Онда біз қайталама шикізатты қайта өңдеуге және заттарды қайта пайдалануға қабылдаймыз. Сонымен қатар, супермаркеттер желісі өздерінің сатып алушылары үшін ұйымдастырған іс-шараға қатысуды жоспарлап отырмын: біз қалдықтарды сұрыптау ережелері туралы айтып, үйрету мастер-класын өткіземіз.