Қазақстанда ормандарды қалпына келтіру – табиғатты қорғаудың жетекші шешімі

2022 ж. 14 June
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Қазақстан – орманы аз ел – оның аумағының тек 11,2%-ы ғана орманмен қамтылған.  Орманды дала, жартылай шөлдер және шөлдер сияқты бірнеше табиғи аймақтардың болуына байланысты елдегі ормандар біркелкі орналаспаған, сондықтан орманды қалпына келтіру климаттың өзгеруіне қарсы күресте жетекші шешім болып табылады, биоалуантүрлілікті қалпына келтіруге және жергілікті қоғамдастықтардың дамуына ықпал етеді.

Бүгінгі таңда Қазақстан орман алқаптарын ұлғайтуда айтарлықтай табысқа қол жеткізді – соңғы 10 жылда олардың көлемі 8%-ға артып, 13,6 млн гектарды құрайды. Елімізде бағалы ағаш түрлерінің жүздеген мың көшеттері отырғызылады, миллиондаған тұқымдар жиналады.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Елдің ормандылығын ұлғайтуға ерекше орман шаруашылықтарын генетикалық құндылығы мен өнімділігі жоғары көшет материалымен қамтамасыз ететін Республикалық орман селекциялық-тұқым өсіру орталығы үлес қосады. Бүгінгі күні орталықтың Қазақстан бойынша бес филиалы бар, оларда сирек кездесетін түрлерді, соның ішінде Сиверс алма ағашы, тораңғы, жабайы өрік және басқаларды өсіру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Селекциялық-тұқым өсіру орталығы ағаш және бұта тұқымдарының 19 түрін отырғызумен айналысады, оның жыл сайынғы көлемі 3 миллион дана екпе көшеттер мен тікпе көшеттерге жетеді. Сарапшылар сирек кездесетін және құнды ағаш түрлерін өсіру білімді, жабдықты және қажетті жағдайларды қажет ететін өте ауыр процесс екенін айтады.

Дәл осындай тұқымдарды өсірумен бірнеше жылдан бері Республикалық орман селекциялық-тұқым өсіру орталығының Оңтүстік-шығыс филиалының биотехнологиялық зертханасында айналысады, онда БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) мен Ғаламдық экологиялық қор (ҒЭҚ) жобасының қолдауымен 2015 жылы алғаш рет шөл және шөлейт өңірлердің экожүйелерін қалпына келтіру үшін маңызы бар тораңғы реликті ағашының 500 көшеттері өсірілді.

Тораңғыны зертханалық жағдайда өсіру бірегей жағдай болып табылады, өйткені бұрын оны жасанды әдіспен қайта жандандыру әрекеттері сәтсіз болған. Бүгінгі таңда зертханада 2000-ға жуық реликті ағаш көшеттері сәтті өсірілуде, олар одан әрі орман шаруашылығына беру үшін селекциялық-тұқым өсіру орталығының тәлімбақтарына отырғызылды

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Айта кету керек, Оңтүстік-Шығыс филиалдың Өзенаралық орман тәлімбағы аумағында 600 000 дана құнды ағаштар мен бұталар өсіріледі, олардың 300 000-ы шөлейттену процестеріне қарсы тұру үшін Қазақстанның құрғақ аймақтарында кеңінен пайдаланылатын қара сексеуіл көшеттері.

Атап айтқанда, шөлейттену және жердің тозуы, бүгінде Қазақстан үшін неғұрлым өзекті экологиялық проблема болып табылады – елде жердің 60%-ға жуығы шөлейттенуге ұшыраған. 

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Бүгінгі таңда 2020 жылы БҰҰДБ-ҒЭҚ қолдауымен құрылған «Междуреченск» тәлімбағы орманды қалпына келтіру үшін тұрақты базаның сәтті үлгісі болып табылады. Орман тәлімбағы жұмыс істеген небәрі екі жылдың ішінде мемлекеттік орман қорының 200 га алаңына отырғызылған 340 000 дана қара сексеуіл көшеттері өсіріліп, орман қорғау мекемелеріне берілді. 

Қазіргі уақытта сексеуіл тұқымын себуге арналған сепкіштердің далалық сынақтары жүргізілуде, олардың конструкциясы БҰҰДБ Орман жобасы шеңберінде әзірленген және орман саласы оған аса мұқтаж, өйткені бүгінгі күні сексеуіл себуді орман мекемелері не қолмен, не қолдан жасалған жабдықты пайдалана отырып жүзеге асырады.

Апробациядан және қажетті құжаттарды алғаннан кейін оны өндіріске сериялық шығаруды жүзеге асыру жоспарлануда. Сепкішті пайдалану адам ресурстарының шығынын азайтуға мүмкіндік береді, уақтылы егуді жүзеге асыруға көмектеседі, сондай-ақ егіс жұмыстарының өнімділігін арттырады.

Соңғы жылдары БҰҰДБ мен Республикалық орман селекциялық-тұқым өсіру орталығының бірлескен бастамасының арқасында Қазақстанда табиғи экожүйелердің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін орманды қалпына келтірудің оң үрдісі байқалуда. Бұл бастама Біріккен Ұлттар Ұйымының экожүйелерді қалпына келтіру жөніндегі онжылдығының шеңберіне сәйкес келеді (2021-2030), оның мақсаты бүкіл әлемдегі адамдар мен жабайы табиғат үшін миллиондаған гектар ормандарды қорғау және жандандыру болып табылады.